Аналардың рухы асқақ болса, балалардың да рухы асқақ болады

Тәуелсіздікті құрметтеу, төбеге көтеру бізде әлі аяқасты. Мұстафа Кемал Ататүрік: «Түрік болғаныңа қуан, түрік болғаныңа мақтан!»-десе, біз ұлттық идеямызды іздегенімізге қанша жыл болды? Әлі таба алмай жатырмыз. Қай ұранның төңірегінде басымызды біріктіріп, қай идеяның төңірегінде ұлт болып ұйысуды әлі шеше алмай келеміз. Бірінші орынға қай мәселені қоюды білмей жатырмыз. Осының кесірі өсіп келе жатқан жас ұрпаққа тиіп жатыр деп ойлаймын. Неге біз өз тарихымызды түгендеп болған жоқпыз? Ақтаңдақ беттеріміз бастан асып жатыр.

*    *    *

Жалпы, тегімізді бүлдіріп алған халықпыз. Оны біз өз еркімізбен істеген жоқпыз, уақыт, заман солай болды. Қазіргі біздің байларымыз шын мәнісіндегі дәулеттілер емес. Бұрынғы байларымыз арғы тегінен келген, сұрыпталып, іріктеліп шыққан игі жақсылар еді. Ал қазіргі күнгі аспаннан түскен байлықты иеленгендер, кешегі жекешелендіруде сыбайластықпен, таныс-тамырмен, жемқорлықпен байып алғандар ар жағында, тегінде жоқ болғандықтан, халыққа жаны ашымайды, ұлттың қамын ойламайды. Міне, осыдан біраз келеңсіз жайттарға ұрынып отырмыз.

*    *    *

Ұрпақ алмасу үдерісін қазіргі тұста бастан кешіріп жатырмыз. Жаңа айтқандай, «аспаннан түскен олжаға» ие болар байлар, жалпы, қоғамынң негізін құрайтын, қоғамның бағытын айқындайтын дәулеттілер дейтін болсақ, билік пен байлық сондай барды бағаламайтын, ұлт үшін не істеу керек екенін білмейтін, тек қара басының қамын ойлайтындардың қолында тұрған кезде бізде жөні түзу қоғам қалыптаспайды. Ол үшін уақыт керек. Біраз уақыт өте келе Қазақстанның жаңа қазақтары келеді.

*    *    *

Бұрын кеңестік құрылымның аясында болдық та, жеке бастың қамын ойлау, жеке дәулетті күйттеу мәселесі бізде болған жоқ еді. Аяқ астынан келген еркіндік, экономикалық-нарықтық қатынастар бізді теңізге лақтырып жіберді де, басымызға қонған еркіндіктен есімізден танып қалдық. Әлі есімізді жия алмай жатырмыз.

*    *    *

Біздің электронды ақпарат құралдарының басында отырған адамдардың ұлттық намысы жоқ. Кеңес үкіметінің кезіндегідей емес, қазір ұлттық арналардың басында кездейсоқ адамдар, ұлттың қамынан гөрі, жеке басының қамын ойлайтын адамдар отыр. Олар «қайтсем, телеарнаны, радионы халықтың үніне айналдырам» деген адамдар емес, әйтеуір креслосында мықшиып, өзінің жағдайын жасайтын адамдар отырған кезде, телевидение мен радио соның зардабын шегеді.

*    *    *

Қазақстанның қамын емес, қара басының қамын ойлаған адамнан қауіптену керек. Ұлттың мүддесі, халықтық мүддесі қайда?! Басқаны айтпағанның өзінде, ұлттық өнер, айтысымызға келгенде қолұшын созатын оппозиционерлер жоқ. Бәріне де айттым. Газеттің бетінде де айттым. Олардың есіл-дерттері билікке жету, креслоға отыру. Шын оппозиция болса, олардың бағдарламаларында ұлттың қамын ойлаған позициялар неге жоқ? Қазіргі оппозициялардың ешқайсысының бағдарламасында Абылайдың идеясы жоқ. «Халықты отырықшы етсем екен, қала салдырсам екен, ұлт ретінде мықты мемлекет жасасам екен» деген идея жоқ. Бәрінікі қу басының тіршілігі ғана…

*    *    *

Қазақ тіліндегі дүниелерді тек түнде береді. Ол уақытта кім тұрып теледидар қарайды? Қазақ телерадиоарналардың кәсіби деңгейін көтеру үшін оның басшылығына сол саланың мамандарын әкелуіміз керек. Әйтпесе, қазір оны тек креслода отырып, ақша табуды ғана көздеген экономист, бухгалтерлер басқарып кетті. Керісінше, сол саланың мамандарының көбі жұмыссыз жүр. Өзіңіз айтыңызшы, қазір эстрада мен шоу-сымаққа құрылған жеңіл-желпі бағдарламалар көбейіп кеткен жоқ па? Елдің келешегін ойлауға шақыратын, кәсіби негіздегі, қызыға көретін дүние жоқ. Бізде техника жетерлік, бірақ оны пайдалана білетін мамандар кем. Радиоарналардың тарау кеңістігі тар. Осыдан-ақ тіліміздің тағдыры әлі қыл үстінде тұрғанын байқауға болады.

*    *    *

Мен кімдерді жек көрем. Жемқорларды, алаяқтарды, өзінің міндетін атқара алмайтын, халыққа жаны ашымайтын әкімдерді жек көрем. Оны сіз де жек көресіз. Ақындар да оларды жек көрмей ме? Елдің сөзін сөйлеп, шаруасын атқарып жүрген ұлттық деңгейдегі қайраткерлерді жақсы көрем. Ақындар оларды неге жақсы көрмейді? Ақындар менің айтқаныма көніп, айдағаныма жүретін құлақкесті құлым емес. Ай сайын көрінген айтысқа бара беретін ақыннан дәмді сөз шықпайды.

*    *    *

Ұрпақ тәрбиелеу деген аса күрделі мәселе. Рухын өр, асқақ қылу тек отбасына ғана байланысты емес. Ол қоршаған орта, сананы шырмап жатқан бұқаралық ақпарат құралдарымен де байланысты. Ұрпақ тәрбиелеудегі ең негізгі күш аналар ғой. Аналардың рухы асқақ болса, балалардың да рухы асқақ болады.

*    *    *

Басты мәселе –қазақыланбай жатқанымыз. «Отан отбасынан басталады» деген ескі мақал бар ғой. Сол мақалды айтамыз да, өзіміз жүзеге асырмаймыз. Үйіңізге қасыңызда отырған балаңыздың, немереңіздің орысша сөйлеп отырғанын елегіңіз келмейді. Орысша ойнап отырғанын көргіңіз келмейді. Сол бала қазақтығын да жоғалтуы мүмкін. Ең қауіпті нәрсе осы.

*    *    *

Екі нәрсе бар адамды тойымсыздыққа бас­тайтын. Біреуі – билік, екіншісі – ақша. Осылар кісіні құтқармайтын құрық болуы керек.

 

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.