АХМЕТЖАН ЕСІМОВ: АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ЭНЕРГЕТИКАЛЫҚ ҚАУІПСІЗДІГІ МӘСЕЛЕСІ ШЕШІЛДІ
Алматы облысының Қарасай және Жамбыл атты екі ірі ауданында, сондай-ақ Алматы қаласының батыс маңындағы тұтынушыларын энергиямен қамтамасыз ету мәселелері шешілді. Алматы облысының Батан ауылында «Самұрық-Қазына» еншілес құрылымдары Алматы облысының әкімдігімен бірлесіп салған өңірдің ең заманауи энергия объектілерінің бірі — «Қаскелең» қосалқы станциясы іске қосылды.
Шараға «Самұрық-Қазына» Қорының Басқарма төрағасы Ахметжан Есімов пен Алматы облысының әкімі Амандық Баталов қатысты.
«Қаскелең» қосалқы станциясының құрылысы «Өңірлерді дамыту-2020» бағдарламасы аясында Алматы облысы әкімдігінің және «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ қаражаты есебінен жүзеге асырылды. Нысанның құны 4,73 млрд. теңгені құрады.
«12 жыл ішінде өңірді энергиямен қамтамасыз ету жағдайы түбегейлі өзгерді. Егер 2008 жылы біз әкімшілікте Алматыдағы электр энергиясының өшу мәселесін шешсек, қазір «Самұрық-Энерго» салып жатқан нысандар облыс пен қаланың даму келешегіне де бағытталған. Бүгін біз — мен және облыс әкімі – Алматы агломерациясының энергетикалық қауіпсіздігі мәселелсі шешілді деп сенімді айта аламыз»,- деді Ахметжан Есімов.
Қуаты 250 МВА болатын жаңғыртылған «Қаскелең» қосалқы станциясы Алматы облысының Қарасай және Жамбыл аудандарының, Алматы қаласының батыс маңындағы тұтынушыларды электр энергиясымен қамтамасыз ететін болады.
Бүгінгі таңда қосалқы станция 6 мыңнан астам жеке және 400-ден астам заңды тұлғаларға қызмет көрсете бастады. 2030 жылға дейін 50 мыңнан астам жеке тұлғаларға және 4 мыңнан астам заңды тұлғаларға, сондай-ақ «Көкөзек» индустриалды аймағының тұтынушыларына қызмет көрсету жоспарланып отыр.
«Алматы облысының жалпы өнеркәсіп өндірісінің жалпы көлемі 2019 жылдың соңына қарай 1 трлн. теңгеге жетті. Оның ішінде Алматы қаласына шекаралас аудандардың арқасында ірі кәсіпорындар мен өндірістік нысандары орналасқан. Бұдан әрі табысты жұмыс істеу үшін аймақты электр энергиясымен үздіксіз қамтамасыз ету қажет»,- деді Амандық Баталов.