АБАЙДЫҢ «ІШІ ЖАУ БОП, СЫРТЫ КҮЛМЕК» ДЕЙТІНІ – СОЛ
Бексұлтан НҰРЖЕКЕҰЛЫ
Тарихты білу дегеніміз – сөзжұмбақ шешу емес, архивтің дерегін жүректен өткізу. Тарихтың ар жағында ел мен жердің үлкен тарихы жатыр. Ата-бабаның рухын ояту қажет. Үш жүз жыл бодандықта болып егемендікке қол жеткіздік. Тәуелсіздік деген ет пен құрт жеп жату дегенді білдірмейді. Бұл – білім мен ғылымның бәсекесі.
* * *
Бұрын қалай болса, әлі солай. Зиялы қауым да, жалпы көпшілік те бізде ежелден үш түрлі.
Біріншісі, әлі де дес бермей келе жатқаны – орысша оқып, орыс әдет-ғұрпын бойына сіңіргендер. Обалы не керек, оларда білім бар, бірақ бойында ұлттық болмыс кемшін. Қазақтың әдетін, ғұрып-салтын терең біле бермейді немесе менсінбейді.
Екіншісі, әрі бір-бірін нашар қолдайтындар – қазақша оқып, әдет-ғұрыпты әжептәуір білетіндер. Бұларда орысша оқығандардай дәл сөйлеу, бұлтақтамай және білгенін ғана айту, білгеніне ғана араласу жағы жетіспейді. Әлденеге жалтақтайды, әлденеден жасқанады. Оның түпкі себебі аз оқып, аз білгендіктен. Бұлар баяғы Абай айтқан:
«Туысқаның, достарың – бәрі екіұшты,
Сол себепті досыңнан дұшпан күшті»,
-дегенге саятындар. Сондықтан «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деуге бірі барады, бірі бармайды. Үшіншісі, анаған да, мынаған да қосылмайтын өзіне-өзі тоқ жандар. Ең көбі – осы үшінші топ.
Қазір зиялы қауымның арасында осы үшінші топты ояту күресі жүріп жатыр. Мен де сол күреске қатысып жүргендердің бірімін. Үшінші топ қолдамаса, қазақтың ұлттық тірегі үнемі қауіп үстінде қалтылдайды да тұрады.
Барлық адамның екі беті бар: бірі – елге жақсы боп көрінуге тырысатын қоғамдық беті, екіншісі – елден жасыруға тырысатын пенделік беті. Абайдың «іші жау боп, сырты күлмек» дейтіні – сол.
* * *
Қазір маған Батыс біздің, Шығыстың бар асыл қасиеттерін ұрлап алып, бізге өзінің керек емес дүние-сін әкеліп тықпалап жатқандай көрінеді. Көрінеді емес, солай. Біз өзіміздің жақсы әдет-ғұрпымызға емес, өзгенің қалдығын қабылдап, соның тыржалаңаш әлеміне еліктеп жүрміз. Бұл ретке келгенде, бүгінде еркектерден гөрі әйелдер Батысқа көп еліктеп кеткен секілді. Әйелінде адалдық болмаған отбасында, әйелі жауапсыз болған қоғамда береке болмайды. Осыны ескермей барамыз.
* * *
Интернет келді, барлық дүниенің орнын басады дейді. Мен болсам, олай болмайтынына кәміл сенемін. Өйткені, қараңыз, мына Таяу Шығыста, Африкада – қырғын. Бұны ел-жұрт бәрі көріп, біліп отыр. Басты себеп – халықтың оқымағанында, надандығында. Кітап бетін көрмеген адамдар қырылып, быт-шыт боп жатыр. Өзінің жағдайын, мәдениетін, халқының жағдайын, елінің дәстүрін сақтай алмайды. Сырттан келген өсек-аяңға бола мемлекетін де, тарихын да быт-шыт қылды, үй-ішін бәрін ойран-топыр етті. Енді оны қайтадан қалпына келтіруге қандай күш керек екенін ойламайды. Уақыт керек, күш керек, ақша керек, ақыл керек. Оның бәрін халық қай уақытта жинайды? Білімсіздіктен, мәдениетсіздіктен қиратты бәрін.
* * *
Еуропада халқының мәдениетінің деңгейі жоғары. Кітап оқиды, көркем әдебиет оқиды. Адамның ақылын жұмсайды, ақша жұмсамайды. Ақшаның өзін ақылмен жұмсайды. Ал ақша бар, ақыл жоқ жерде – тек қирату. Осы жақында президенттің кеңестегі сөзін тыңдадым, былай дейді: «Бұл не сендердің істеп отырғандарың? Қызметтеріңді ақырын-ақырын жоғарылатамыз, жоғары қызметке келгеннен соң бәрің түрмеге түсесіңдер!». Мемлекеттен ұрлайды, жейді, әрине. Білімсіз мамандар ғана солай істейді. Демек, олар ақшаны жеу әдісін де біледі. Ал ақша жемеу үшін адам, ең болмаса, өмірінде бір-екі кітап оқуы керек.
* * *
Тәуелсіздік алғаннан кейін өлара шақ болды. Ең жақсы, дәстүрді жалғастырған ұстаздар базарға шығып кетті. Көбі әйел еді. Сол кезде елдің отбасын әйелдер бақты. Ал, қазір солар – аурушаң. Бүгінгі мұғалімдер болса парашютпен аспаннан түскен секілді. Қазақтың дәстүрін, қалпын білмейді. Өздері білмеген нәрсені қалай балаға үйретеді. Ата-аналар да сондай: қазақтың салтын, дәстүрін білмейді, сыйламайды. Көбі басқа тілде оқыған адамдар. Аты қазақ болғанымен, бөтен аймақтың адамдары сияқты – я анда емес, я мында емес. Осыдан, міне, біз кітап оқудан қол үздік. Бұл – біздің кемшілігіміз, табысымыз емес, рухани кемшілігіміз.
* * *
Кейде мені әйел заты бұзылып бара жатыр ма деген ой үрейлендіреді. Бойжетіп келе жатқан, ертең ана болады-ау деп үміт артатын қыздарымыздың тағдыры ойлантады. Қазақ қызының ашық-шашық жүргенін, шылым шегіп, шарап ішкенін кім көріпті?! Бірақ, қу көз соны көріп жүр. Әйел ерін сыйлау арқылы өзін сыйлатады. Керек десеңіз, ерінің айтқанына бағына отырып, өзіне бағындырады.
* * *
Біздің мектептердің оқу жүйесі бұзылды. Біз ата-ананың көмегінсіз өзіміз оқитынбыз. Мектепте оқығанымызды әке-шешемізге өзіміз үйрететінбіз. Ал қазір, баласымен бірге ата-ана оқиды. Мектептің бағдарламасын бала толық меңгере алмайды. Баланың ойлауға, ойлап отырып ойын дамытуға уақыты жоқ. Жексенбі, сенбі күндері қосымша сабақтарға барады, баланың бала болып ойнауға уақыты жоқ боп шығады. Соның кесірінен, кітап оқу мәдениеті тоқтады.
* * *
Бүгінде өзінің қызын өзі зорлап жатыр әкелер, оған бала таптырып жатыр. Өз бауырын өлтіріп жатыр. Не деген сұмдық?! Білім жоқ, мәдениет жоқ, оқу жоқ, оқу жүйесіндегі мәдениет жоқ. Ал енді ақырын қарап отырсам, ұстаздың өзінде кінә көп. Ұстаздың білмегенін шәкірт қайдан біледі?! Біле алмайды. Біз оқығында 4-тоқсан «қайталап оқу» ұраны деп оқыдық. Үш тоқсанда оқығанымызды қайталап, миымызға құйып қоятын.
Қазіргі балалар осы аптада жаттағанын келесі апта ұмытып қалады.
* * *
Мына жерде Панфилов деген аудан бар. Оның жүз жиырма мың халқы бар, бірақ бір кітап дүкені жоқ.
Ауылда бір мың бес жүз адам бар, газет, журналдарға ешкім жазылмайды, жазыл деп жатқан адам жоқ, пошта бірде істейді, бірде істемейді. Адамды әдейі қараңғы қылып жатырмыз біз. Қараңғы халықтан бәрін күтуге болады: қылмыс істеу, үлкенді сыйламау, ұлттық дәстүрді сақтамау, бәрін-бәрін.
* * *
Жуырда бір мәліметтерге көзім түсіп кетіп, жүрегім сыздады. Елімізде 8,9 миллионға жуық әйел бар екен, оның 52,2 пайызы некеде тұрса, 28,2 пайызы ешқашан некеге тұрмаған. Әйелдердің 12,6 пайызын жесірлер, 7 пайызын ажырасқандар құраған.
Ал ерлер саны 8,3 миллион болса, оның 57,1 пайызы – үйленгендер, 36,9 пайызы – ешқашан некеде болмағандар. Ал осы жәйттер арқылы балалардың тағдырына үңілсек, 18 жасқа дейінгі балалардың 72,3 пайызы өз ата-аналарымен, 15,1 пайызы тек анасымен, 6,4 пайызы тек әкесімен, ал 6,2 пайызы ата-аналарынан бөлек тұрады екен. Бұл сандарға жай көз жүгіртіп, жай ғана ел ішіндегі жағдай деп қарауға болмайды. Өзі азғантай ұлт үшін бұл – үлкен қасірет. Мұнда бір отбасының ғана емес, болашақ ұрпақтың тағдыры, елдің, мемлекеттің тағдыры тұрғанын ұмытпауымыз керек. Өйткені, отбасы – мемлекеттің басты құндылығы. Сол құндылықтың құнын жоғалтпасақ екен дейміз. Ата-баба дәстүріне сызат түсірмесек дейсің. Ұрпақтың өсіп-өнуі отбасына ғана тән.