Әлеуметтiк желiдегi заңбұзушылық үшiн қолданылатын жаза
130-бап. Жала жабу. Қылмыстық кодекс бойынша, жала жабу, басқа адамның ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін немесе оның беделін түсіретін жалған мәліметтер тарату деген сөз. Көпшілік алдында сөз сөйлегенде, әлеуметтік желідегі жазбасында немесе бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жала жапқан адам 200 АЕК көлемінде (шамамен 4 млн. 538 мың теңге) айыппұл төлейді немесе осы айыппұл көлеміне тең түзету жұмысына тартылады. Болмаса, 2 жылға дейін бас бостандығынан айырылады.
131-бап. Қорлау, яғни басқа адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін әдепсіз түрде кемсіткен адамға сот 200 АЕК көлемінде (453 800 теңге шамасында) айыппұл сала алады. Немесе, 180 сағатқа тең қоғамдық жұмысқа тартылады. Айыппұл төлей алмаса, айыппұл құнына пара-пар түзету мерзіміне кесіледі.
147-бап. Адамның жеке және отбасылық құпияларын заңсыз жария ету, өзінің лауазымын пайдалана отырып, жеке адам туралы және оның отбасы туралы мәліметтер жинаған, отбасының құпиясын бұзған адамға Қылмыстық кодекс 5 жыл түрме жазасын кеседі. Бұндай қылмыс жасаған азаматтар сол лауазымды 2-5 жыл уақытқа дейін атқара алмайды. Ал, құпияны жинап қана қоймай, жария еткен (әлеуметтік желі арқылы да) адам 7 жылға сотталуы әбден мүмкін.
161-бап. Басқыншылық соғысты тұтандыратын насихат жүргізу және жария түрде шақыру. Басқыншылық соғысты тұтандыратын насихат жүргізіп, жария түрде соғысқа шақырған адам 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылады.
174-бап. Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік немесе діни араздықты қоздыру. Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, діни араздықты немесе алауыздықты қоздыруға, азаматтардың ұлттық ар-намысы мен қадір-қасиетін не діни сезімдерін қорлауға бағытталған қасақана іс-әрекеттер жасаған адам екі жылға дейінгі мерзімге түзеу жұмыстарына не жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
179-бап. Қазақстан Республикасының конституциялық құрлысын күшпен құлатуға немесе өзгертуге не оның аумақтық тұтастығын күшпен бұзуға шақыру. Әлеуметтік желі арқылы осындай әрекетке барған адам 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылады.
180-бап. Бұқаралық ақпарат құралдарын немесе әлеуметтік желіні пайдалана отырып, Қазақстан Республикасының тұтастығын бұзуды насихаттаған немесе жария түрде соған шақырған адам 5 жылдан 10 жылға дейін түрмеге қамалады.
207-бап. Ақпараттық жүйенің немесе ақпараттық-коммуникациялық желінің жұмысын бұзу. Ақпараттық жүйенің немесе ақпараттық-коммуникациялық желінің жұмысын бұзуға бағытталған қасақана әрекеттері үшін адам екі жылға дейінгі мерзімге белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып немесе онсыз, 2000АЕК (4 млн. 538 мың шамасында) мөлшерде айыппұл салуға, не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не дәл сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
256-бап. Терроризмді насихаттау немесе жария түрде террорлық акт жасауға шақыру. Бұндай әрекет жасаған адамдар үшін мүлкін тәркілей отырып, 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
274-бап. Әдейі жалған ақпарат тарату. Қоғамдық тәртіпті бұзу немесе азаматтар мен ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерін не қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне елеулі түрде зиян келтіру қаупін төндіретін жалған ақпарат таратқаны үшін адам 5000 АЕК көлемінде (11 млн. 345 мың теңге) айыппұл төлейді немесе осы айыппұл көлеміне тең түзету жұмысына тартылады. Болмаса, 2 жылдан 5 жылға дейінгі аралықта бас бостандығынан айырылады.
373-бап. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентін – Елбасын көпшілік алдында қорлау және оның абыройы мен қадір-қасиетіне өзгедей қол сұғу. Бұндай әрекет үшін адам 3000 АЕК көлемінде (6 млн. 807 мың теңге) айыппұл төлейді немесе осы айыппұл көлеміне тең түзету жұмысына тартылады. Болмаса, 3 жылға бас бостандығынан айырылады.
375,376,378-баптар. ҚР Президентінің, ҚР Парламенті депутатының, билік өкілінің ар-ұжданы мен қадір-қасиетіне қол сұғу және қызметтеріне кедергі жасау Қазақстан Республикасы Президентін жария қорлау немесе оның ар-ұжданы мен қадір-қасиетіне қол сұққаны үшін азамат 3000 АЕК дейінгі мөлшерде (6 млн. 807 мың теңге) айыппұл төлейді немесе 3 жылға бас бостандығынан айырылады. Депутатқа тоқталар болсақ, Қазақстан Республикасы Парламентінің депутатын жария қорлағаны үшін азаматтар 2000 АЕК (688 мың теңге) айыппұл төлейді немесе осы айыппұлға тең түзету жұмысына тартылады. Сондай-ақ, 240 сағатқа тең қоғамдық жұмысқа тартылуы мүмкін. Немесе, 75 тәулікке қамауға алынады.
402-бап. Сот заңсыз деп тапқан көтерілісті жалғастыру үшін адамды айдап салатын әрекет. Бұндай әрекеті үшін адам 1000 АЕК көлемінде (2 млн. 296 мың теңге) айыппұл төлейді немесе осы айыппұлға тең түзету жұмыстарына тартылады. Сондай-ақ, Қылмыстық кодекске сәйкес, сот осындай әрекетке барған адамды 1 жылға бас бостандығынан айыра алады.