АНТИМОНОПОЛИЯ ТЕКСЕРУ ЖАСАДЫ
Шымкенттегі кей шағынаудандарда газ құбырлары ауыстырылып жатыр. Ауыстыру жұмыстары қалай жүріп жатыр? Жұмыс сапасы қалай? Жұмыс барысы белгіленген мерзімнен кешігіп жатыр ма? Уақыттан кешіксе, оның себебі қандай? Кешігуі кешірімді себепке жата ма? Табиғи монополияларды реттеу департаменті басшысының орынбасары Айсұлу Әлібекова осы сұрақтарға жауап іздеп «Шығыс» шағынауданына барды. Ол осындағы атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Әрі сондағы 108 «А» үйінің тұрғындарымен жүздесті. Осыдан кейін туындаған сұрақтарды «ҚазТрансГазАймақтың» Шымкенттегі өндірістік филиалының басшысы Айбек Ерғалиға қойды. Айбек Ерғали өз кезегінде газ құбырларын «Шымкент газ монтаж» серіктестігі ауыстырып жатқанын тілге тиек етті. Тапсырысшы ретінде атқарылып жатқан жұмыс сапасына көңілі толатынын айтты. «Тек ескірген газ құбырларын жаңасына ауыстыру жұмыстары мерзімінен кешігіп атқарылып жатыр. Оның себебі, көп қабатты үйлер орналасқан аумақта газ жүйесі құрылысын жүргізу жұмысы күрделі. Мұнда басқа да түрлі коммунакиялық жүйелер көптеп жүргізілген. Атап айтсақ, су, электр желілері. Сонымен бірге, көптеген жерлер жекеменшікке өтіп кеткен. Біреу «Мына жер дүкенімнің телімі, екінші адам: «Гаражымның қасынан өткізбе» дейді. Осыған орай тұрғындармен жиналыс болады. Ақылдасамыз, түсіндірме жұмыстары жүргізіледі. Кейбір мәселелерді шешу үшін сотқа жүгінуге тура келеді. Кей тұстардан газ құбырын жүргізу сот ісі аяқталған соң жалғасады. Сол себептен атқарылар жұмыстың 26 пайызы келесі жылға шегеріліп отыр. Ал атқарылған жұмыстар көңілден шығады» деді.
Келесі кезекте Айсұлу Әлібекова Айбек Ерғалиға «Ауыстырылған құбырлар арқылы тұрғын үйлерге газ беру қысымы төмендеп кетпей ме?» деген сұрақ қойды. А.Ерғали құрылыс барысында түрлі өлшемдегі құбырлардың есеппен, ережеге сай қойылып жатқанын тілге тиек етті. Айтуынша, тұрғын үйлерге берілетін газ қысымы төмендемейді. Осы және басқа да пікір алмасудан кейін А. Әлібекова ханым, газ құбырларын ауыстыру жұмыс қарқыны қанағаттанарлық жағдайда екеніне тоқталды. Әрі құбыр жүргізу барысында кей тұстағы орын алған кешігу жағдайы, жер, гараж иелерінен туындаған жайтқа орай кешірімді екенін жеткізді.
Сабыржан БАЙБОСЫНОВ.