АРЫСТАҒЫ ЖАРЫЛЫСТАН ТУЫНДАҒАН ТҰРҒЫН ҮЙ ДАУЫ СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ҚЫЗМЕТТІҢ ӨКІЛДЕРІМЕН ӨТКЕН МӘЖІЛІСТЕ ТАЛҚЫҒА ТҮСТІ
Бүгін Арыс қаласына арнайы жұмыс сапарымен келген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары М.А.Қарғабай төтенше жағдайдан кейін тұрғын үйлерде жүргізілген қалпына келтіру жұмыстары мен проблемалық мәселелер бойынша мәжіліс өткізді.
Алқалы жиынға Арыс қаласының әкімі Мұрат Қадырбек пен қала әкімінің орынбасарлары, қалалық мәслихат хатшысы А.Байтанаев, аудан прокуроры Н.Қосбаев, қалалық әкімдікке қарасты бөлім басшылары мен ауылдық округ әкімдері, сондай-ақ «Түркістан – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің менеджерлері мен қоғам белсенділері қатысты.
Өз кезегінде Мұрат Болатұлы 2019 жылы Арыс қаласында орын алған жойқын жарылыстың салдарынан қаладағы жалпы саны 8637 үйдің 7866-і (91%) зардап шеккендігін баяндап, Үкімет басшысы А.Маминнің төрағалығымен өткен жиында қала аумағы 17 секторға бөліну арқылы 7866 үйге жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 477 үй жаңадан салынғандығын жеткізді.
Баспана мәселесі жіті талқыланған жиында әр сектор бойынша атқарылған жұмыстар ортаға салынып, тұрғын үйді қалпына келтіруге бөлінген қаражатқа тиісті деңгейде ауқымды жұмыстар атқарылғандығы сөз болды.
Бұдан бөлек, Б.Өтемұратов коры есебінен салынған 100 тұрғын үйдің негізінде «Баламекен» мөлтек ауданы құрылып, аталған тұрғын үйлер көпбалалы отбасылар мен жалғызбасты аналарға табысталғандығы жиын барысында атап өтілді.
Мәжілісте сөз алған Мирас Асқарбайұлы төтенше жағдайдан зардап шексе де, әлі күнге дейін түрлі себептермен жөндеу көрмеген 19 тұрғын үйдің мәселесін қаузап, зардап шеккен тұрғын үй иелерінің талап-тілегі мен арыз-шағымдарын толық қанағаттандыруға қала әкімдігі тарапынан айрықша басымдық берілу қажеттігін жеткізді.
Белгілі болғандай, тұрғын үйлерге жөндеу жұмыстарын жүргізу барысында қала бойынша 19 тұрғын үй иелері мамандардың сараптама корытындысымен келіспей, күрделі жөндеу жұмыстарының орнына жаңа тұрғын үй салып беруін талап еткен. Ол бойынша арнайы құрылған жұмысшы топ өкілдері аталған проблемалық тұрғын үй иелеріне түсіндірме жұмыстарын бірнеше рет жүргізгенімен, олар тарапынан оң келісім болмай, құрылыс жұмыстарын жүргізу ісі тоқтатылған.
Десе де, жиын барысында өткен жылы жүйелі түрде жүргізілген түсіндірме жұмыстарының нәтижесінде, 9 азамат тұрғын үйлеріне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге келісім бергендігі және 1 тұрғын иесі қаржылай өтемақы сұрағандығы атап өтілді.
Алқалы жиын соңын қорытындылаған қала әкімінің орынбасары Арыс қаласы әкімдігінің тарапынан аталған 19 азаматтың тұрғын үйлеріне сметалық құжаттамалар әзірленіп, қала бойынша проблемалық үйлер тізіміне енгізілгендігін және қажетті қаржыға ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетіне 2020 жылы сұраныс берілгенімен, тұрғын үй құрылысын жүргізу жұмыстарын қаржыландыру мәселесі еш қолдау таппай, тұралап қалғандығын жеткізді.
Дегенмен, әкімдік тарапынан бұл даулы мәселені ағымдағы жылы жүзеге асыру бойынша тиісті ұйымдастыру шаралары басталып кеткен.