«AMANAT»: ТҮРКІСТАНДА ЖОЛ КАРТАСЫ ЖҮЙЕЛІ ТҮРДЕ ЖҮРГІЗІЛУДЕ
«AMANAT» партиясы Түркістан облысы бойынша сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі Жол картасы аясында биыл да нәтижелі істер атқарылуда. 5 жылға жоспарланған бағдарламаға сәйкес халыққа берген уәделер кезең-кезеңімен іске асып, тұрғындардың айтар алғысы артуда. Оған мысал 2021 жылы 1597 іс-шара бекітіліп, оның 95%-ы орындалған. 2022 жылы 1566 индикторды іске асыру көзделсе, 5 айдың өзінде 1148 іс-шара орындалу үстінде статусына еніп отыр. Ал 330 индикатор нақты орындалды.
Мәселен, Кентау қаласы, «Қаратау» мемлекеттік табиғи қорығы территориясына дейінгі кіреберіске 8 км шақырым тас жол төселіп, жергілікті бюджет есебінен 101,05 млн. теңге бөлінді. Түркістанда асфальт және тауарлы бетон өндіретін зауыт «Баянды Құрылыс» ЖШС-і наурыз айында іске қосылып, жаңа жұмыс орны ашылды. Жеке инвестор есебінен 593 млн.теңге жұмсалды.
Ордабасы ауданы, Төрткөл ауылында «Ауыл-ел бесігі» жобасы аясында дене шынықтыру және сауықтыру кешені ашылып, пайдалануға берілді. Оған облыстық бюджеттен 379, млн.теңге қаржы қаралды. Ауыспалы егістің көлемін 173,3 мың гектардан 206,3 мың гектарға дейін арттыру жоспары орындалды. 1 маусымдағы жағдай бойынша 186,5 мың гектарды құрады. Бұл индикатор қаржыны қажет етпейді.
Сайлауалды бағдарлама елімізді жаңғырту мен халықтың тұрмыс деңгейін арттыруға бағытталғандықтан, әзірлеу барысында тұрғындардың кең талқылауынан өткен. Осыған орай, облыстық партия филиалының Атқарушы хатшысы, Фракция жетекшісі Бейсен Тәжібаев Жол карта аясында ауылдардың көлік инфрақұрылымы, тұрғын үй-коммуналдық және білім саласындағы мәселелер едәуір жақсарғанын мәлімдеді.
Атап айтқанда, автожолдар сапасын кезең-кезеңімен жақсарту үшін облыстық маңызы бар жолдарға республикалық бюджеттен 19,3 млрд.теңге, облыстық бюджеттен 5,5 млрд.теңге бөлінген. Жыл соңына дейін 33 нысан немесе 556,0 шақырым жол пайдалануға берілмек. Ал аудандық маңызы бар жолдарға орташа жөндеу жұмыстарымен қамту үшін республикадан 4,3 млрд.теңге, облыстан 5,5 млрд.теңге қаржы қаралды. Солардың бір дәлелі Сарыағаш ауданы, Құркелес ауылдық округінде биыл 27 көшенің 26,8 шақырымына асфальт және шағал төсеу жұмыстары жүргізіледі.
Сондай-ақ Түлкібас ауданы, Балықты елді мекені бойынша 254 абонент ауыз су жүйесімен қамтылмақ. 2021 жылғы өндірістік жұмыс кестесі толығымен орындалып, биыл толығымен аяқталады. Жалпы құны — 185,2 млн.теңге қаралған.
Білім саласына қатысты тармақтардың орындалуы, оның ішінде жаңа немесе қосымша мектептер салу жұмыстары да қарқынды. 2022 жылы облыстағы 34 мектептің құрылыс жұмыстарын аяқтап пайдалануға беру жоспарланған. Оның 21-і мемлекеттік болса, 13-і жекеменшік мектептер.
Түркістан облыстық мәслихат депутаты Б.Тәжібаевтың депутаттық сауал жолдауының нәтижесінде Бәйдібек ауданы, Ағыбет ауылындағы апатты жағдайдағы Есіркеп батыр жалпы орта мектебіне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жалпы 86 млн.теңге қаржы бөлінді. Құрылыс жұмыстары «СервисЦентр-2007» ЖШС-не тапсырылған. 2023 жылы құрылысты аяқтау жоспарлануда.
Жол карта бөлімдеріне — облыстық, аудандық және қалалық Бюро мүшелері, ал индикаторларға – облыстық Саяси кеңестің мүшелері бақылау мақсатында жауапты болып бекітілген. Олар индикаторлардың орындалу барысын қадағалап, тиісті қаржылардың қарастырылуына атсалысады.
«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі