• «AMANAT»: ДЕБАТЕРЛАР АУДАННЫҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІН ҚОЗҒАДЫ
Отырарлықтар аудандағы проблемалардың түйінін тарқататын тың ұсыныстармен бөлісті. Шәуілдір ауылында өткен «AMANAT LIDER» дебат турнирінде спикерлер өзекті мәселелерді ашық талқылап, оларды шешу жолдары туралы өз пікірлерін ортаға салды.
«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының бастамасымен өңірдің әр аудан және қаласында өткізіліп жатқан «AMANAT LIDER» пікірсайыс бәсекесі Отырар ауданында жалғасын тапты.
Дебат алаңында 13 азамат құқықтық сауаттылық, ораторлық қабілет, пайымды көзқарас, белсенділік қасиеттері бойынша сайысты.
Әділ-қазылар алқасынының құрамына енген партия ардагері, «Ұлағат» БПҰ төрағасы М.Тұрлыбек, аудандық әжелер алқасының төрайымы К.Әлмешова, ақын Д.Полатбаев, «Отырар алқабы» газетінің бас редакторы Ғ.Сәрсеков, Ө.Жәнібеков атындағы лицей интернатының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Р.Әбдіразаққызы спикерлерге жан-жақты зерделеу жүргізіп, бағалады.
Турнирге тарих, физика, ағылшын пәндерінің мұғалімдері, кітапханашылар қатысуға ниет білдірген. Сайыстың алғашқы кезеңінде қатысушылар «Жаңа Қазақстанды құрудағы партияның рөлі» тақырыбында пікір таластырды. Турнирдің одан әрі қыза түсуі үшін қатысушылар бір-біріне сұрақтар қойып, сайысты ширатты. Қазылар алқасының шешімімен екінші кезеңге өткен 4 спикер «Ауданның өзекті мәселелері және шешу жолдары» тақырыбында ұтымды ойлар айтты.
Дебат турнирінің қорытындысы бойынша «Отырар» жалпы орта мектебінің мұғалімі Б.Кәдірбек 3-орынды иеленсе, С.Сейфулин атындағы жалпы орта мектебінің орыс тілі пәнінің мұғалімі М.Махатбаев 2-орын иегері атанды. Ал, қос кезеңде өткір пікірі және ұтымды ойымен қарсыластарына дес бермей жеңімпаз атанған М.Мәдіханов өз қуанышымен бөлісті.
— “Темір” жалпы орта мектебінде ағылшын тілі пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеймін. Бүгінгі бәсекеде үздік атанғаным үшін қуаныштымын. Сайыс оңайға соқпады. Дегенмен бар күш-жігерімді салдым. Қарсыластарым осал емес. Әрқайсының айтар ойы бар азаматтар. Сайыс барысында ауданның ең өзекті мәселелерін тілге тиек еттік деп ойлаймын. Жол, көгілдір отын және жастар арасындағы жұмыссыздық туралы қатысушылар тарапынан жақсы ұсыныстар айтылды. Мұндай турнирлердің жиі ұйымдастырылуы азаматтардың өз пікірін еркін білдіруіне септігін тигізеді. Осы орайда, дебат додасының бастамашысы болған «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалына алғысымыды білдіремін,-дейді.
Тартысты додаға қатысқан спикерлер, жүлдегерлер мен жеңімпаз облыстық партия филиалының Атқарушы хатшысы Бейсен Тәжібаевтың алғыс хатымен марапатталып, арнайы сыйлықтар табысталды.
«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі