АЙШЫҚТЫ  ҚОЛТАҢБАСЫ  БАР БАСЫЛЫМ

Газет мейлі ол республикалық, облыстық, аудандық болсын, тиісті жерлердің әлеуметтік-экономикалық, мәдени-тұрмыстық өмірінің айнасы десек, бұл ретте Ордабасы аудандық «Ордабасы оттары» ақпараттық-талдау апталығының атқарып жүрген рөлі үлкен, көтеріп жүрген жүгі салмақты деуге толық негіз бар. Оның бүгінде аумақтың қоғамдық-саяси өміріндегі алар орны мәртебелі де абыройлы екені ақиқат.

Басылымның бүгінгі қол жеткізген табыстары, бағындырған белестері қаншалықты елеулі болғанымен, тамыры тереңде жатпаса, уақыт өте келе дарақ ағашындай өркен жая алмасы белгілі.

Өткенді айтпасаң, өркендегеніңнің өресін бағамдай алмайсың. «Біздерде мынадай бар, мынадай бар» деп күпсінген байшыкешке ұқсамай, төркінін түгендеп, «қай қиырдан» шыққанын айта кеткен де жөн шығар.

Газеттің негізі «Социалды жол» атауымен 1935 жылы қаланған. Кейіннен Бөген аудандық және Арыс қалалық «Коммунизм таңы»-«Заря коммунизма» аталды, аталмыш аудандық және қалалық партия комитеттері мен еңбекшілер депутаттары аудандық және қалалық атқару комитеттерінің органы болды. Қазақ және орыс тілдерінде төрт беттен, аптасына үш реттен жарық көрді.

Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының бас кезінде газет айтыс өнерінің жан­дануына елеулі үлес қосты. Оның беттерінде жазба ақындардың айтысы ұйымдастырылды. Басылымның аясындағы Қосжан Мүсірепов атындағы әдеби бірлестік облыстық, республикалық, халықаралық  деңгейдегі  ақындар айтысын өткізді. Темірландағы Мәдениет үйінің алдынан Қазақстанда тұңғыш рет ақындар аллеясы ашылды. Онда жерлес ақын-жазушылар: Майлықожа Сұлтанқожаұлының, Нұралы Нысанбайұлының, Орынбай Тайманұлының, Бейсенбай Кенжебаевтың, Өтебай Тұрманжановтың,Көпбай Омаровтың, Қосжан Мүсіреповтың кеуделік мүсіндері орнатылды.

Басылымның қазіргі қызметкерлері аға буын әріптестерінің игі дәстүрін абыроймен жалғастырып, қаламдарының қарымдылығын танытуда, замандастарының түрлі түйткілдерін, мұң-мұқтаждарын жанашырлықпен қоғамдық ортаға әйгілеу арқылы өздерінің кәсіби міндеттеріне адалдықпен қарауда. Ел ырысын еселеу, адамдардың мәдени-рухани деңгейін көтеру бағытындағы насихаттық қызметтің өрелі ойды, алғыр біліктілікті қажетсінетіні белгілі. Тегінде, жұрналшы қауымының қажырлы еңбегі, тынымсыз қарбаласы жайлы ел-жұртта талай-талай тәмсілдердің таралып кеткені белгілі. Соның бір парасы ретінде «Жұрналшының арқалағаны–алтын, жегені–жантақ» дегенге саятынын айтсақ та жеткілікті. Осынау теңеу іспетті сөз орамының қойнауында терең мағына, өрелі ой жатқаны даусыз.

Газеттің өзі деңгейлес басылымдармен салыстырғанда даралығын айқындап, мерейін өсіре түскенін өмірдің өзі көрсетіп отыр. Сөйтіп, егемен еліміздің барлық аймағы сияқты, қасиетті тәуелсіздік аясында өсіп-өркендеген Ордабасы ауданының бүгіні мен ертеңін сан қырынан көрсетуге қол жеткізуде деп нық сеніммен айтуға болады.

«Ордабасы оттары» қарапайым халықтың мұң-мұқтажын жоқтап, қоғам өмірінде заңдылықтың қатаң сақталуы мәселелеріне де белсенді үн қосуды игі дәстүрге айналдырған. Әлеуметтік түйткілдер қашан да батыл көтеруді, қалың жұртшылыққа ұсынуды қажетсінеді. Бұл орайда газет жұрналшыларының ойдағы-қырдағы оқиғаларды жіті назарында ұстап, көрген-білгендерін әлеуметтік терең сараптама «диірменіне» салып келе жатқаны күмәнсіз. Соның нәтижесі болса керек, олардың қаламының «ұшына» іліккен жайттар билік құрылымдарының қапе­рі­нен тыс қалмастан, тиісті шара көрілуіне мұрындық болып жүргені аз емес. Бұл онсыз да кеңінен белгілі басылымды одан әрі танымал етудің тиімді тәсілінің бірі екені айқын. Республикамыздың түрлі өңірінен келген құнды әдеби шығармалармен бірге, тарихи жағынан өте маңызды, бұрын еш жерде жарияланбаған суреттер жарық көруде.

1992 жылдан Ордабасы ауданы әкімдігінің құрылтайшылығындағы «Ордабасы оттары» қоғамдық-саяси апталығына айналды. Қазір–ақпараттық-талдау апталығы. Аудандық, қалалық газеттердің облыстық байқауларының бірнеше мәрте жеңімпазы атанды. 1998 жылы бас жүлдеге компьютер жиынтығы, 2002 жылы түрлі-түсті теледидар тарту етілді және облыс әкімінің Грамотасымен марапатталды. Облысымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына белсенді қатысып, «Ауыл жылы -2003» байқауының жеңімпаздығына қоса, 150 мың теңгелік бас жүлдені жеңіп алды.

Әрине, газетті басқарып, бүгінгідей биіктерге жеткізген ақиық азаматтар: ең алғашқы редакторы Махуба Хайруллина, Өмірбеков Момбай, Омаров Ахмет, Кәдеев Пайзулланы, тағы басқа қайраткерлерді айта кеткен жөн.

Қазіргі басшылықтағы Зиябек Ғалымжан әкелген жаңа лепті, соны серпінді аңғармау мүмкін емес. Ерен іскерлік қабілетімен көпке танылған, іздемпаздығы мен еңбекқорлығы үйлесіп, қолға алған тірлігін тиянақты атқарған қаламгер Ғалымжан Зиябектің бұл басылымды уақытпен үйлестірудегі еңбегі  айрықша екенін айтпай кетудің өзі әділдік болмас. Елжандылығы ерен азамат шынайы ел жанашыры екендігімен көрініп, аудандық мәслихаттың депутаты болып сайланған. Газет заманның қазіргі талабына сай көлемі жағынан халықаралық стандартқа теңесуімен, ең бастысы, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «100 қадам» стратегиялық Ұлт жоспарын жүзеге асырушы қоғамдық-саяси басылым міндетін мінсіз атқаруымен ерекшеленеді.

Жаңа реформаларды жан-жақты насихаттау, оқырманды ағымдағы ақпараттармен, ауданның тыныс-тіршілігімен таныстыру, ұлттық рухымызды улайтын жат құбылыстарға қарсы күресу, төл тарихымызды түгендеуге, халқымыздың денсаулығын қорғауға, ізгі дәстүрлерін дамытуға, мәдениеті мен әдебиетін өркендетуге лайықты үлес қосу тарихы тағылымды «Ордабасы оттарының» басты бағыты болып қала беретіні анық-ақ.

Әріптестеріміздің айтулы істерін атай отырып, «Ордабасы оттарының» қалың оқырманның сүйікті басылымы болып қала беретінін нық сеніммен айта аламыз.

                                                                                                                                                          О.ТӘЖИЕВ,

                                                                                                       «Қазақстан жолы» газетінің бас редакторы.

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.