• «AMANAT»: ТАРИХ ПӘНІНІҢ МҰҒАЛІМІ ФИНАЛДЫҚ БӘСЕКЕГЕ ЖОЛДАМА АЛДЫ
«AMANAT LIDER» дебат турнирі – азаматтардың ораторлық қабілетін шыңдауға, саяси ұстанымдарды қалыптастыруға, лидерлік қасиетті дамытуға және партияның кадрлық резервін жасақтауға бағытталған жоба. Бәсеке «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының бастамасымен жүзеге асырылып келеді. Кезекті пікірсайыс алаңы Түлкібас ауданында ұйымдастырылды.
Т.Рысқұлов ауылында өткен додада 11 азамат бақ сынады. Әділ-қазылар құрамында партияның аудандық филиалының Атқарушы хатшысы Қуатбек Еркебаев, филиал жанындағы Жастарды қолдау жөніндегі қоғамдық кеңестің мүшесі Гүлсім Әділханқызы, аудандық қоғамдық «Келісім» кеңесінің төрағасы Қалаубек Анашев, «Шамшырақ» қоғамдық-саяси газетінің редакторы Марат Қалтаев, ауданның қоғам белсендісі Сауытбек Сейсенбаев болып, қатысушыларды бағалады.
Турнирге қатысуға ниеттілердің қатарында тарих пен физика пәндерінің мұғалімдері, ауыл әкімдігінің мамандары, кітапханашылар бар. Сайыстың алғашқы кезеңінде қатысушылар «Жаңа Қазақстанды құрудағы партияның рөлі» тақырыбында өз ойларын ортаға салды. Тақырып аясында қатысушылардың пікірі тыңдалған соң, модератор әр спикерге жеке сауал қойды. Берілген 3 минут аясында қатысушылар сұрақтарға жауап берді. Бірінші кезеңнен үздік деп танылған 7 қатысушы келесі сынға өтті.
Ал, екінші кезеңде қатысушылар «Ауданның өзекті мәселелері және шешу жолдары» тақырыбында пікірлерін айтып әрі бір-біріне сұрақ қою арқылы сайыс көркін қыздыра түсті.
Дебат додасының қорытындысы бойынша Т.Рысқұлов атындағы жалпы орта мектептің тарих пәнінің мұғалімі Әйгерім Әлімбекова 3-орынды, М.Лермонтов атындағы мектептің кітапханашысы Мейірхан Топанбай 2-орынды иеленді. Ал, тартысты өткен дебатта Б.Момышұлы атындағы жалпы орта мектебінің тарих пәнінің мұғалім Өркен Балғабаев жеңімпаз атанып, Түркістан қаласында өтетін ақтық сайысқа жолдама алды. Жүлдегерлер мен жеңімпаздарға ұйымдастырушылар тарапынан алғыс хаттар мен арнайы сыйлықтар табысталды.
«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі