«AMANAT LIDER» ЖОБАСЫНДА ЖАҢА ТҰЛҒАЛАР ЛЕГІ ҚАЛЫПТАСАДЫ
Түркістан облысында «AMANAT LIDER» атты пікірсайыс алаңы құрылды. Ораторлық мәдениет пен интеллектіні, құқықтық сауаттылық пен саяси белсенділікті қалыптастыру және дамыту мақсатындағы дебаттық турнир «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының Атқарушы хатшысы Бейсен Тәжібаевтың бастамасымен қолға алынды. Пікірсайыс аясында партиялық кадрлық резервті жасақтау, қоғамның өзекті мәселелерін шешу жолдарын қарастыруға ықпал ететін жаңа белсенді тұлғаларды айқындау көзделуде. Жоба өңір бойынша 17 аудан және қалада өткізіліп, ақтық сайыс облыстық деңгейде Түркістан қаласында өз мәресіне жетеді.
«AMANAT LIDER» пікірсайысының алғашқы іріктеу кезеңі Келес ауданында бастау алды. «Jastar ruhy» жастар қанатының Түркістан облыстық филиалы және партияның Келес аудандық филиалының ұйымдастыруымен өткен дебатқа аудандық мәслихат хатшысы А.Тотиков және депутат Ғ.Манахов, партияның аудандық филиалының Атқарушы хатшысы А.Жұмабеков, аудандық филиал жанындағы Партиялық бақылау кеңесінің төрағасы Р.Сұлтанов, «Келес келбеті» газетінің редакторы Г.Мұсабекова, №13 колледж директорының оқу ісі бойынша орынбасары Г.Садықова, аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің директоры А.Ташкенбай қатысып, қазылық етті.
2 кезеңнен тұратын тартысты бәсекеде 10 спикердің пікірі ортаға салынды. Түрлі сала өкілдері қызығушылық танытқан партиялық жобаға білім саласының мамандары, ауылдық округ әкімінің орынбасары, БПҰ төрағасы, жеке кәсіпкер, ауған соғысының ардагері, БАҚ өкілі, жас белсенді тіпті адвокат пен ақын-жазушы да өз бағын сынады.А.Жұмабековтың айтуынша партияның жаңа жобасын қолдап, аудандық деңгейдегі «AMANAT LIDER» пікірсайысына қатысуға, өз мүмкіндіктерін көрсетуге ниетті белсенді азаматтар қатары көп болған.
Бірінші кезеңде «Жаңа Қазақстанды» құрудағы «AMANAT» партиясының рөлі» тақырыбына қатысушылар өз позицияларын білдірсе, екінші кезеңде «Ауданның өзекті мәселелері және шешу жолдары» тақырыбы аясында спикердің ойы тыңдалды. Сұрақты тұжырымдауға 20 секунд, ал жауап беруге 3 минутқа дейін уақыт берілді. Қарсыластар бір-біріне сұрақтар қойып, миды ширатып, тақырыптардың мәнін ашты.
Турнир ережесіне сай дебат 5 балдық жүйемен бағаланып, төрешілер жеңімпаз деп таныған 4 спикер келесі кезеңге өтті. Пікірсайыс қорытындысында 3-орынды Рахматулла Ермеков иеленсе, Жаппарәлі Әбішевке 2-орын бұйырды. Ал Талғат Орынбаев жеңімпаз атанып, облыстық деңгейде өтетін додаға жолдама алды. Топ жарған 3 спикер дипломдар және арнайы сыйлықтармен марапатталды.
«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі