Айтыстың бас жүлдесін Жандарбек Бұлғақов жеңіп алды
Астананың «Қазақстан» концерт залында өткен «Рух жаңғырығы» атты халықаралық ақындар айтысының бас жүлдесін Жандарбек Бұлғақов ұтып алды. Жеңімпазға «Hiunday» автокөлігі табысталды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат». Халықаралық дәрежедегі айтыстың ұйымдастырылуына Халықаралық медицина орталығының басшысы Жасан Зекейұлы мұрындық болып отыр. Айтыс алдында демеушіге Астана қаласының әкімі Әсет Исекешевтің алғыс хаты табыс етілді. «Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласына орай, ел рухының жаңғыруына қарлығаштың қанатымен су сепкендей үлесімді қоссам деп едім. Астанада үш жыл бойы айтыс өтпей қойып еді. Сондықтан керемет айтысқа сәрсенбінің сәтін таңдап отырмыз. Ақындарға сәттілік серік болсын», — деді Жасан Зекейұлы. Халықаралық ақындар айтысын ақын Серік Құсанбаев жүргізді. Сөз додасына еліміздің түкпір-түкпірінен және Қытай, Моңғолиядан іріктелген 16 ақын келген. «Ұрыста тұрыс болмайды» демекші сахнаға бірінші болып Есімжан Нақтыбайұлы мен Іңкәрбек Әділхан шықты. Қос ақынның «Рухани код деген тіл мен дінің» және «Төрт бұрыш экранға байланғандар, төрдегі ата-анасын ұмытып жүр» дегендей түйдек-түйдек ойлары халықтың зор қошеметімен өз бағасын алды. Екінші жұп болып шыққан Ардабек Ақбаба мен Нұрлан Бектібаев шаппа-шап айтыстың нағыз үлгісін көрсетті. Нұрланның «Нұрланып нұрын шашқан Нұрқалаға, Нұр үстіне нұр болып Нұрлан келді» дегені көрерменнің езуін тартқызса, Ардабек өз кезегінде «Ұлық боп кеткен ұлысы, Ұлықбек туған ауданнан» келгенін айтып көрерменнің құлақ құрышын қандырды. Нұрланның Ардабектің бет-әлпетіне тиіскен әзілі де «Бұл заманда беті шұбар менен емес, тілі шұбар жандардан қорыққайсың» немесе «Өзге тілде сайрайтын бұлбұлдардан, өз тілінде сайрайтын қарға жақсы» дегендей ұтымды жауабы соңғы ақынның жеңісімен аяқталды. Кештегі халықтың зор қошеметіне ие болған айтыстың үлгісін Айнұр Тұрсынбаева мен Сырым Әуезхан көрсетті. Әпке мен інінің әдемі әзілге құрылған айтысы көрермендерді ду күлдіргенін атап өтуге болады. Қос ақынның тартысты айтысын Айнұр «Желбіреп келген айтысқа, желкілдеп қайтшы тілегім» деп ұтымды түйіндеді. Аталған айтыста Сырым екі ұпаймен қарсыласынан басым түсті. Айтыс барысында сонымен бірге, Әсет Дүйсебаев пен Талғат Мықидың, Жандарбек Бұлғақов пен Арзыгүл Қайыңбекқызының, Қабдыжәлел Сақарияұлы мен Фархад Маратұлының, Нұрлан Бектібаев пен Мұхамеджан Мансұровтың, Мұрадым Мирланов пен Мөлдір Айтбайдың айтысы көпшіліктің қошеметіне ие болды. Айтыстың алғашқы кезеңінің қорытындысы бойынша, ақтық сайысқа Сырым Әуезхан мен Жандарбек Бұлғақов, Айнұр Тұрсынбаева мен Әсет Дүйсебаев шықты. Бірінші болып шыққан Сырым мен Жандарбектің тартысты сөз додасы қос ақынның ең жоғарғы 70 ұпай алуымен аяқталды. Екі ақын ел өміріндегі ең өзекті мәселелерді қозғағанын атап өту керек. Ақтық сайыстың екінші жұбында айтысқан Айнұр мен Әсет кезек-кезек сөз барымтасының үлгісі қандай болатынын таныта білді. Айнұр айтыс соңында Әсетке жол берді.
«Жалпы Елбасының «Рухани жаңғыру» атты салиқалы мақаласында ұлттық рух, ұлттық мәдени құндылықтарымыз, оның ішіндегі салалы бағыттар бойынша келелі мәселелер көтерілді. Сол ұлттық бағытты темірқазық етіп, айтыс өткізіп жатқан Жасан ағамызға үлкен ризашылығымызды білдіреміз. Ұлттық мәдениетті дәріптейтін өнер доласы көпшіліктің көңіліен шықты деген ойдамын», — деген ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің өкілі Гүлмира Қуашева Жасан Зекейұлына Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының алғыс хатын табыс етті.