Әдептілік, сыпайылық
Қазақ халқында әдептілік, сыпайылық тәрбиедегі басты ұстанымдардың бірі. Адамның қандай жағдайда да әдептілік сақтауы ұнамды қасиет. Халқымыздағы әдептіліктің, кішіпейілділіктің бір көрінісі үлкенді сыйлау, құрметтеу, «сіз» деп сөйлеу, атын атамай, есімінің соңына еке деген сыпайылықты білдіретін жұрнақ сөз қосып айту. Мәселен, Қазбек − Қазеке, Дәулет − Дәуке, Бауыржан − Бауке деген сияқты. Мұндай жұрнақ басқа тілдерде кездеспейді.
Мұны XX ғасырдың бас кезінде белгілі орыс ғалымдарының бірі Л. Баллюзек те байқап былай деп жазған: «Қазақтардың сыпайылығы, кішіпейілділігі мен әдептілігінің бір көрінісі жасы үлкен кісілердің есіміне еке (әке) сөзін қосып айтуы». Үлкен кісіге «сіз» деп сөйлеу де әдептіліктің белгісі еді.
Сонымен қатар, халқымызда шәкірттер де ұстаздарының алдын кесіп өтпей, көрген жерде құрмет көрсеткен. Сондай-ақ, үй иесі жоқ кезде, отауда ер адам болмағанда басқа ер адамның үйге түсуіне рұқсат етілмеген.