ӘДЕП НОРМАЛАРЫН САҚТАМАУДЫҢ САЛДАРЫ — СЫБАЙЛАСТЫҚТЫҢ ТУЫНДАУЫНА ЫҚПАЛ ЕТЕДІ
Түркістан қаласында орналасқан «Ақжайық» музыка мектебінде ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Нұрдәулет Саметтің қатысуымен облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының Әдеп бойынша кезекті отырысы өтті.
Күн тәртібінде «Әлеуметтік желілердегі сыни мақалаларға жауап беру және оларды азайту жолдары» туралы мәселелер қаралды.
Жиынға ҚР мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары, Әдеп жөніндегі кеңес хатшылығының меңгерушісі Ө.Балажанов, Түркістан облысы әкімі аппаратының Әдеп уәкілі М.Исаев, Білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің бас маманы Ж.Касымова және облыстық білім басқармасына қарасты қосымша орталық және өңірдегі білім бөлімдерінің басшылары мен Cаll — орталық мамандары қатысты.
Білім беру саласында сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің жиі ұшырасатынын алға тартқан Нұрдәулет Ілиясұлы облыс аумағындағым білім беру мекемелерінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жұмыстары жүйелі жүргізіліп жатқандығына қарамастан, білім беру ұйымдарында бармақ басты, көз қысты әрекеттер тиылмай тұрғанын ашық атап өтті.
Сондай-ақ, жиынға қатысушыларға 2022-2026 жылдарға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат Тұжырымдамасында айқындалған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты дамытудың негізгі қағидаттары мен тәсілдері бойынша жаңашылдықтарды баяндады.
Жиында Түркістан облысы Адами әлеуетті дамыту басқармасына қатысты сыни ақпараттарға жүргізілген талдаудың нәтижесінде, жалпы саны 695 сыни материал жарияланғаны, оның ішінде Ордабасы ауданы бойынша 158, Төлеби ауданы 152 және Кентау қаласы бойынша 71 және өзге де аудандар бойынша сыни материал түскені баяндалып, білім беру саласындағы әдеп нормаларын жетілдірудің маңыздылығы және құқықбұзушылықтарға жол бермеудің жолдары талқыланды.