«Ақ жол» газетіндегі оқу-ағарту мәселесі
ХХ ғасырдағы «Ақ жол» газеті шын мәнінде ұлт баспасөзінің басты темірқазығы бола білді. Осы басылымдардың септесуімен ағартушылық бағыт барынша өркен жайып, ұлттық идея өрістеді.
Ал 1920 жылдың 7 желтоқсанынан бастап «Ақ жол» атымен шыға бастаған газет қазақ көсемсөзіне жаңа леп әкелді. Олай болса «Ақ жол» газеті төңкерістен соң ұлттық идеяны, ұлы мақсатты мейлінше көтерген газет боды.
«Ақ жол» ең бастысы, ұлттық мүддені көздеп, сара жолдан адаспады. Анығында газет әсіресе оқу-ағарту жайына ерекше тоқталып, сауатсыздықты жоюға, елдегі оқу жайының жақсаруына біршама ықпал етті дей аламыз. Мәселен, «Ақ жол» газетінің 1921 жылғы 22 қаңтардағы санында «Халық ағарту комиссариаты назарына» атты мақала шығып, білімге ұмтылып, ертеңге үміт артқан жастардың жай-күйіне назарын аударады да, бірқатар ұсыныстар жасайды.
Одан бөлек, «Жастарға» атты мақалада ел есті санаған зиялының дені жұртқа қызмет етудің орнына, бас пайдасын ойлап, жаңа қоғам орнаса да төрелердің дем беруімен орысша там-тұмдап тіл сындырғандардың көбінің комиссар, нұсқаушы, үгітші етіліп елге жіберілгенін, олардың жүрген жерлерінде зорлық-зомбылыққа жол беріп, ауызбастырыққа да дәндеп алғанын дәлелді айғақтармен ашына айтыпты.
Қысқасы, «Ақ жол» газетінің тек 1924 жылғы сандарының өзінде оқу-ағарту жайына жан-жақты тоқталып, тарқата талданған «Ағарту ісін жөндеу айында», «Ағарту айында не істеу керек?», «Оқу жолындағы түпкілікті шаралардың бірі», «Көшпелі халықтар арасына интернатты мектеп ашу туралы», «Сырдария облысында оқу айын өткізу тәртібі», «Балалар әдебиеті керек», «Қазақ-қырғыз білімпаздарының жиылысын шақыру», «Барлық күшті жас буынды тәрбиелеуге жұмсаңдар!», «Оқу комиссариатының есінде болсын», «Көшпелі ел арасында мектеп қандай болуы керек?» және т.б. мәні жоғалмаған мақалалар жарық көріпті.
«Ақ жолға» Оңтүстік өңірінен хат жолдап, мақала жазып тұрған ағартушылар да аз болмаған. Мәселен, мұғалім Әбубәкір Сандыбаев кәнігі журналист болмаса да, «Ақ жолдың» «Елден» айдарына жиі мақала жолдап отырды. Мәселен, «Сауран мектебі» мақаласында ол мектептегі 105 баланың 30-ы қарасатыны жоқ жетім екендігін, олардың қамқоры болмағасын интернатта жатып оқитынын айта келе, Түркістаннан келген қыр қазағының өмір тынысынан бейхабар комиссияның сол жарымкөңіл жетімнің 9-ын оқудан шығарып тастағанын күйіне жазады. Осылайша «байдың тұқымы екен» деген байламға тоқтап, тоғызының да үйлері алыс, әрі кедей болғандығына қарамай мектептен аластаған мұндай комиссияның ел ішіне шығуының пайдасынан зияны көп болып тұрғанын тайсалмай айтады.
Сандыбаев оқу-ағарту саласы жайында көбірек қалам тартқан. Айталық, «Түркістан үйезі» еңбегінде ол Саурандағы жалғыз қазақ мектебінің хал-жайын: «Өзбек, қазақ балалары аралас оқып жүретін. 1920 жылы жазда Саураннан 30 балалы интернат ашылып еді. Көшпелі қазақ халқының балалары үшін оған 30 бала алынды. Әке-шешесі жоқ жетім балалардан һәм ауылы алыс кедейдің балаларынан.
Интернатқа керекті саймандардың бірі де жоқ. Алғашқы кезде 3 кесек киіз алынып еді. Онан бөлек еш нәрсе берілген жоқ. Көрпе, жастық, киім сияқтылар. Алғаш ашылған уақытында балаларға киім қылу үшін 40 бөлек бөз беріліп еді. Сонан қысып, қымтып 5 көрпе қылып жетім балаларға бердік. Сонымен тор, аяқ, жабдық, қазан, шелек ондай нәрселер әркімнен уақытша сұралып алынады. Кровать, стол, орындық дегеннен еш нәрсе жоқ. Бұл туралы халық ағарту бөліміне айтсақ, ақшаның жоқтығын айтады. Көмір алуды бөлімге жазсақ, ақша берсе істеліп беріледі, болмаса жоқ дейді. Сонымен осы уақытқа дейін келді.
Балалардың жатқан жайы жазға жайсыз болған себепті 20 майда Құрбанбек Ағаяқ баласының қорасын алып сонда қондырдық. Қорасының бәрі салқын болғандығы үшін.
Өткен май айының ішінде балаларға екі сыпырадан тауар шығып, балалар жаңа киім киіп көңілдері көтеріліп қалды. Сондықтан бұл туралы хүкіметке алғыс айтуда»,-деп туғанына жақпаса да турасын айтып, шыр-пыр болады. Осы жылдың қаңтарында газет бетінде аталған тақырыпты қайта көтерген ұстаз Сауран интернатының жөндеу жұмыстарына жоғарыға смета тапсырғанымен, ақшасы да хабары да жоқ болып тұрғанын оқырманға жеткізеді.
Ал Сұлтанбек Қожанов «Қырғыз-қазақ институты һәм мектеп жұмысы» атты мақаласында жергілікті халықтарды сауаттандыру ісіндегі ірі кемшіліктердің бетін ашып көрсетеді. «Халық әлі қараңғы, ұлт мектептері жоқ. Европалықтар мектебінде тәрбие алып, мұғалімдікке әзірленгендер қала тұрмысына жаттығып, қазақ тұрмысына жуыса алмай, үйкүшік ботадай тамды айналақтап жүр. Оларды қызықтырып алып кететін қазақтың тұрмысында қызықты түк жоқ. Осы кемшіліктің емі Қазақ-қырғыз институтынан табылмақ. Нағыз оқытушы қайраткерлер содан шықпақ. Ел ішіне сіңіп, елмен бірге жасап, көсемдік қылатын үй мұғалімдері, кеңес жұртшылығының, ұлт мәдениетінің қайраткерлері Қазақ-қырғыз институтынан шықпақ. Қылтанақ өсіп, алып болады. Ұшқыннан өрт шығады. Кеңес билігі дәуірінде туған Қазақ-қырғыз институты жеміс бере бастады. Бірте-бірте міндетін түгел атқарады» деп сенім білдіреді.
Одан бөлек қайраткердің «Әр халықтың оқу жұмысы партия жолына, мемлекеттік билеу түріне, жұртшылық талабына, тіршілік сыңайына сәйкес жүргізілуге тиіс. Оқу, білім әр дәуірдің мәдениет деңгейіне, тіршілік өрісіне лайықты болмақ. Халық ағарту жөнін, тәрбие жолын, мектептердің түрін құр «мынадай бола қойсын» деп, ерігіп отырып шеше салуға болмайды. Мектеп — жұртшылықтың, тұрмыстың көзге көрінетін таңбасы» деген орынды пікірі де, «Дәл осы тұста қазақ, қырғыз қара бұқарасына ең керегі — өз тілінде оқытатын ұлт мектебі. Әзірше еш болмаса ана тіліндегі бастауыш мектептері болуы шарт. Балалар білімді де, тәрбиені де өз ана тілінде алуы керек. Мезгілсіз басқа тілге байланып сорлау жөн емес. Білім тілде емес, түсініктерде, тәрбие орысша шүлдірлеуде емес, жақсылыққа жаттығуда. Мұның бәрі жас балаға ана тілінен, ұлт мектебінен дариды. Жат тіл тәрбие ісінде қиын, түсінуге ыңғайсыз, құр жол бөгеу» деген жөн сөзі де бүгінде күн тәртібінде тұрған өзекті мәселелер десек, шындықтан ұзап кетпейміз. Бастысы, ол ұлт мектептерін ашып алған соң, шаруа ғылымын үйрететін, тұрмыс, тіршілікке жаттықтыратын, яғни, әрі оқытып, әрі баулитын кәсіптік еңбек мектептерін ойластыруды, оларда да оқуды ана тілінде жүргізуді міндет етіп қою керектігін ескертумен бірге, оларды дамыту жолдарын табуды, шетпұшпақтап іске кірісе беруді ұсынады.
Олай болса, «Ақ жолда» жарияланған мақалалар, сол кезеңнің оқу-ағарту жайынан мағлұмат алуға мүмкіндік беретін осынау маңызын жоймаған материалдар құнды тарихи дерек болып табылады деп нық сеніммен айта аламыз.
Асхат Айтымбаев,
М. Әуезов атындағы ОҚУ, Жоғары оқу орнына дейінгі дайындық орталығының аға оқытушысы, тарих ғылымдарының магистрі.