Ақтөбе облысында аяғы ауыр келіншек бір аптадан бері табылмай жатыр
QAZYGURT.KZ: Ақтөбе облысы Хромтау ауданында Динара Зарипова есімді келіншек бір аптадан бері табылмай жатыр. Аяғы ауыр келіншекті туыстары қайдан іздерін білмей шарқ ұрып жүр.
Із-түзсіз кеткен келіншектің сіңлісі Гүлмира Зарипованың сөзінше, олар әпкесінің жоғалғанын ауылына Динараның жұбайы келген соң бір-ақ білген.
«Әпкем соңғы рет менің үйімнен шығып кетті. 5-наурыз күні кешкілік ауылына қайту керек болатын. Содан хабар жоқ. Біз оның жоғалып кеткенін бірден білген жоқпыз. Мен ол ауылына кетті деп алаңсыз жүрдім. Ауылдан күйеуі келгесін 3-4 күннен кейін ғана іздеу салдық. Бұрын мұндай жағдай болып көрген жоқ. Зауыт полициясына барып жолдасы арыз жазды. Өзінің аяғы ауыр, жүктіліктің бесінші айында», — дейді сіңлісі Гүлмира Зарипова.
Жоғалып кеткен 32 жастағы келіншектің үш баласы бар. Үлкен баласы бесінші сыныпта оқиды. Одан кейінгі балалары 5 және 2 жаста.
«Қайдан іздерімізді білмей отырмыз. Ол қалаға келгенде Кірпішті ауылындағы енесінің үйіне немесе біздің үйге келетін. Бала-шағасы бар адам біреуге еріп жүре бермейді. Көрген адамдар болса полицияға хабарласыңыздаршы. Бойы қатты ұзын емес, шамамен 160-165 см болып қалады. Аяғы ауыр болған соң толық көрінеді», — дейді сіңлісі.
Облыстық ІІД-нің баспасөз қызметі 1987 жылы туған Динара Зариповаға туыстары 8 наурыздан бастап іздеу салғанын растап отыр.
АҚПАРАТ көзі: kaz.nur.kz