Абай ауданында демалыс күндері 27 ата-ана балаларының түнгі серуені үшін жауапқа тартылды
Абай АПБ ювеналды полиция бөлімінің қызметкерлері өткен демалыс күндері әкімшілік аумақта түнгі рейдтік іс-шаралар өткізді. Рейд барысында жастар көп жиналатын орындар, ойын-сауық орталықтары, аулалар, саябақтар тексерілді.
Іс-шараның мақсаты жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, қоғамдық орындарда тәртіп бұзушылықтарға «нөлдік төзімділік» қағидатын қалыптастыру, кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілдерінсіз тұрғылықты жерінен тыс және ойын-сауық мекемелерінде болуын, олардың алкогольдік ішімдіктерді, темекі бұйымдарын пайдалануына жол бермеу және алдын алу болып табылады.
Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде сәуір айының 15-17 аралығында күндері тәртіп сақшылары ата-анасының еріп жүруінсіз түнгі сағат 23:00-ден кейін көшеде жүрген 27 жасөспірімді анықтады. Олардың ата-аналары ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 442-бабына сәйкес жауапкершілікке тартылды.
Сонымен қатар, полицейлер кафе, дүкен иелерімен жасөспірімдерге спирттік ішімдіктер мен темекі бұйымдарын сатуға жол бермеу туралы профилактикалық сұхбаттар өткізді.
Шымкент қаласы Полиция департаментінің Баспасөз қызметі