Адам миының Құпиялары

Шебер Жаратқан адамның өмір сүруіне қажетті басты орган – миды жұмсақ, әлсіз етіп жаратқанымен, оны барлық сыртқы әсерлерден қорғау үшін бар кереметті жасапты. Бірақ, ол да мәңгілік емес, күндердің күні тосын келген ажалдан болсын, уақыты келген қарттық өлімнің салдарынан болсын ми да жұмысын тоқтатады. Бірақ… иә, бірақ сол мидың өзінсіз де өмір сүре беретін адамдар бар десек, сенесіз бе? Бұл рас. Және оған дәлеліміз де аз емес.

Осындай таңқаларлық оқиғаның бірі Англияда XIX ғасырдың соңында орын алыпты. Бірде зауыттардың бірінде айналып тұрған механизмге кездейсоқ үлкен темір бұранда түсіп кетеді. Механизм қатты айналу күшімен әлгі бұранданы сыртқа лақтырып жібереді. Ауыр темір бұранда ысқырып келіп, жанында тұрған жас инженердің маңдайына қадалады. Ол байғұс жігіттің оң көзінің жоғарғы жағынан бассүйегін тесіп өтіп, миына кіріп барып тоқтайды. Машина майы сіңген болат бұранда миға он сантиметрдей кіріп кетеді. Оған қоса бассүйектің сынықтары да қосыла кіріп, мыңдаған қантамырлардан тұратын ми талшықтарын аяусыз кескілеп жатады…

Құлап түскен жігіттің жанына бәрі жүгіріп жеткенде, ол ауыр тыныс алып, көзін алақ-жұлақ еткізіп жатыр екен. Байғұстың бір ауыз сөз айтуға шамасы келмейді, бірақ, бастысы ол тірі еді!

Жедел ауруханаға жеткізілген оған тез арада ауыр ота жасалады. Дәрігерлер оның басындағы бұранданы, сүйектердің сынықтарын, онымен қоса мидың едәуір бөлігін кесіп алып тастайды. Маңдайындағы үңірейген тесікті иттің бассүйегінен алынған фрагменттермен жамайды. Бірақ, миының едәуір бөлігі болмағандықтан, оның адам болып кетерінен ешкім үміттенбейді. Сондықтан, дәрігерлер жігітті палатаға шығарғанымен, туыстарына ақырғы сапарға аттандыруға дайындала беру керектігін ескертеді.

Бірақ, бірнеше сағатта демі үзіледі деген науқас ертеңіне де, оның ертеңіне де өмірмен қоштаса қоймайды. Ол аз десеңіз, күннен-күнге жағдайы жақсарып, отадан кейінгі күні-ақ тәбеті ашылып, тамаққа тойып алады. Оның сөйлеу, ойлау, жүріп-тұру қабілеттерінің ешқайсысы да бұзылмаған. Басынан ауыр жарақат алғанына қарамастан, оның тіпті басы да ауырмайды.

Көп өтпей ол ауруханадан шығарылады, бірақ бір жыл бойы дәрігерлердің бақылауында болады. Ал екі жылдан кейін толық тексеруден өткізгенде дене мүшелерінде де, жүйке жүйесінде де ешқандай ауытқушылық жоқ екені анықталады.

Кейін әлгі жігіт отбасын құрып, балаларын жетілдіріп, дүниежүзілік соғыстан да аман өтіп, қарттықтан көз жұмады. Осы жылдар ішінде оны басынан алған жарақаты бірде-бір рет мазаламапты. Тек одан қалған жалғыз белгі – маңдайындағы тыртығы болмаса…

*    *   *

1887 жылы АҚШ-тың Массачусетс штатында теміржол салу жұмыстары кезінде тау жыныстарын жарумен айналысатын шебер кезекті жарылыс кезінде ауыр жарақат алады. Жарылыс толқынымен ұшып келген ұзын зілтемір шебердің маңдайынан қадалып, желкесінен бір-ақ шығады. Соққы кезінде зардап шегушінің сол жақ көзі аясынан шығып, сыртына салбырап қалады. Бірақ, бір қызығы, ол осындай ауыр жағдайда тұрса да, есін жоғалтпайды. Ол өз аяғымен көлікке отырып, жақын маңдағы ауруханаға жеткізіледі. Келген соң да көмектен бас тартып, дәрігерге өз аяғымен кіреді.

Ота өте ауыр өтеді. Дәрігерлер зілтемірді асқан сақтықпен суырып алып, науқастың миының бір бөлігін және бассүйектің желке тұсындағы үлкен бөлігін алып тастауға мәжбүр болады. Ең таңқаларлығы, осындай ауыр ота жасалса да, науқас бір сәт те есін жоғалтпаған, сандырақтамаған, ана жаққа кетуді тіпті де ойына алмаған.

Ал бірнеше күннен кейін ол толық айығып, ауруханадан шыққан. Өзін өте жақсы сезінген шебер тек сол жақ көзінен айырылып қалғанына ғана қатты қамығыпты. Ал қалған мүшелерінде ешқандай кінәрат болмаған. Ол бұдан кейін де көп жылдар ел қатарлы жұмыс істеп, өмір сүрген. Тарихта бұл адамның есімі де сақталыпты. Оны есімі Файниз Гейдж болатын.

*    *   *

XX ғасырдың 50-ші жылдары неміс клини­каларының бірінде науқасты қатерлі ісіктен құтқару үшін бас миының жартысы алынып тасталады. Дәрігерлердің болжауынша, мұндай отадан кейін ол не мүгедек болып қалуы, тіпті бәрі жақсы болған күнде сөйлеу, ойлау, қозғалыс қабілеттерінің бірі бұзылуы мүмкін еді. Бірақ, отадан кейін бірнеше күн аздап әлсіздікті сезінгенімен, тез айыға бастаған науқас бірнеше айдан кейін бір кездері ажал аузында жатқанын ұмытып та кеткен. Тіпті оны миының жартысы жоқ деуге ешкім сенбес еді, өйткені ол өз қатарласына қарағанда өте қабілетті, интеллекті өте жоғары адам болған.

Жоғарыда баяндалған жайлардың бәрі адам миының ашылмаған құпиялары әлі де көп екендігін дәлелдейді.

 

(Жалғасы бар).Дайындаған К.ТІЛЕПОВА.

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.