АРЫСТЫҚ ӘЖЕЛЕР СПОРТ ТҮРЛЕРІНЕН САЙЫСТЫ

Арыстық ақжаулықты әжелер бұқаралық спортты дамытуда жастарға үлгі көрсетті. Апалар волейбол, арқан тарту, қол күресі, дойбы, шекем тас ойындары бойынша сайысты. Арыс қаласында «Ұлыстың Ұлы күні әз Наурыз» атты спорттық іс-шара өтті. Жеңімпаз әжелер медальдар мен кубок, және арнайы алғыс хаттар алды.
Ерекше шараға қалалық спорт және дене шынықтыру бөлімі, ардагерлер ұйымы мен үкіметтік емес ұйым өкілдері және БАҚ өкілдері қатысты. Волейболдан Арыс қаласының «Ақ әжелер» командасы ешкімге дес бермей, жеңіс тұғырынан көрінді. Күміс алқаны Ақдала ауылдық округінің «Айпара Ана» командасының апалары жеңіп алды. 3-орын Монтайтастық «Үкілім-ай» әжелер командасына бұйырды.
Арқан тарту сайысынан Монтайтастан келген әжелерге ешкім тең келген жоқ. Аталған сайыста Арыс қаласының әжелері 2-орынды, Ақдала әжелері 3-орынды иемденді.
Ал ұлттық ойын түрі — шекем тас ойыннан сайысқа түскендерден Арыс қаласының тұрғыны Мадина Шахапова алтыннан алқа тақты. 2-орынды Ақдала ауылдық оркугінен келген Ажар Әтишова, қола медальді Байырқұм ауылынан Ұлтуар Мәуленова ұтып алды.
Сонымен қатар, қол күресі  байқауынан 1-орын Айымкөз Қарабасоваға (Арыс қаласы) бұйырса, 2-орын Бибайша Таласоваға (Жиделі) табысталды. 3-орын Күлаш Қарынбаеваға (Ақдала) берілді.
Ал дойбы ойыннан Арыс қаласынан Арафа Мұсалиеваның мерейі үстем болса, ақдалалық Индира Киізбаева жүлделі екінші орынды қанжығасына байлады. Үшінші орын Монтайтас ауылының намысын қорғаған Рыскүл Аманбековаға бұйырды. Салтанатты жиынға қатысқан ақсақалдар мен әжелер іс-шараны жоғары деңгейде өткізген ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдіріп, ақ баталарын берді.

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.