«AMANAT» ПАРТИЯСЫ ЛУДОМАНИЯҒА ҚАРСЫ НАҚТЫ ЖОСПАР ҰСЫНДЫ

Лудоманияға қарсы іс-қимыл жүргізудің әдіс-тәсілі мен букмекерлік кеңселердің қызметін реттеу мәселелері бүгін Мәжілістегі «AMANAT» фракциясының кеңейтілген жиынында талқыланды.

Бүгінде құмар ойын нарығы жылжымайтын мүлік нарығынан екі есе асып түсіп, 350 мыңнан астам қазақстандық азамат осындай ойындарға тәуелді. Сөз басында Мәжіліс Спикері, «AMANAT» Төрағасы Ерлан Қошанов лудомания адам тағдырына балта шабатын қауіпті құбылысқа айналып бара жатқанын атап өтті. Осыған байланысты, партия ойын бизнесі, букмекерлік кеңселер мен лотерея қызметтері бойынша заң жобасын дайындауға бастамашы болды.

«Қазіргі таңда Қазақстанда ойынқұмарлық індеттей өршіп, ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіре бастады. Лудомания – ХХІ ғасырдың дерті. Миллиондаған адам құмар ойындардан зардап шегеді. Бүгінде бәс тігу мектеп қабырғасынан басталып жатыр. Барлық ойын онлайн, жұртшылыққа оңай қолжетімді. Сондықтан Мемлекет басшысы бұл тақырыпты Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында көтеріп, құмар ойындарды шектеуге қатысты міндет қойды. Енді депутаттар мұны заң жүзінде бекітуі керек», – деді ол.

Жиын барысында депутаттар мемлекеттік органдардың лудоманиямен және заңсыз ойын бизнесімен күрес жөніндегі жұмысын сынға алды. Мәселен, құмар ойынның кесірінен 10 ерлі-зайыптының 7-еуі ажырасып жатыр. Былтыр Қазақстанда 3 676 адам өз-өзіне қол жұмсаған, оның әрбір бесіншісінің себебі – лудомания екені де жасырын емес.

«Үкімет ойын бизнесін ұйымдастырушылар мен олардың лоббистеріне қатысты қандай да бір нақты шешім қабылдап жатқанын көрмей отырмыз. Букмекерлік кеңселер интернеттегі және БАҚ-тағы жарнамаға миллиардтаған теңге қаражат құяды. Әлеуметтік желі букмекерлік кеңселердің жарнамасына толы. Одан қалса, қоғам белсенділері мен пікір көшбасшылары бұл саланы дамытуға дайын. Сондықтан «AMANAT» партиясы бастамашылық еткен заң жобасын барынша тезірек қабылдауымыз керек», – деді депутат Еділ Жаңбыршин.

Бұдан соң, «AMANAT» фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев депутаттарға жаңа заң жобасының аса маңызды нормалары туралы ақпарат берді. 2 кодекске және 7 заңға 50-ден астам түзетулер дайындалды.
Атап айтқанда, алимент, салық және несие бойынша борышкерлер тізілімінде тұрған жеке тұлғалардың құмар ойын ойнауына тыйым салу ұсынылады. Заңды тұлғалар рұқсат етілген жасқа толмаған адамдарды құмар ойынға тартқаны үшін әкімшілік жауапкершілікке, сондай-ақ онлайн-казино ұйымдастырғаны үшін қылмыстық жазаға тартылады. Көшелерде, интернетте және бұқаралық ақпарат құралдарында букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың жарнамасы шектеледі.

Сонымен қатар, лотоматикалық машиналарды елге әкелуге және тұрғын үйлерде, дүкендерде, медициналық және білім беру мекемелерінде орнатуға тыйым салу ұсынылады. Құмар ойын ойнауға болатын жас шегі 25 жасқа дейін артады. Ойын бизнесін ұйымдастырушылар өз ақпараттық-қаржылық жүйелерін мемлекеттік кірістер органдарының аппараттық кешенімен біріктіруі керек. Осылайша, мемлекет барлық қаржылық операцияны бақылап отырады.

Фракция жиынын қорытындылай келе, Мәжіліс Спикері Ерлан Қошанов заң жобасын жұртшылықпен және мүдделі мемлекеттік құрылымдармен кеңінен талқылау қажет екенін ескере отырып, оны тезірек қабылдаудың маңызын атап өтті. «AMANAT» фракциясының депутаттары ұсынылған заң жобасын бірауыздан қолдады.

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.