Алматыда 32 млн теңгені жымқырды деген күдікпен ұсталған зообақ есепшісі 7 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды ҚазАқпаратқа сілтеме жасаған Stan.kz.
Үкімді судья Фаррух Омаров оқыды. «Марина Назарова ҚР ҚК 241-бабы бойынша Алматы зоологиялық паркі МКК-іне залал келтіріп және ҚР ҚК 189-бабының 4-бөлімі бойынша өзгенің сеніп тапсырған мүлкін тонады деген айып сотта дәлелденді. Екі бап бойынша Назарованы түпкілікті 7 жылға бас бостандығынан айырып, 5 жылға есепшілік, мемлекеттік қызметке тағайындалуына тыйым салынады», – деді судья Омаров.
Сонымен қатар судья Назарованың мүлкін тәркілеп, 32 млн теңгені өндіру туралы шешім шығарды.
Сондай-ақ, 100 АЕК, 212 000 теңге көлемінде айыппұл салынды. Жарыссөз барысында прокурор Ержан Құрақбаев сотталушыны айыпты деп танып, 8 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған болатын. Айта кету керек, 37 жастағы күдікті Марина Назарова 14 тамызда ұсталған болатын. Оған қарсы құны 32 млн теңге болатын билеттерді компьютерден жойып жіберді деген айып тағылды.