«AMANAT»: БИЗНЕС КУРСТАРДЫ ОНЛАЙН ОҚУҒА МҮМКІНДІК БАР
Бүгінгі таңда тұрғындар, оның ішінде әсіресе жас отбасылар үшін ең өзекті мәселелердің бірі – баспанамен қамту. Осы орайда «Отбасы банк» АҚ ұсынған «Бақытты отбасы» бағдарламасы шеңберінде ең төменгі бастапқы жарнаны төлеу арқылы жаңа тұрғын үй иесі атану мүмкіндігі бар. «AMANAT» партиясының Созақ аудандық филиалы мен «Отбасы банк» АҚ аудандық филиалы бірлесіп, «Халыққа көмек» партиялық жобасы аясында тұрғындармен кездесулер өткізді.
Онда «Отбасы банк» АҚ-ы жүзеге асырып жатқан бағдарламалар жөнінде ақпараттар айтылды. Кездесуге аталмыш мекеменің директоры А.Әбдінәби, «Ұлттық Кәсіпкерлер палатасы» аудандық филиалының директоры А.Анарбаев және жұмыспен қамту орталығының бөлім меңгерушісі М.Искакова қатысты.
Олар Сызған және Таукент ауылдық округтерінің тұрғындарына жалдамалы пәтер ақысының 50%-ын мемлекеттің өтеуі, қайтарымсыз гранттар, бизнес-идеяларды іске асыру мен кәсіпкерлік курсты онлайн оқу, сондай-ақ жылжымайтын мүлікті рәсімдеу туралы түсіндірме жүргізіп, азаматтарды қызықтырған сауалдарға жауап берді. А.Әбдінәбидің айтуынша otbasybank.kz платформасы арқылы тұрғын үйді жалдау ақысын субсидиялауға өтінім қабылдау 4 шілдеден басталған. Оған әрбір қазақстандық қатыса алады.
Кездесу барысында ауыл халқы мемлекеттік жоба аясында кәсіпкерлік курстарға қатысу жайы қызықтырған. Өтініштерді тыңдаған М.Искакова «Бастау Бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздерін оқыту енді жаңа форматта қолжетімді екендігін айтты. Жаңа кәсіп бастауды жоспарлаған кез-келген азамат Skills.enbek.kz платформасы арқылы бизнестің базалық білімін онлайн-режимде ала алады.
«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі