Әкім мырза әйелі мен баласын мектепке қызметтік көлігімен жеткізіп салып отырған
Қостанай облысында ауыл әкімі әйелі мен баласын мектепке қызметтік көлігімен жеткізіп салғаны үшін жазаланды, деп хабарлайды nur.kz сайты Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Қостанай облыстық департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«15 қыркүйек күні таңғы сағат сегіздер шамасында, яғни жұмыстан тыс уақытта Затобольск ауылының Наушабаев атындағы мектепке ВАЗ 21214 нөмірлі қызметтік көлік келеді, көліктің ішінен әйел мен бала түсіп, мектепке кіріп кетеді. Біраз уақыт өткеннен кейін әйел мектептен шығып, жүргізушімен бірге кетеді. 19 қыркүйек күні таңертең сағат 8 шамасында мектепке қайта сол көлік келеді, машинадан әйел мен бала түседі. Көлікті Қостанай аудандық ауыл округінің әкімі басқарып отырған», — деп хабарлайды баспасөз қызметі.
Департамент қызметкерлері қайта тексеріс жүргізіп, материал қорытындылары этика жөніндегі кеңеске жіберілді.
«Мемлекеттік қызметшінің іс-әрекеттерінде мемлекеттік қызметшілердің этикалық кодексі нормаларын сақтамау фактілері дәлелденді. Әкім өзінің кінәсін толық мойындап отыр. Ол сол күндері Глазуновка ауылынан (облыс орталығынан 30 км жерде) қызметтік көлікте келе жатып, әйелі мен баласын мектепке апарып тастаған», — деді ведомствода.
Әкімге қатаң сөгіс жарияланды деп хабарлады департаменттегілер.