АРҒЫНБЕКОВ КӨШЕСІ 1 АЙДАН СОҢ КӨЛІК ҚОЗҒАЛЫСЫНА АШЫЛАДЫ
Шымкенттегі “Бәйдібек би” даңғылы мен “Арғынбеков” көшесінің қиылысында жолайрық құрылысы қарқынды жүргізілуде. Үш деңгейлі жолайрық құрылысы 2022-2023 жылдар аралығында қаланың көлік қозғалысын реттеудің кешенді жоспарына сәйкес жүзеге асуда. Бұл, өз кезегінде аталған көшеде көлік кептелісін болдырмауға зор септігін тигізеді.
Жұмыс барысының кезеңдік кестелерге сәйкестігі мен сапасын тексеру мақсатында шаhар басшысы құрылыс нысанын көріп шықты. Керекті ескертулер жасап, ел игілігіне берілетін нысандағы жұмыстар сапасына деген жауапкершіліктің маңыздылығын атап өтті.
Жолайрықтың техникалық сипаттамасына сәйкес, “Бәйдібек би” даңғылында 700 м., “Арғынбеков” көшесінде 921 м. көше аралығы құрылыс аумағына енген. Жоба бойынша ені 80 метрлі төрт-алты жолақты автомагистраль салынып, жол жиегіне жаяу жүргіншілер және веложол төселмек.
Қазіргі уақытта “Арғынбеков” көшесі бойымен тіреу қабырғаларын орнату жұмыстары жүргізілуде. Ал “Бәйдібек би”даңғылында көпір өткелінің конструкциялары орнатылуда. Естеріңізге сала кетейік, жолайрықтың “Бәйдібек би” даңғылы бойындағы көлік қозғалысы 6 шілде күні жабылған еді. Кейіннен тамыз айының 31 күні көлік кептелісін азайту мақсатында “Бәйдібек би” даңғылының бойымен бір бағыттағы жол солтүстікке қарай уақытша қайта ашылған болатын.
Құрылыс жұмыстарын ыңғайластыра отырып, жоспар бойынша қазан айының 30-нан бастап “Арғынбеков” көшесі көлік қозғалысына ашылатын болады.
Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі