ANTIKOR.LIVE: БІЛІМ САЛАСЫ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНЕ ҚАТЫСТЫ ҚЫЛМЫСТЫҚ ІС АЯСЫНДАҒЫ ҰСЫНУЛАР ҚАРАЛДЫ

«Antikor.Live» жобасы аясында Қазақстан Республикасы Қылмыстық процестік кодексінің 200-бабына сәйкес білім саласы қызметкерлеріне қатысты қылмыстық іс аясындағы ұсынулар қаралды.

Онлайн шараға Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы А.Жұмағали мен оның орынбасарлары Т.Серікбаев және Б.Ұзынжас, қала әкімінің орынбасары А.Мамытбеков, қалалық білім басқармасының басшысы Ж.Тажиева және барлық колледж, мектеп директорлары мен балабақша меңгерушілері қатысты.

«Өздеріңізге белгілі бүгінгі жиынның басты мақсаты – сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу, туындаған мәселелерді түбегейлі шешу» —  деді Асхат Жұмағали.

Шара барысында Департамент басшысы мемлекет тарапынан жемқорлықтың алдын алу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанына қарамастан білім саласында әлі де жемқорлық тыйылмай отырғандығын атап өтті.

Кездесуде қалалық білім басқармасы басшысының орынбасары қарамағындағы қызметкерінің ешқандай бұйрықсыз іс-сапарға жібергендігі, техникалық талаптарға сай келмейтін, нарықтық бағамен салыстырғанда анағұрлым жоғары тұрмыстық және компьютерлік техникаларды сатып алу жұмыстарына ведомстволық бақылауды әлсіз жүргізу кемшіліктері анықталғандығы айтылды.

Одан бөлек, «Али-Арай» бөбекжай бақшасы ЖШС 2019 жылдың сәуір айынан қыркүйек айы аралығында жұмыс атқармаса да белгіленген сомма мөлшерінде білім басқармасына көрсетілген қызмет актісін өткізіп, ақша алғандығы қатысушылар назарына жеткізілді.

Аталған бөбекжай балабақшасы білім алып жатқан 44 баланың 17-сі іс-жүзінде келмесе де, келгені жөнінде білім басқармасына табельдерін электронды жолдап, алаяқтық жолмен мемлекет қаражатын жымқырып отырған. Заңсыз әрекеттер салдарынан мемлекетке жалпы 3,5 млн.-нан астам залал келтірілген. Өз кезегінде білім басқармасы тарапынан қылмыстық құқықбұзушылықтың жасалуына жол беріп, бала-бақшаларға өз уақытында тексерулер жүргізілмеген.

Сонымен қатар, №51 орта мектебінің директоры мен оның орынбасарына қатысты қылмыстық істің мән-жайлары талқыланды.

Шара барысында қала әкімінің орынбасары А.Мамытбеков тәрбие беру мекемелерінде осындай сыбайлас жемқорлық фактілерінің орын алғандығына алаңдаушылық білдіріп, бүгінгі жиын қорытындысымен білім беру мекемелерінің жетекшілері қорытынды шығаратындығына сенім білдірді.

Өз кезегінде Жанат Тажиева ұсынулар бойынша атқарылған жұмыстардан хабардар етіп, білім саласындағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жұмыстары күшейтілетінін жеткізді.

Онлайн шарада әр білім ордасына жөндеу жұмыстары, басқа да қажеттіліктерге мемлекет тарапынан қаржы қаралатындығы жөнінде әр ата-аналармен, ұжыммен түсіндіру жұмыстарын жүргізуді ұсынды.

Сонымен қатар, кездесуде сыбайлас жемқорлық іс-әрекеттерінің мән-жайлары мен себептері, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты іске асырудың проблемалық мәселелері түсіндірілді.

Кездесу қорытындысы бойынша ведомствалық бақылауды әлсіз жүргізген тиісті мекеме қызметкерлерінің тәртіптік жауапкершілігін, сондай-ақ, алдағы уақытта осындай фактілерді болдырмау бойынша шараларды қабылдау туралы мәселені қарастыру ұсынылды.

 

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.