АНТИКОР: ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЖЕМҚОРЛЫҚ ЖИІ ҰШЫРАСАТЫН САЛАЛАРҒА ҚАРСЫ КҮРЕС КҮШЕЙЕДІ
Бұл туралы бүгін ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Түркістан облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Дәулет Нарымбетов «Сыбайлас жемқорлық тәуекелдері» Картасының Түркістан облысында іске асырылуы бойынша өткен брифингте мәлімдеді.
Ол өз кезегінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі әр аймақтың ерекшелігіне сәйкес «Сыбайлас жемқорлық тәуекелдер» Картасын әзірлегенін және облыстың тәуекелдер картасына жемқорлық фактілері жиі ұшырасатын салалар — білім беру, медицина, ауыл шаруашылығы және жер қатынастары, әлеуметтік қолдау, құрылыс және инфрақұрылым, тұрғын үй салалары енгізілгенін БАҚ өкілдерінің назарына жеткізді.
Сондай-ақ, аумақтық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі бүгінгі күні тәуекелдер картасының облыс аумағында нәтижелі іске асырылуына басымдық бергендігін мәлімдеп, аталған барлық салалар бойынша Департаментпен анықталған сыбайлас жемқорлық құқықбұзышылықтарына тоқталды.
«Атап айтсақ, білім беру саласында Департаментпен жүргізілген сыртқы талдау нәтижесінде, жалған дипломдарды пайдалану, сотталған педагогтарды жұмысқа орналастыру, сапасыз оқулықтарды сатып алу, жұмысқа негізсіз қабылдау, бақылаушы органдарды біржақты тексеру, біліктілік санаттарын заңсыз беру фактілері анықталып, жою бойынша облыстық Адами әлеуетті дамыту басқармасына 24 ұсыныс енгізілді. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы басқармасы қызметінде жүргізілген сыртқы талдау жұмыстарының нәтижесінде, субсидияны жымқыру үшін жылдан жылға бірдей схемалар қолданылып келгендігі, ауыл шаруашылығына қатысы жоқ тұлғаларға субсидия бөлу, шығынды кәсіпорындарды инвестициялау және тағы басқа кемшіліктер анықталды. Бұдан бөлек, екі сала бойынша жүргізіліп жатқан сыртқы талдау жұмыстары аяқталуға жақын», — деді Дәулет Әдбіғаниұлы.
Бұдан бөлек, брифинг барысында әлеуметтік қолдау саласы бойынша Арыс қалалық әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде ұйымдасқан сыбайлас жемқорлық қылмысы әшкереленгені баяндалып, бөлім басшысы мен оның орынбасарының, бас маманы мен есепшісінің, сондай-ақ, жергілікті тұрғын 2 көмекшінің 2019-2021 жылдары пандемия және төтенше жағдай кезінде тұрмысы төмен тұрғындарға көмек ретінде бөлінген қаржыны — өз туыстары мен таныстарына заңсыз аудару арқылы ел бюджетіне жалпы соммасы 123 млн.теңгеден астам залал келтіргені айтылды.
Баспасөз конференциясында Дәулет Әбдіғаниұлы бұл бағыттағы жұмыс қарқыны әріқарай да белсенді жалғасатынын алға тартып, қоғам індетінің алдын алуда өңір тұрғындарын бірлесе жұмыс жүргізуге шақырды.
Брифинг соңын қорытындылаған Департаменттің Превенция басқармасының басшысы Ержан Жүнісов Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі бүгінгі күні кәсіпкерлердің құқығын қорғауға айрықша басымдық бергенін жеткізіп, БАҚ өкілдері арқылы облыс аумағындағы бизнес-қоғамдастық өкілдерін негізсіз әуре-сарсаңдар мен жемқорлық көріністеріне ұшырасқан жағдайда Департаментке хабарлау қажеттігін жеткізді.