• «AMANAT»: ИНТЕЛЛЕКТУАЛДЫ САЙЫСТАН АРДАГЕРЛЕР ДЕ ҚАЛЫС ҚАЛМАДЫ
«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының бастамасымен өңірдегі барлық аудан мен қалада өтіп жатқан «AMANAT AQYLMAN» интеллектуалды сайысы Келес ауданында жалғасын тапты. Аудан аумағындағы әр саладағы ұшқыр ойлы, білікті де білімді азаматтардан құралған 10 команда өзара күш сынасты.
Партияның аудандық филиалының Атқарушы хатшысы Ахмет Жұмабеков сайыстың басында қатысушы топтарға сәттілік тілеп, интелектуалды ойынды ашып берді. Аудан тарихы, мәдениет және өнер саласы, логикалық және партиялық жобалар төңірегіндегі төрт кезеңнен тұратын интеллектуалды ойында аудан әкімдігі аппараты, ауылдық округ әкімдері, аудандық аурухананың ақ халатты абзал жандары, «СӘТ» телеарнасы, №13 колледж ұжымы, аудандық мәслихат депутаттары мен бастауыш партия ұйымдары төрағалары, мәдениет, білім салалары және аудан жастарынан құралған командалар сайысқа түсті. Айта кетерлігі, білімділер бәсекесіне Ауған соғысы ардагерлерінен құралған команда да қатысты. Аталмыш топ сайыс барысында белсенділігімен көзге түсті.
Аса тартысты өткен бәсеке нәтижесінде ең көп ұпай жинаған Келес ауданы әкімі аппаратының «Қара шаңырақ» және «СӘТ» телеарнасының «СӘТ TV» командасының ұпайлары тең түсті.
Құрамында аудандық мәслихат депутаты бар Н.Мережепов және Келес аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ басшысы А.Ташкенбай төрешілік еткен әділ-қазылардың қосымша берген сұрақтары да қойылды. Нәтижесінде аудан әкімі аппаратының «Қара шаңырақ» командасы жеңімпаз атанып, облыс орталығы Түркістан қаласында өтетін ақтық сайысқа жолдама алды. Жеңімпаз команданың капитаны Е.Ашимов:
— Мұндай білім бәсекесінің берері мол. Осы сайыс арқылы өзіміз кезінде оқыған мәліметтерді қайта еске түсірдік. Қатысушылардың арасында осал ұжым жоқ. «СӘТ» телеарнасының командасымен соңғы сәтке дейін тең көрсеткіште болдық. Телеарна өкілдері өздерінің интеллектуалды деңгейі жоғары екендіктерін дәлелдеді. Дегенмен, жеңіс бізге бұйырды, — дейді ол.
Жүлделі екінші орынды «СӘТ TV» командасы, ал үшінші орынды мәслихат депутаттары мен БПҰ төрағаларынан құралған «AMANAT» командасы иеленді. Жеңімпаз топтарға дипломдар мен арнайы сыйлықтар, қатысушы командалар «Белсенді қатысқаны үшін» алғыс хаттарымен марапатталды.
«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі