Айтып ауыз жиғанша, сорақылықтың сорпасы сорғалағаны ма, басқа не?

Туған жер мен ел-жұртымыздың абыройын өмір қуаты мен қуанышы етіп ғұмыр кешетініміз әлімсақтан аян. Адамзат қоғамы періштелер емес, шикі сүт емген пенделерден тұратындығына тереңнен бағамдай білгендігінен шығар, дана бабаларымыз «жаманын жасырып, жақсысын асырып» ел абыройын сақтау мен береке-бірліктің тізгінін босатпауды үлкен- кішімізге аманат еткендігі.

«Итің ұры» десе намыстанатын қазақ бүгінде сол аталар аманатына адалдықты ұмытып, ел ішінде болып қалатын сорақылықтарды тіміскілеп тауып, соны бүкіл елге жар салып, жариялайтын болды. Соның бірі ретінде Сарыағаштағы масқаралықты ой таразысына салып көрейікші.

бала тағдырына қатысты сорақылық қалай басталды?

Сарыағаш ауданының №73 мектептің 1-сынып оқушысын жапсарлас тұрған №74 мектептің 7-8-сыныбының екі оқушысы өткен жылдың 27 тамызы күні ұрып-соғып, артынан зорланған деген ақпарат осы ауданнан шығатын «С-Информ» газетінде биылғы ақпан айында жарияланыпты. Онда 7 жасар бүлдіршіннің әжесі баланы дәрігерге апарғаны, хирургтың шақыруымен полиция аға инспекторы Н.Жұмабаев келіп, оларды полиция бөлімшесіне апарғанымен, арызын алудан бас тартқаны көрсетіліпті. Полиция да, педагогтар да тиісті шара көрмегендіктен, бірнеше оқушы бұл сұмдықққа тағы да барғаны айтылған. Полиция арызды қабылдамайды, әжей амалсыз прокуратураға барғанында, олар «бәрін қатырамызын» айтып шығарып салғанымен, полиция қылмыстық іс қозғауға шықпапты.

Енді келіп 8 айдан кейін «С-Информ» көтерген мәселе электронды БАҚ арқылы бүкіл республиканы шулатып, «Ұлысымыздың ұйытқысы – Оңтүстік» делінетін абыройымызды айрандай төгіп тынды.

еріккен жұрттың ермегі болды

 Оңтүстіктің ғана емес, исі қазақтың ұлттық намысын дар-дар айырған бұл масқаралыққа ешкім де төрелік айта алмайды дер едік. 7 жасар бүлдіршіннің аянышты халін көзге елестетудің өзі жүрек сыздатады. Алты мың жылдық тарихы бар ұлтымыздың болмысында жоқ, еркектің еркекке асылуы – ұлттық трагедия шығар, әсте. Мейлі, оларды балалық жасады делік, ал сонда ұрпақ өсіріп отырған әке-шеше өз перзентінің тәрбиесіне келгенде не бітіріп жүр?

Тектілікті таныта алмаған полиция мен прокуратурадағы қазақ жігіттерінің бұл сұмдыққа көз жұмып қарағанынан кейін заң органдарынан не қайыр, не үміт?

Қарны тоқ, көйлегі көк, бүгінде мақта термейтін, шабыққа шықпайтын, үй тірлігін де қарық қылмай, «сотка» шұқылаудан қолы босамайтын, қолдан жасалған

«еркетотайлардың» балалық қателіктеріне үлкендердің сайт пен фейсбуктарда жариялаған пікірлеріне төбе шашың тік тұрады. Олардың «қатігез қанышер, азғын, осы педофилдері ату керек, өлмесе өмірем қапсын» деген жазбаларын оқығанда бұзықтық жасаған балалардан емес, «ессізденген» үлкендерден қорқасың.

Жасөспірімдердің заңбұзушылығын ешкім де ақтамайды. Ал баланың балалық жасайтынын неге ескермейміз?

Бір газет жариялап еді, ел ішінен жамандық іздейтін «жарапазаншы» блогерлерге жерден іздегенін Құдай көктен берді. Не анықталғаны, ненің дүдәмал болып тұрғанының бірі де оларды қызықтырмайды. «Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық, аздырар адам баласының» күйін кешуден ерігіп отырған жұртқа мұның сенсация туғызатынын білді де, бүкіл республикаға таратты да жіберді. Бұл – қоғамды басыну, ел-жұртты елемеу, ел заңын сыйламау, қала берді қазақты абыройсыз етуге асығу. Фактінің дәлелденгеніне көз жеткізбей тұрып, оны жариялау – соның айқын дәлелі.

шымкентте заң БАҚ-тың аяғының астында ма?

Сарыағаштағы сорақылықтың кейіпкерлер і- 7 жасар бүлдіршін мен 14-15 жасар жасөспірімдер. Бүгінде олардың заңбұзушылық әрекеттері бойынша қылмыстық іс қозғалып, оның анық- қанығы зерделенуде.

Мәселені бүкіл елге жариялаған БАҚ өкілдері еліміздің Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 532-бабына сай жасөспірімдерге қатысты құпиялылық құқығын сақтауды неге орындамайды? Не деген астамшылдық? Оларды сауатсыз деп айта алмайсың. Сонда 3 млн. халқы бар облыстың абыройын бүкіл елдің алдында аймандай етуге кім құқық берді, оларға?

Мұндайда жасөспірімдердің жеке өмірінің мағлұматтарын көпшілік алдында және БАҚ-ты пайдаланумен тарату ҚР Қылмыстық кодексінің 147-бабымен қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын біле-тұра біздің әріптестеріміздің заңбұзушылыққа барғанын қалай түсінуге болады? Сонда ел-жұрт қастерлейтін заңдарымыз кейбір журналистердің аяғының астында қалғаны ма?

Мәселенің мән-жайы анықталмай жатып, терең журналистік зерттеу жүргізбей, екі-үш жердің көрінісін түсіріп алып КТК, Астана, 31 телеарналарының бүкіл республиканы шулата- тындай ақпарат таратуына кім құқық берді? Олардың күдікті делінетін жасөспірімді жатқан жерінен бейне жазбаға түсіріп, оны республика жұртшылығына көрсетуінің өзі журналистік емес, «жабайылық» әрекет емес пе? Бұлардың 7 жасар бүлдіршінді зорлық-зомбылықтан қорғаудан, құқықбұзушылықтың күдіктісі жасөспірімдердің құқығын сақтаудан  гөрі  сенсациялық шоу жасауға басымдық бергенін өтірік деп айта аламыз ба? Күні кеше мемлекетіміздің рәмізін құрметтемейтіндігін көрсеткен орыс тілді әріптесімізді бүгін келіп қазақтың қарадомалағының басындағы тауқыметіне жаны күйзеле қалыпты дейміз бе,  әлде оңтүстіктің жаман атын шығаратын лақапты жариялауға жанығып жүр деп түсінеміз бе? Осы ақпаратты республикаға таратудың қоғамдық маңызының зор болғаны ма, сонша? Бала құқығы қайда қалды?

«крикундарға»  кім мүмкіндік беруде?

 Оңтүстікте қошеметке бөленіп, аялы алақанда жүрудің тәтті дәміне дәніккен республикалық телеарналар мен басылымдардың облыста жүрген кейбір тілшілері кейде шектен шыға еркінсінетініне еріксіз қынжыласың.

Кезінде Шымкент қаласындағы бір мектепте бастауыш сыныптың екі оқушысы төбелесіп қалып, оның ата-аналары мектепке келіп шаң- шұң шығарып еді, оны республикалық телеарнадан көрсетті. Тағы бірде бір мектептің 6-7-сыныбының 4-5 қызы шаштасып, жұлысуға барып еді, мемлекеттік маңызды мәселеге келгендей құстай ұшып жеткен әріптестер оны да республикалық телеарнадан таратып тынды.

Облыстан шығатын 2-3 газет оларға: «Сендер өңір тынысынан осыдан басқа мәселе таппай қалдыңдар ма? Әлде, мақсаттарың оңтүстікті бүкіл елге жаман жағынан ғана көрсету ме?» — деген өкпе-назын елеген де жоқ.

Өйткені, олар жергілікті билік өкілдерінің өздерінің алдында құрдай жорғалайтынын күнде көріп отыр. «Қасиетті оңтүстік сендерге «игральная площадка» емес, көздеріңді ашып тірлік істеңдер» деп айта алатын ардагер-ақсақалдар онсыз да жоқ, бұл облыста.

«Заң аясында жұмыс істеуді ұмытпай жүріңдер» деп айтуға біздегі құқық қорғау органы басшыларында дәрмен жоқ. Содан кейін «басиесіздік» байқалатын елде, олар еркінсінбегенде, кім еркінсиді? Сондықтан, 7 жасар бүлдіршініміздің тағдыры бүкіл елдің «ең қызықты» ойынына айналып кеткен жоқ па?

«шындықтың шыңы биік, жолы жалғыз»

Сарыағаштағы жағдай облыстың бірінші басшысының бақылауына алынып, арнайы кеңес өткізілді. Фактінің орын алғандығына әлі нүкте қойылған жоқ. Республиканы дүрліктірген келеңсіздіктің туындауына себеп-салдарын тигізді делінген бірқатар азаматтар қызметтерінен шеттетіліп, бірқатарына қатаң шаралар көрілді, нақты тапсырмалар берілді.

Біздің айтпағымыз, облыстың бірінші басшысына елді алаңдатып отырған мәселенің ақ-қарасы шынайы ашып жеткізілді ме? Мәселе мектептен шықса болды, міндетті түрде сол жер кінәлі болып табылуы керек пе? Сарыағашқа облыс әкімі аппаратының бас инспекторы Г.Боранбаева бастаған комиссия барды. Аудан орталығында және №74 мектепте жиналыс өткізілді. Облыстық жұмысшы топ өкілдері жұртшылықпен пікірлесті, білім бөлімі мен екі мектептің жұмыстарына зерделеу жасалынды. Бірақ, олар облыстың бірінші басшысының алдына Сарыағаштың «картасын» ашып тастай алмаған сияқты. Оқиға оқушыға қатысты болды ма бітті, «не көрінсе тышқаққа көрінсіннің» керімен, мектеп міндетті түрде кінәлі болып табылуы ұстаным етілгендей болды. Не үшін?

Адам факторы қайда? Бастауыш сыныптан бастап оқушыны жеке тұлға деп дайындаудамыз. Жеке тұлғаның қателігі үшін неге өзгелер жазалануға тиісті? Комиссия жеке тұлғаны, олардың отбасын зерделей білді ме? Білім бөлімі мен  №73, №74 мектептің жұмыстарымен тереңнен танысып көріп пе? Бір баланың ғана емес, қаншама адамның тағдыры сын сағатта тұрғанына сергектік көрсетіп пе, комиссия? Бір облыс ғана емес, бүкіл елдің назарында тұрған мәселенің жауапкершілігін тереңнен сезініп, облыс әкімінің сеніміне селкеу түсірмеуді ойласа, білім мекемелеріне кінәні үйіп төге бергенше, шындықтың шымылдығын түріп тастамай ма?

Облыс әкіміне шындық ашып айтылған болса, жағдайға да шынайы баға берілмес пе еді?

Айтпағымыз, бүлдіршінге зорлық-зомбылық жасап, құқықбұзушылықтың күдіктісі болып отырған жасөспірімдердің кінәсі дәлелденсе, заң аясында жауапкершілікке тартылады. Оған ешкімнің дауы жоқ. Балалықтың желігімен жасаса да, қолымен істеген мойнымен көтереді. Сот үкімі шықпай, оны сөз етуге ешкімнің құқығы жоқ. Екіншіден, қоғадай шулап, жау шапқандай дүрліктірген тірлігіміздің соңында «Саяси сахнаның» басты кейіпкері 7 жасар бүлдіршінді «лақтырып» кететін сияқтымыз. Туылмай жатып әкесі шешесін тастап кеткен, шешесі сәбиін әжесіне қалдырып, қыр асып кеткен, тағдыры әжесінен оның әпкесіне өткен, бүгінгі күннен де ертеңі бұлыңғыр бүлдіршінге шын жанашырлық көрсеткіміз келсе, оны «Балалар үйіне» орналастырудан дұрысы жоқ. Басқаның бәрі бос сөз.

Үшіншіден, мәселеге орай білім мекемелері басшылары мен ұжымдарына «тырнақтың астынан табылған кірді» жағуға құлшыныс көрсету «науқаншылдықтың» көрінісі болып қалуы бек мүмкін.

Білім бөлімі де, екі мектептің де бала тәрбиесіне байланысты атқарып жатқан істерімен жете танысып, шынайы бағасын бермесе, оның өзі ұстаз қауымына жасалған қиянатқа айналады. Олардың қолында жинақталған құжат жетерлік дер едік.

Төртіншіден, прокуратура  органы осы мәселенің аясында құқығы тапталған жасөспірімдерге қорғаныш бола алатынын нақты істермен көрсетуге тиісті. Оңтүстіктің беталдылыққа кетіп, ел заңнамаларын белінен басып, бүйрегіне біз тыққандай шіренетін кейбір қаламгер-сымақтарына тиісті талапты қоятын уақыт жетті.

Олар оңтүстіктің намысты жұртын «қара жердің тесігі болса, кіріп кетердей» етті, республиканың төрт бұрышын дүрліктіріп тынды. Енді олар ҚР Қылмыстық кодексінің 147 және 532-бабтарын не үшін аяқ асты еткендеріне жауап берсін. Облыста оған ешкімнің шамасы жетпейтін болса керек, онда біз бұл мәселені ҚР Бас прокуратурасының алдына қоюға мәжбүрміз.

Ең басты өкініш, Құркелестің бойына сыймай жүргендіктен емес, тоқтықтан ықылық атып, не істерін білмей жүрген бай-манаптардың «кландық» екі тобының 7 жасар баланың тағдырын «саяси ойындарына» құрал етіп пайдаланғаны болып тұр.

Айттық та, айтамыз да…

Өйткені, біз қашан да қарапайым халқымызбен біргеміз. Сарыағаштағы «кландық» топтардың айқасы мен жергілікті биліктің науқаншылдық «показуха» тірліктерінің зардабын еңбек адамдары мен бала-шаға тартуға тиісті емес. Қ.Батырбеков Б.Майриховтың «заврайоо» болуына қарсы болып аласұрғанына өзінің газетіне Б. Майрихов маған 2 млн. теңге пара бермек болғанында «финпол» айналыспай қойды» деп жазғаны дәлел емес пе? М.есімді қаламгерсымақ №73 мектептің директорына М.Махановты парамен ұстатқыздың деп жасаған қуғындауының соңы бүгінде сотта жатқа жоқ па? Аудандық мәслихаттың хатшысының өз еркімен қызметтен кетуі де «кландық» топтың біреуінің «жеңісі» емес пе? Білім саласының басынан «қиқу» кетірмей отырғандар да «кландық» топ. Ауданда білім саласын реттеуге Б.Майриховтың жұмыс істеуіне мүмкіндік берілмейді. Тіпті, оның «саяси ойынның» құрбандығына шалынуы да мүмкін. Өйткені, бір адам кінәлі болып шығуы керек қой.  Бұл аз болса, бүлдіршіннің әжесіне «кредитін» жауып берудің қаңқуы шыққаны рас па? Қысқасы, Сарыағаштың «картасын» ашатын зерделеуді оқырманға ашық ұсынатын боламыз.

                                                                                                                                             (жалғасы бар)

                                                                                                                                             Ә.Мұратбеков.

фото SN.kz 

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.