«AMANAT» партиясының Шымкент қалалық филиалы жылдық жұмысын қорытындылады
«AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының кезектен тыс ХLV конференциясында өңірлік партия ұйымының биыл атқарған жұмысы қорытындыланып, қалалық фракцияның 2022 жылы атқарған жұмыстары және алда тұрған міндеттері қаралды.
Іс-шараға «AMANAT» партиясының хатшысы Кәрібек Дәулет Жамаубайұлы, сондай-ақ, партияның аудандық филиалдарының атқарушы хатшылары, барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары, бастауыш партия ұйымдары және «Жастар Рухы» жастар қанатының өкілдері қатысты.
Конференция барысында ашық дауыс беру арқылы партия филиалының төрағасы болып Бахадыр Нарымбетов сайланды. Ол бүгінде Шымкент қалалық мәслихатының хатшысы қызметін атқарып келеді.
Жылды қорытындылайтын болсақ, биыл 9 өңірлік қоғамдық кеңесте 124 мәселе қаралып, жергілікті атқарушы органдарға ұсыныстар беріліп, оң шешімдер қабылданды.
Партияластардың қатысуымен Мемлекет басшысының Жолдаулары мен саяси, әлеуметтік-экономикалық реформаларын тұрғындарға насихаттап, әлеуметтік жобалар бойынша 1 159 іс-шара өткізілді.
Сондай-ақ, конференция барысында «AMANAT» партиясының хатшысы Кәрібек Дәулет Жамаубайұлы сөз алды. Ол тұрғындардың әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатын жақсарту үшін аманаттықтарға партияның рөлін және БПҰ жұмысын күшейту бойынша 2023 жылға арналған міндеттерге тоқталды.
Айта кетейік, қазіргі таңда Шымкент қаласы бойынша көшбасшы партия филиалына қарасты 38 бастауыш партия ұйымы болса, ондағы партияластардың саны 30 мың адамға жетті.