Әскерилері дене дайындығы байқауында шеберліктерін көрсетуде
Қазақстан Қарулы Күштерінде әскери спорт кешені және жекпе-жек жаттығулары бойынша дене шынықтыру дайындығын үздік ұйымдастыруға арналған байқауда «Өңтүстік» өңірлік қолбасшылығының намысын Шымкент гарнизонының механикаландырылған бригадасының әскери қызметшілері қорғады.
Байқаудың мақсаты – еліміздің Қарулы Күштеріндегі әскери қызметшілердің дене даярлығының деңгейін арттыру, сондай-ақ оқу-материалдық базасы мен есептік құжаттамалардың жай-күйін анықтау болып табылады.
Байқауға ережеге сәйкес бөлімнің атынан ең үздік деп танылған жүз әскери қызметші, оның ішінде он әйел әскери қызметші қатысты. Жарыс барысында ерлер құрамы үш және бес шақырымға қарумен жүгіру, қол гранатасын дәлдікке және алыс қашықтыққа лақтыру, әскери қоян-қолтық ұрысының тәсілдерін көрсетті. Сонымен қатар100 метрге жылдамдықпен жүгіру, белтемірге тартыну, әскери жаттығулар кешенінде 400 метр қашықтықты құрайтын кедергілер жолағынан өтсе, әйелдер қауымы бір шақырымға жүгіру,кешенді еркін және кешенді күшейтілген жаттығуларын орындады.
— Бүгінгі байқауда бес шақырымға қарумен жүгіру жаттығуын орындау барысында 19 минут 58 секунд нәтижесімен конкурсқа қатысушылар арасында ең үздігі атандым. Бұл сайысқа ұзақ мерзім барысында тынбай дайындалдым. Мақсатым өз әскери бөлімімнің және қарулас достарымның абыройын асқақтатып, бірінші орын иелену, – деді кіші сержант Бағлан Уәлибеков.
Екі күнге созылған байқаудың жалпықорытындысы бойынша ерлер арасында 934 ұпай көрсеткішімен аға сержант Нұрлан Керімбеков үздік нәтиже көрсетсе, әйелдер арасында кіші сержант Динара Алдунғарова 515 ұпаймен ең үздік нәтижеге қол жеткізді.
— Қазақстан Қарулы күштерінің шеңберінде өтіп жатқан дене дайындығының байқау-конкурсында Шымкент гарнизонының механикаландырылған әскери бөлімі талаптарға сай барлық жаттығуды орындалып, оқу материалдық базасы толығымен қамтылған. Әскери қызметшілердің дене дайындығының деңгейі өте жоғары дәрежеде. Сайыс барысында қауіпсіздік шаралары қатаң сақталып, ешқандай ескертулерсіз өтті, – деді конкурстық комиссиясының мүшесі капитан Марат Ағамбаев.
Айта кетсек, аталған конкурс қыркүйек айының 10 мен 30 аралығында қатысушы әскери бөлімдердің аумағында арнайы комиссия мүшелерінің тексеруімен өтеді. Барлық сайысқа қатысқан әскери бөлімдердің орташа балл көрсеткіштерінің нәтижесінен кейін, дене дайындығының үздік әскери бөлімі айқындалады.