АЛЛАДАН ҚОРЫҚҚАН АДАМДА ЖЕТІ ТҮРЛІ БЕЛГІ БОЛАДЫ
Үлкен фиқыһ ғұламасы Әбу Ләйс Самарқанди әңгімелеуде: «Алладан қорыққан адамда жеті түрлі белгі болады.
Біріншісі – тілге қатысты белгі. Алладан қорыққан адам тілінің қызметі арқылы өтірік, өсек, ғайбат айтпайды, ешкімді шағыстырмайды.
Екіншісі – жүрегіне байланысты белгі. Алладан қорыққан адамның жүрегінде басқаларға деген қызғаныш, көре алмаушылық, іштарлық, жалақорлық болмайды.
Үшіншісі – көзіндегі белгі. Алладан қорыққан адам харам асқа, харам сусынға, харам киімге, қысқаша айтқанда, харамға көз салмайды. Дүниеге қомағай көзбен емес, ғибрат алу ниетімен ғана қарайды. Адал емес нәрселерден көзін аулақ ұстайды.
Төртіншісі – қарны арқылы болатын белгі. Алладан қорқатын адам харам жемеуге қатты көңіл бөледі, өйткені харам жеу – ауыр күнәлардың бірі.
Бесіншісі – қолының себепкерлігімен туындайтын белгі. Алладан қорқатын адам қолымен харамға бармай, қайта Алланың разылығына сай істер жасауға құмартады.
Алтыншысы – аяғында. Алладан қорқатын адам күнә істеуге емес, Алланың әміріне сай істерді істеп, сауап алатын орындарға барады. Ғалымдармен, ізгі амал жасаушылармен жүздесу үшін қадам басатын болады.
Жетіншісі – амалында. Алладан қорқатын адам амалдарын тек қана Алланың разылығы үшін жасайды. Басқалар көрсін деп істеуден, екіжүзділіктен бойын аулақ ұстайды.
kazislam.kz.