«АЛТЫН ҰЯМ» ЖОБАСЫ СӘТТІ ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛУДА

Түркістан облысында жомарт жүректі азаматтар туған жерді түлетуді дәстүрге айналдырған. Әсіресе, ел азаматтары мектеп бітіргендеріне орай өткізілетін 20 жылдық және өзге де мерейтойлық басқосуларға орай, өздері түлеп ұшқан білім ұяларына көмек көрсетіп, ізгілік дәнін себуде.

Мемлекет басшысы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында туған жерді дамытуға әрбір азамат еңбек сіңіруі тиіс екенін айтқан-ды. Осыған байланысты, Түркістан облысында «Алтын ұям» жобасы қолға алынған. Бұл жобаның мақсаты  – мектеп түлектерін өздері оқыған білім ордаларына жәрдем беруге үндеу, туған өлкеге сүйіспеншілікті арттыру, азаматтарды қайырымдылық жасауға ынталандыру.

Бүгінде той тойлаймын деп ысырапқа жол беріп жататын сәттер көп.  Бір күндік қарын тойғызумен шектелетін осындай іс-шаралар азайып, орнына қоғамға да, ұрпаққа да пайдалы дәстүрлер  енуі тиіс. Яғни, түлектер мектеп бітіргендеріне 20, 30, 40 жыл толуына орай өтетін дәстүрлі басқосуларды қайырымдылық акцияларымен ұштастырып, білім ұяларының материалдық-техникалық базасын жаңғырту бойынша демеушілік жасайды. Әрине, жоғарыда айтылған қайырымдылық іс-шараларында қыруар қаржы жұмсалған жоқ. Әйтсе де, жұртшылқты ізгілікке, отаншылдыққа, игі іске жұмылдыруда «Алтын ұям» жобасының маңызы зор. Алдағы жылы арнайы портал іске қосылып, мектеп түлектерінің аудан, қалалардағы білім ұялары мен туған мекендеріне жасаған қамқорлықтары насихатталмақ. Қайырымдылығымен көзге түскен үздік азаматтарға марапат тапсырылады.

Өңірдегі «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің бастамасымен бүгінде Түркістан облысында түлектер мектептердің материалдық-техникалық базасын жабдықтауға 9 млн. 145 мың теңге көлемінде демеушілік жасады.

Солардың бірқатарына тоқталсақ, Бәйдібек ауданында мектеп түлектерінің демеушілігімен Л. Өтешов атындағы жалпы орта мектепте 1,6 млн теңгеге  «Түлектер аллеясы» мен «Естелік кітапшасы» орнатылды.Мектеп ұжымына 10 домбыра сыйға тартылған.

Сондай-ақ өңірде Қ.Сыпатаев атындағы жалпы орта мектепте 1,2 млн. теңгеге «Достар» аллеясы, Абай атындағы жалпы орта мектепте 1,2 млн.теңгеге  кіреберіс қақпа орнатылған.

«Алтын ұям» жобасы тек білім ұялары мен нысандар салумен шектеліп жатқан жоқ. Жомарт жүректі мектеп түлектері тұрмыс жағдайы өте төмен отбасыларға баспана әперуде. Мәселен, Түлкібас ауданындағы Абай атындағы мектеп-лицейінің 1998 жылғы түлектері 20 жылдыққа орай баспанаға мұқтаж тұрғынға үй әперді. Келесі жылы да «Алтын ұям» жобасы аясында игі істер жалғасын табады.

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.