«AMANAT»: МӘСЕЛЕҢІЗ ШЕШІЛДІ!
Биыл «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының ықпалымен аудан, қалаларда тұрғын үймен қамту, әлеуметтік мұқтаждық, медициналық көмек алу, жұмыссыздық, халықты құжаттандыру, кәсіпкерлерді қолдау, жергілікті инфрақұрылым сынды өзге де мәселелер оң шешімін тапты.
Мәселен, Түлкібас ауданы, Ақбиік ауылының тұрғындары Жастар көшесіне жөндеу жұмыстарын жүргізуге көмек сұрап келген еді. Партия филиалы тарапынан ауылдық округ әкіміне мән-жай хабарланып, нәтижесінде 4488,3 мың теңге қаржы көлемінде ұзындығы 300 метрді құрайтын жолға асфальт төселді.
Сондай-ақ Келес ауданы, Ошақты ауылдық округі егіншілеріне ағын су қажеттілігі туындап, саяси ұйым филиалына жүгінді. Мәселе зерделеніп, “Тартулы” каналына 2022 жылы бюджет есебінен қаржы қарастырылатыны нақтыланған. Нәтижесінде, Қоңыртөбе және Сарыжылға елді мекендерінің аумағынан өтетін, ұзындығы 27 шақырымды құрайтын каналдың 10 шақырымына тазалау жұмыстары жүргізілді.
Ал, созақтықтар Жыныс ата шағын ауылында электр желісінің жиі істен шығатынын айтып шағымданды. Партияның Созақ аудандық филиалы «Оңтүстік жарық транзит» ЖШС аудандық электр жүйесі филиалының басшысына жеткізіп, өтініш толықтай қанағаттандырылды.Трансформаторлар ауыстырылып, біршама бағаналар жаңартылды. Әлеуметтік көмек бойынша өтініштер халық қалаулылары, жеке кәсіпкерлер мен партия белсенділерінің демеушілік жасауымен жүзеге асырылып келеді.
Партияның Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбетәлиевтің айтуынша, 2022 жылдың қаңтар-қараша айларында саяси ұйымның қоғамдық қабылдау бөлмесіне 14 мыңнан астам арыз-шағым келіп түскен. Тіркелген өтініштердің 54 пайызы оңтайлы шешілсе, қалған талап-тілектерге заң аясында кеңестер берілді.
Өңір тұрғындары мен билік өкілдерін жүздестіру мақсатында 2700-ден астам қоғамдық қабылдау өткізілген. Онда 8830 азаматтың өтініші назарға алынды. Ал 15 наурызда бастау алған мобильді қоғамдық қабылдау бойынша 70 шалғай елді мекенде кездесулер өтіп, 2200-ге жуық тұрғынның мәселесі қаралды.
«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі