ANTIKOR.LIVE: СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚПЕН КҮРЕСТІҢ ЖАҢА ТӘСІЛДЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Қалалық мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің ұжымымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамаға енгізілген өзгерістер мен парасаттылық құндылықтарын дәріптеу мақсатында кездесу өтті.
Онлайн режимде өткен шараға Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің қалалық департаменті басшысының бірінші орынбасары Т.Серікбаев, ақпараттық-ағартушылық штабының жетекшісі С.Мәжінбеков, «Шымкент-адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің басшысы Ж.Қамбар қатысты.
Алғашқы сөз кезегін алған Департамент басшысының бірінші орынбасары Талғар Серікбаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамаға енгізілген жаңашылдықтарды баяндап, жемқорлыққа қарсы пәрменді тетіктерді қалыптастыру бойынша қабылданған шаралардан хабардар етті.
Сонымен қатар, ол пара беру мен парақорлыққа делдал болу, сондай-ақ, кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласу дерегі үшін жауапкершілікті күшейту мақсатында қабылданған нормаларға да назар аударды.
«Мемлекет басшысы Жолдауында пара берушілер мен делдалдардың жауапкершілігін күшейтуді тапсырған болатын.
Лауазымды адамдарды параға сатып алумен әдейі айналысатын, не заңсыз сыйақы беру кезінде делдал болған адамдар, елеулі қылмыстық жауаптылықта болуға тиіс. Бүгінгі таңда Мемлекет басшысының тапсырмасы орындалып,қылмыстық кодекске тиісті түзетулер енгізілді» — деді Т.Серікбаев.
Ақпараттық-ағартушылық штабының жетекшісі Сәкен Мәжінбеков парасаттылық құндылықтарына көбірек көңіл бөлу, адал еңбек ету – әрбір азаматтың міндеті екендігін жеткізді.
«Шымкент-адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің басшысы Жани Қамбар Жобалық кеңсемен қолға алынған жобалардан хабардар етіп, жемқорлықпен күресте бірлесе жұмыс жасауға шақырды. Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлық көріністеріне тап болған жағдайда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің 1424 Call-орталығына хабарласуға болатындығы жеткізілді.
Шара соңында жиынға қатысушылар қоғамның әділ азаматы болуға шақырылып, жемқорлықпен күресте бірлесе жұмыс жасауға шақырылды.