АГЕНТТІК ТӨРАҒАСЫНЫҢ КЕҢЕСШІСІ ОБЛЫСТЫҚ БІЛІМ БЕРУ ҰЙЫМДАРЫНЫҢ БАСШЫЛАРЫНА ҚАТАҢ ЕСКЕРТУ ЖАСАДЫ
Бүгін Түркістан қаласында арнайы жұмыс сапарымен жүрген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Төрағасының кеңесшісі Жазира Жылқышиева мен республикалық «Парасат жолы» орталығының жетекшісі, жазушы Сәдібек Түгел білім беру ордаларында туындайтын бармақ басты, көз қысты әрекеттердің деңгейін төмендету және сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтарының алдын алу мақсатында облысқа қарасты білім беру ұйымдарының басшыларымен сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша мақсатты жиын өткізді.
Жең ұшынан жалғасқан жемқорлық індетін жою және оның жолын кесу жолдары жіті талқыланған алқалы жиынға Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаменті басшысы Хаким Көшқалиев, Адами әлеуетті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Ардақ Мәдіханқызы және облысқа қарасты колледж және мектеп директорлары қатысты.
Өз кезегінде Жазира Жақсылыққызы білім беру саласы — ел ертеңін қалыптастыруда айрықша маңызға ие сала болғанымен, бүгінде Агенттікке Түркістан облысынан, соның ішінде Қазығұрт, Сарыағаш, Сайрам, Мақтаарал аудандары мен Кентау қаласында орналасқан білім беру мекемелеріне қатысты сыбайлас жемқорлық көріністері бойынша арыз-шағым жиі келіп түсіп жатқандығын ашық атап өтті.
Әсіресе, педагогикалық мөлшерлеменің ашық негізде бөлінбейтіндігі, еңбекақының уақытылы төленбейтіндігі, еңбек демалысына берілетін қаржының қолға тимеуі сынды мәселелелер бойынша толассыз хаттар келетінін жеткізді.
Осыған орай, білім беру ұйымдарының басшыларына ұжымда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға айрықша басымдық беру қажеттігін жеткізіп, Заңнамаға енгізілген өзгерістерге сәйкес бірінші басшылардың дербес жауапкершілігін терең сезінуді тапсырды.
Ағымдағы жылдың 5 сәуірінен бастап әкімшілік заңнамаға енгізілген түзетулер күшіне енді. Енді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі мемлекеттік органдар басшыларының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі шараларды қабылдамауы, жеке тұлғалардың заңсыз материалдық сыйақы беруі, мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының заңсыз кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруы және заңсыз кірістер алуы сияқты әкімшілік құқық бұзушылықтарды анықтауға және олардың жолын кесуге уәкілетті болып табылады.
Бұл тетіктерді барынша пайдалануға ниеттіміз. Өз мекемелерінде сыбайлас жемқорлықты жою бойынша шаралар қабылдамайтын басшылар дербес жауапты болады» — деп атап өтті Жазира Жақсылыққызы.
Сондай-ақ, республикалық «Парасат жолы» жобасының жетекшісі Сәдібек Түгел Отанын сату – жемқорлықтан басталатынын алға тартып, киелі өңірде парасатты ұрпақты тәрбиелеп шығару үшін әрбір білім беру мекемесінің басшысы адалдық атты асыл қасиетке жақын болу тиістігін тілге тиек етті.
Бармақ басты, көз қысты әрекеттерге жол бермеу мәселесі ашық талқыланған жиын соңында Агенттік Төрағасының кеңесшісі ар тазалығы мен адалдықты биік қойып, заң аясында жүйелі жұмыс істеуді жүктеді.