Ақтөбеде әжетхана жуудан бас тартқан медициналық университ студенті желіні шулатты
QAZYGURT.KZ: Ақтөбеде медициналық университет студенті әжетхана жууға міндеттеген оқытушыға қарсылық білдірді. Жоғары оқу орны осы оқиғаға қатысты түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Әлеуметтік желіге студент пен оқытушы арасындағы ұрыс-керіс жарияланды. Жазбада студенттің жуынатын бөлмеде жүргені, бұған дейін еден жуғаны, оқытушының «әжетхананы жу» деп тапсырма бергені анық көрінеді. Университеттің стоматология бөлімінде жыл сайын 800 мың теңге төлеп оқитын студенттер бұл міндетті жұмысқа қарсылық білдірді. Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медициналық университет әкімшілігі осы оқиғаға қатысты түсінік берді. «Университеттің стоматология факультетіне үш қабат бөлініп, кабинеттер берілді. Сонымен қатар, стимуляциялық орталық ашылды. Ғимаратта күрделі жөндеу жұмысы жүргізілген соң факультеттің оқытушылары мен жоғары курс студенттері арасында сенбілік ұйымдастырылы. Сол кезде олар тазарту жұмысына көмектесті. Қазіргі уақытта университет ректоры Ербол Бекмұхамбетовтың тапсырмасымен арнайы комиссия құрылып, нақты жағдай анықталып жатыр. Нәтижесі бойынша шара қолданылады», — деп хабарлады университеттің баспасөз қызметі. ҚазАқпарат тілшісі университетке барып, мән-жайды анықтамақ болды. Университеттің стоматологиялық кабинеті профессор, кафедра меңгерушісі Райса Ораздың іссапарға кеткенін айтты. Ал медицина ғылымдарының докторы, интернатура және резидентура деканы Роза Нұрғалиева студент алдымен өзіне келгенде мұндай шу болмас еді деп есептейді. «Бұл мәжбүрлі жұмыс емес, сенбілік. Егер студент маған келіп, шағым түсіргенде тексеріп, шешім қабылдайтын едім. Қазір технология заманы болып тұр. Мен студенттің немесе басшының жағын қолдай алмаймын. Бәріне баспасөз қызметкері жауап береді. Негізі ол жерде кеңейту жұмысы жүріп, студенттер тазартуға көмектесті. Оқытушыға неге ұнамай қалғанын комиссия анықтайды», — деді Роза Нұрғалиева.
АҚПАРАТ көзі: inform.kz