Адамдар қайда жоғалады?
(Соңы. Басы өткен санда).
…1990 жылы Куба мен Гаитидің әуе кеңістігінде кубалық ұшқыштардың әскери оқу-жаттығулары өтеді. Сол жаттығуға қатысқан реактивті жойғыш ұшақтың ұшқышы кейін былай деп еске алады: «Мен биікке көтеріліп, берілген бағытқа бет түзегенім сол, кенет, қайдан шыға келгені белгісіз, тура алдымнан ұшатын әуе шары пайда болды. Мен тіпті кірпік қағып та үлгермедім…». Ұшқыш әуе шарындағы адамдарды суға қондырады. Кейін оларды кубалық кеме алып кетеді.
Ашық аспан астында саяхаттаушылар өздерін Гарри Логан және Дерек Нортон деп атайды. Қайда тап болғандарын білмегендей қатты абдыраған екеуі көп уақыт есін жия алмай отырады. Логанның айтуынша, олар 1954 жылы әуе шарымен Кубадан Пуэрто-Рикоға дейінгі жарысқа қатысқан. Олардың өз болжамынша, жерден көтерілгендеріне небәрі бірер сағат қана болған. Ал шын мәнінде одан бері 36 жыл өтіп кеткен!
Рас, олар аспанда ұшып бара жатып, денесінен электр тогы жүріп өткендей бір күшті дірілді сезінген. Сосын айналасындағылардың бәрі, соның ішінде аспан мен төмендегі мұхит та бір сәтке алқызыл түске енген. Одан кейін өң мен түстің арасындағыдай күйге түскен Логан мен Нортон тек ұшқыштың өздерін суға қондырғанын ғана естеріне түсіре алған.
Кейінірек түсініксіз құбылыстармен айналысатын чикаголық маман Кельвин Крау мұрағат құжаттарын ақтара келіп, бұл екеуінің шынымен де 1954 жылы әуе шарларының жарысы кезінде мұхит үстінде жоғалып кеткенін растайды. Оның ойынша, саяхатшылар уақыт кеңістігінде адасып кеткен…
* * *
1930 жылы Канададағы Ангикуни деп аталатын эскимостар қыстағының барлық тұрғындары бірден жоғалып кеткен. Тек ағашқа байланған иттердің ғана сүйегі табылған, олар аштан өліпті. Эскимостар ешқашан итін аш қалдырмайды. Егер бір жаққа кетер болса, босатып жіберуі тиіс еді.
Ең таңқаларлығы, жергілікті бейіттер де босап қалған, бейнебір ішіндегі мәйіттерді түп-түгел қазып алып кеткен сияқты. Эскимостар, сондай-ақ, қаруларын да тастап кеткен. Бұл жерлерде қарусыз жүру қауіпті, әрі тамағын да соның көмегімен тауып жейтіндіктен, егер эскимостар алысқа кеткен болса, қарусыз жүруі мүмкін емес.
Бұл жағдайға әл күнге ақылға қонымды түсінік табылған жоқ. Осы ауданда тұратын басқа үндіс тайпалары Ангикуни қыстағының адамдарын Вендиго алып кетті дегенді айтады. Аңыз бойынша, Вендиго – Канаданың солтүстігіндегі ормандарда өмір сүретін құбыжық. Бірақ, үндістер оны сипаттап беруден бас тартады…
* * *
Аяқталмайтын жапон-қытай соғысы кезінде, 1939 жылы 10 қарашада Нанкиннің жеңілісінен кейін полковник Ли Фушин басқарған үш мың адамнан тұратын полк жау әскерін тоқтатуға жөнелтіледі. Сол күйі байланысқа шықпаған полк әскері түгелдей із-түзсіз жоғалып кетеді. Кейін бір-екі қару мен жағылған оттың ізі табылады. Басқа ештеңе жоқ. Бүгінгі жапон мұрағаттарында да полктың тұтқынға алынғаны айтылмайды. Бәрі жаппай соғыстан қашты деуге де келмейді, егер олай болса, осы күнге дейін жауынгерлердің отбасылары олардан қандай да бір хабар алар еді…
* * *
1904 жылы американдық алтын іздеуші Дж. С. Браун Калифорниядағы таулар тізбегінен жасанды жерасты жолын тауып алады. Оның айтуынша, осы жолмен жүріп отырып, ол жерасты үңгіріне тап болады. Қабырғасының бәрі мыспен қапталып, әлдебір түсініксіз иероглифтер жазылған үңгірдің ішінде адам қаңқалары үйіліп жатқан көрінеді. Дж.Браун, сондай-ақ, осы жерден алтын жыныстарын тауып алады. Сондықтан, ол алдымен мына байлықты игеріп алып, сосын ғана үңгір туралы жариялауды жөн көреді. Бұған отыз жылдай уақыт кетеді. Ақыры 1934 жылы ол үңгірге ең жақын орналасқан Стоктон қаласына барып, арнайы экспедиция жасақтай бастайды. Осы мақсатта 24 адамды жалдап, жолға шығуға дайындалып жатқанда, 1934 жылы 19 маусым күні кешкісін ол күтпеген жерден жоғалып кетеді. Полиция қанша іздестіргенмен, ілік болар ештеңе таба алмайды. Тек ол әлдебір құпияның бетін ашып, жария етпек болғандықтан, көзі жойылған болуы мүмкін деген болжам ғана бар…
* * *
Қазақстанның Жезқазған облысынан жолданған мына бір хат та жер бетінде адам санасына сыймайтын құбылыстардың көп екендігін айғақтайды. «1989 жылғы қарашаның 15-інен 16-сына қараған түні менің досым Бақыт Сыздықов мынадай құбылысқа куә болды. Алматы уақыты бойынша 23 сағат 30 минутта ол теледидардан КСРО мен Түркияның арасындағы футбол матчын тамашалап отырады. Кенет Бақыт ми шағардай жіңішке дауысты естиді. Бұл теледидардан шығып жатқан болар деген оймен ол орнынан тұрып, терезенің тұсына бара бергенде, әйнектің арғы бетінен жарқыраған қолшамның жарығына ұқсас түсініксіз сәулелерді көреді. Дұрыстап қарайын деп, ол пердені қолымен сыра бергенде, перделер өз-өзінен ауада қалқып, үйдің төбесіне барып жабысып қалады. Бақыт қорқып, терезеден аулаққа қашып барады да, бір бұрышқа тығылады. Осы кезде едендегі барлық кілемдер мен төсеніштер де көтеріліп, төбеге жабысады. Сосын барлық заттар өз-өзінен жоғала бастайды. Бақыт дереу жанында жатқан үтікті ала салып, терезеге қарай лақтырады. Бірақ, әйнек сынбайды, ал үтік әйнекке жабысып қалады. Бақыт бар күшімен үтікті әйнектен әрең ажыратып алып, қайта лақтырмақ болғанда, орнынан қозғала алмай қалады. Ол қорқып, үтікті тастай салады, сонда ғана аяқ-қолы қайтадан икемге келеді.
Бақыт далаға қарай қашады. Осы кезде өзі құлыптап қойған есіктің ашық тұрғанын көреді. Далаға шықса, ешқандай өзгеше ештеңе жоқ, сосын екінші қабаттағы көршілеріне көтеріліп, болған жайды айтпақ болады. Бірақ, олар мұны жынды деп ойлар деп, қайтадан өз пәтеріне келеді. Келсе, есігі құлыптаулы екенін көріп, тағы қатты таңқалады. Әйтеуір, кілті қалтасында болғандықтан, есікті өзі ашып кіреді. Сөйтсе, барлық зат орын-орнында, түк болмағандай. Тек барлық бөлмені мұқият қарап шыққанда, өз бөлмесінің терезе әйнегінде әлдебір қара дақтардың тұрғанын көреді. Біраздан соң бұл дақтар асүйдің терезесіне ауысады. Ал таңертең олар ғайып болады.
Бақыт өзінің түнде көргендері жүйкесі шаршағаннан болар деп ойлайды. Дегенмен, ертеңіне жұмысындағыларға болған жайды әңгімелеп, «осындай бірдеңені байқағандар бар ма?» деп сұрайды. Сөйтсе, қарама-қарсы үйде тұратын тағы бір адам да осы құбылысқа куә болыпты. Сонда ғана Бақыт өзінің есі ауыспағанына, көргендерінің бәрінің рас екеніне көзі жетеді. Мен одан бұл туралы тиісті орындарға хабарлауын сұрадым. Бірақ, ол «мені жынды деп ойлайды» деп бас тартты. Құрметпен, Панкратенко Владимир».
Мұндай түсініксіз құбылыстар туралы көп әңгімелеуге болады. Бірақ, оның табиғатын танып, себебін түсіндіру әзірге мүмкін болмай тұр.
Дайындаған К.ТІЛЕПОВА.