ӘЙТЕНОВ ӘДЕЙІ ІСТЕУДЕ МЕ НЕМЕСЕ МӘДЕНИЕТТЕГІ МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ ЖАЙЫ

 Ұят болды-ау!

Қайбір күні Шымкент қалалық мəдениет басқармасына қарасты мекемелердің бірінде жұмыс істейтін танысыммен бір дастархан басында жолығып қалдым. “Жұмыстан қазір шыққан бетім” деді. Сағатыма қарасам, 22:00-ден асыпты. Менің сұраулы жүзіме қарап мəн-жайды түсіндірді. Жылдың соңы, басқармаға жолданатын жылдық есептің орыс тіліндегісін де дайындап жатырмыз. Тіпті қызметтік хаттарға дейін орысша жазбасақ болмай тұр. Мемлекеттік тілдегі құжатыңды қабылдамайды. Себеп? Себебі жаңа басқарма басшысына қазақша керек емес. Ұрғаны бар қазақшаңды. Стоп!!!

Мемлекеттік меке-мелердегі мемлекеттік тілде жазылған қызметтік хаттардың орысшасын да міндеттеп жүрген бұл не қылған мəдениеттің шырақшысы? Шымкенттің тарихында мұндай сорақылық бұған дейін болған ба екен? Əлде тəуелсіздіктің 30 жылдығына дайындап жатқан “сюрпиздері” ме?

Келгеніне екі ай болған Ханзада Əзімханқызы ханым алғашқы жұмысын мəдениет басқармасының тілін шұбарлаудан, қала берді орыстандырудан бастаса, онда мəдениетімізді дамытады деп айтудың өзі артық шығар.

Шымкенттің іс-қағаздарды жүз пайыз мемлекеттік тілге көшіргеніне ондаған жылдардың жүзі болмап па еді? Республикада алғашқы боп осы іске қадам басқан да Шымкент болатын. Əселхан апамыздың бір айтыста айтқаны бар:

 

Қазақтың Шымкентте бестен бірі,

Ешқашан шығармаңдар естен мұны.

Қашанда бізге қарап өлшенеді,

Қазақтың қаншалықты өскендігі.

 

Ия, осы сөз қаншама жылдар мүлтіксіз қызмет атқарды. Кейбір шалағай қазақтар осы сөзге қарап бой түзеді. Ендігі мынау не тірлік? Шымкенттің мəдениеті орыс тіліне көшсе, солтүстіктегі ағайынға не деп ренжиміз? Əй, бірақ бұл бастық əпкемізге Əселханның сөзі керек болып па? Тіпті ондай адамның бар екенін де біле ме екен?

Жиналыстың басын “саламатсыздар ма” деп бастап, соңын “сау болыңыздармен” ғана аяқтайтын, қалғанын ресми тілде сайрайтын əпкеміздің Əселханның сөзі түгіл өзін білетініне күмəнім бар? Бəлкім осы жазбамыздан кейін сұрастырып біліп, интернеттен іздеп оқып алар.

Хош, сонымен Əйтеновтың не қатысы бар деуіңіз мүмкін. Осы басқармаға басшы болып Шымкенттің мəдениетін бұрын-соңды шықпаған биікке шығарады, аспаған асудан асырады деп Алматыдан аттай қалап алдырып басшы қойған сол кісінің өзі. Яғни Əйтеновтың ең негізгі кадрларының бірі. Қазақшасы шамалы екенін білді ме, білді. Халқының 98 пайызы мемлекеттік тілде сөйлейтін, тіпті өзбегі мен орысы да қазақша сайрап тұрған, алдағы даму бағыты Елбасының назарында, Президенттің көңіл көкжиегінде тұрған мегаполис шаһардың мəдениетіне мұндай адамды басшы ғып қою барып тұрған қиянат дер едім. Бəлкім, іскерлігі мен адамгершілігі жақсы шығар. Ол жағын білмеймін. Бірге жұмыс істесіп көргем жоқ. Бірақ қазақи контенттің тілін таба алмай, анығы түсінбей, онсыз да қағазбастылықтан арыла алмай отырған кезде, жүз пайыз қазақ тілді ортаға орыстың тілін тықпалағаны, тықпалап қана қоймай талап етіп отырғаны біздің онсыз да жүнжіп тұрған жүйкемізді одан сайын жұқартып, жанымызды аяздай қарып-ақ тұр.

Шымкенттің мəдениетіндегі жағдай осылай болса, онда өскен емес, “өшкен” жеріміз осы шығар.

Шаһар басшысы Мұрат Əйтеновтен мəдениет басқармасының басшысы Ханзада Есеноваға қатысты нақты шешім қабылдауын сұраймын. Тез арада арнайы маман жалдап тілін қазақшаға сындырсын. Алдына барған қазақша жазуды “ресми” тілге аудармай түсіне алатын дəрежеге жетсін. Оған қиналса, орынан босатсын. Тіліңді түсінбей, мəдениетіңді ұшпаққа шығарамын деу бекершілік.

Біржан Байтуов,

айтыскер ақын,”Дарын” мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты.

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.