АМАНАТТЫҚТАР ЖОЛДАУДЫҢ САПАЛЫ ОРЫНДАЛУЫН БАСТЫ НАЗАРДА ҰСТАЙДЫ

«AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов партия активімен кеңес өткізді. Отырыста Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың “Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары” атты Қазақстан халқына Жолдауын жүзеге асыру барысы талқыланды. Партия Төрағасы Жолдаудың тарихи маңыздылығына тоқталып, оның сапалы орындалуын қамтамасыз ету үшін партияластарға бірқатар міндеттер қойды.

«Жолдауда экономикалық дамуымыздың таяу жылдардағы эволюциясы айқындалды. Өте ауқымды, нақты әрі кешенді іс-шаралар жоспарланып отыр. Сонымен қатар, Жолдауда жұртшылықты алаңдатып, толғантып отырған басқа да өзекті мәселелер толыққанды қамтылды. Сондықтан партиямыз үшін Жолдау стратегиялық маңызды құжат болып табылады. Ендігі кезекте, біздің алдымызда Мемлекет басшысының жаңа экономикалық саясатына қолдау көрсетіп, оның сапалы орындалуын қамтамасыз ету мақсаты тұр. «AMANAT» партиясы осы мақсатты жүзеге асырудың алғы шебінде болуы тиіс деп санаймын», — деді партия Төрағасы.

Сондай-ақ, Ерлан Жақанұлы Мемлекет басшысының халықтың қаржылық сауаттылығын арттыруға бағытталған «Қарызсыз қоғам» партиялық жобасын қолдағанын ерекше атап өтті. Енді «AMANAT» осы жобаны Үкіметпен бірге бүкіл ел аумағында кеңейтіп, сапалы іске асырумен айналысады. Ерлан Қошанов партияға қолданыстағы заңнамаларды жетілдіру, сондай-ақ жаңа экономикалық саясатты іске асыруға бағытталған жаңа реттеуші құралдарды құру жөніндегі ұсыныстарды дайындауға атсалысуды тапсырды.

Іс-шара барысында Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов, Мәжіліс депутаттары Екатерина Смышляева мен Мақсат Толықбаев, «AMANAT» партиясының Шығыс Қазақстан облысындағы филиалының төрағасы Сайрангүл Жұмаділова мен Алматы қалалық филиалының төрағасы Станислав Канкуров бірқатар ұсыныстар айтып, пікірлерімен бөлісті.

Халықтың әл-ауқатын одан әрі арттыру – «AMANAT» партиясы жұмысының негізгі басымдығы. Сондықтан Жолдауда белгіленген міндеттердің орындалуына бақылау жасап, сапалы әрі нәтижелі жұмыс көрсететінімізге сенімдімін.

Жанар БЕКТАЕВА
Мәслихат депутаты, «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының Атқарушы хатшысы

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.