ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ҚАЗҰУ – ОЗЫҚ БІЛІМ ОРДАСЫ
Жуырда еліміздегі, ТМД елдерінің ішіндегі озық, жетекші университет – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің құрылғанына 85 жыл толды. 1934 жылдың 15 қаңтарында ашылған университет бүгінде еліміздің әлеуметтік-саяси өміріне және экономикасына аса зор үлес қосып келеді. Оқу орны ғылым және білім беру кеңістігінде өзінің лайықты орнын алып, жоғары білім саласындағы әлемдік көшбасшы университеттің біріне айналды.
Қазақ ұлттық университеті 2019 жылы, QS (Ұлыбритания) рейтингтік агенттігінің ранжировкасы бойынша әлемдік жоғары оқу орындарының ішінде сапа көрсеткіштері бойынша Топ-университеттердің ішінде 165-орынды иеленді.
ҚазҰУ – 14 факультеттен тұратын білім мекені. Ол сапалы оқыту әдістемелерімен ерекшеленеді. Әсіресе – Экономика және бизнес жоғары мектебі. Бұл факультет қазіргі заманғы базамен жабдықталған төрт кафедрадан тұрады, оның ішінде «Қаржы және есеп» кафедрасы – ең үздік кафедра. Факультетте озық техникамен жабдықталған мамандандырылған кабинеттер жетерлік. Сонымен қатар, ғылыми және оқу әдебиетінің бай қорымен жабдықталған кітапхана, студенттер сабаққа мамандандырылған оқу залдарында, оқу-әдістемелік аудиторияларда дайындалады, практикалық, зертханалық сабақтар өтетін және тест түріндегі емтихандар қабылданатын компьютерлік кластар бар.
Экономика және бизнес жоғары мектебіндегі «Есеп және аудит» кафедрасы 2004 жылдың 27 сәуірінде құрылған, 2019 жылы «Қаржы» кафедрасымен қосылып «Қаржы және есеп» кафедрасы аталды. Жыл сайын профессорлық оқытушылар құрамы шетелдегі жетекші ЖОО-ға біліктілікті арттыруға жіберіліп тұрады.
2012-2013 оқу жылынан бастап «Есеп және аудит» мамандығы бойынша тек ағылшын тілінде білім алатын студенттер тобы қабылданған. Біздің студенттер дипломдарын алғаннан кейін нарықта сұранысқа ие. Оқу процесін үзбей, кез келген студенттің халықаралық бухгалтерлік есеп саласы бойынша CIPA сертификация бағдарламасын оқып, сертификатын алу мүмкіндігі бар.
Академиялық мобильділік шеңберінде кафедрада көптеген ғылыми конференциялар, симпозиумдер, көрмелер өткізіледі. Жыл сайын оқытушылар халықаралық ғылыми-практикалық конференциялар мен семинарларға қатысады.
Экономика факультетінің студенттері тек қана кәсіби дайындықты игеріп қана қоймай, сонымен бірге қоғамдық өмірге де белсенді араласады. Факультеттің жастар комитеті әртүрлі олимпиадалар, КТК, пікірталастар, дөңгелек үстелдер өткізіп, белгілі тұлғалармен кездесулер ұйымдастырады. Яғни біздің білім ордасында оқыған студенттердің тек қана өз ісінің маманы болып қана қоймай, сонымен қатар өмірлік ұстанымдарының да көшбасшысы болуына мүмкіндік мол.
Г.Нургалиева,
ҚазҰУ доценті.