А. МАМИН ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНДА ЖАҢА ЖОБАЛАРДЫ ІСКЕ ҚОСТЫ
Түркістан қаласына жұмыс сапары аясында ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин қаланы дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізді.
Атқарылып жатқан жұмыстар барысы туралы Түркістан облысының әкімі Ө. Шөкеев, мәдениет және спорт министрі А. Райымқұлова, Атырау облысының әкімі Н. Ноғаев, Ақтөбе облысының әкімі О. Оразалин, Шымкент қаласының әкімі Е. Айтаханов, сондай-ақ басқа өңірлер мен қала құрылысына жауапты мердігерлер өкілдері баяндады.
«Тұңғыш Президент – Елбасы Н. Назарбаев және Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев Түркістан қаласының дамуына ерекше көңіл бөліп отыр. Биыл 4-5 қараша күндері Елбасының қатысуымен Түркістанда бірқатар салынған нысандар ашылды. Келесі жылдың күзінде мұнда Орталық Азия мемлекеттері басшыларының саммиті өтеді. Осыған байланысты біз қажетті нысандардың құрылысының толық аяқталуын қамтамасыз етуіміз керек», — деді А. Мамин.
Премьер-Министр 630 төсек-орынға шақталған көпсалалы облыстық аурухана құрылысы жүргізілетін жерге капсула салды. Жобаны 2022 жылы мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында «YDA Holding» түрік инвесторы жүзеге асыратын болады. Нысанның құны — 100 млрд теңгеге жуық, 350 дәрігерді қоса алғанда, медицина персоналы үшін 1700-ге жуық жаңа жұмыс орны құрылады.
Үкімет басшысы сонымен қатар «Sembol construction» түрік компаниясы салатын, құны 39 млрд теңгеге жуық болатын «Керуен-сарай» көпфункционалды туристік кешен құрылысын іске қосты.
А. Мамин Түркістан қаласындағы Халықаралық әуежайдың және оған апаратын автомобиль жолының құрылысын, сондай-ақ амфитеатрдың, драма театрының, облыстық ғылыми-әмбебап кітапхананың, «Ұлы дала Елі» орталығының, Қ.А. Яссауи музейінің, Ұлы Жібек жолы қолөнершілер Ұлттық орталығы мен келу орталығы ғимараттарының реконстркуциясын тексерді.