АТА-АНА – «КОРОЛЬ», ОҚУШЫ – «ХАНЗАДА», АЛ МЕКТЕПТІҢ ЖАЙЫН КІМ ОЙЛАЙДЫ?

Бүгінгі мектептің тыныс-тіршілігі биліктің де, ел-жұрттың да назарынан тыс қалып, басиесіздікке бара жатқаны ешқайсымызды да ойландырар емес. Редакцияға телефон соққан мектеп мұғалімінің сөзіне сенер-сенбесімізді білмедік. Оның айтуынша, өзінің сыныбында оқитын екі қыз «сотка» арқылы сөйлесіп отырғанда ілінісіп қалады. Бейәдеп сөздер айтып, ұрсып жатқан қыздарының сөздерін есітіп, мән-жайды біліп алған екі қыздың анасы да, енді «сотка» арқылы ұрысуға шығады. Үйден шаңқылдап шығып жатқан балағат сөздер екі үйдің де отағасын бейжай қалдырмайды. Әйелдерінің «сотка-ларын» қолына алған екі еркек, енді өздері боқтасуға шығады.

Қарын тоқ, өмір тыныш, қолы бос екі қазақ отбасының ойсыздықтан шығарған «ойыны» сағаттарға созылып барып, зорға тоқтайды. Өздерінің жасағанын дұрысқа шығармаса, “ішкен асы батпайтын” әйелдің бірі қызының сынып жетекшісіне хабарласып, қызының ұрсып қалған сыныптасына қатаң шара көруді қатқыл үнмен талап етеді. Егер шара көре алмайтын болса, қала әкімдігіне шағымданатынын айтып, қоқан-лоққы көрсетеді.

Бұл жайдан хабардар болған мектеп әкімшілігі келісе отырып, екі отбасының адамдарын бір мезгілде шақырып, күтіп алады.

Мектеп басшыларының түсіністік жағдайында жүргізген әңгімесінің нәтижесінде «жауласумен» басталған кездесу екі жақтың татуласуымен және отағасылардың мектеп дирекциясынан кешірім сұрауымен тынады. 12 жасар екі қыздың «балалық ақымақтығының» кесірінен бір мектептің қызметкерлері әуре-сарсаңға түсіп, қаншама уақыттарын босқа жіберіп алды.

Қазір «король» – ата-аналардың (әсіресе, әйелдердің) мектептерге билік жасау, қоқан-лоққы көрсету әрекеттерін жиілетіп жібергені сол мектептердің оқушыларына дейін белгілі болып отыр. Еріккен ата-аналардың кейбірі айтуға арзымайтын мәселені «әлдеқандай» етіп, әлеуметтік желіге сала қоятын болса, білім бөлімі қызметкерлерінің соны іліп алып, мектеп директорынан бастап, қызметкерлердің бәрін бидайдай қуырып жатқаны.

Бүгінгі мұғалімдер үшін «ата-ананың айта салғанынан», оқушының «үйіне айтып барғанынан» таяқ жемей, күн өткізу арман болып тұр десек, артық айтқандық бола қоймас.

Мемлекеттің мүддесін бірінші орынға қоятын Сингапур сияқты елде ата-ана мектепке баласын алғашқы рет оқуға алып барғанда және баласы сол мектепті бітірген салтанатқа қатысуға барғанда ғана кіреді екен. Бұл елдің мектептерінде «Ата-аналар жиналысы» деген өтпейді. Өздерінің өмірі үшін және мемлекеттің мүддесіне сай бала оқытып, тәрбиелеп отырғандықтан, барлық жауапкершілікті ата-ана өз мойнына алады. Соның өзінде бұл елде бейсенбі күні – «Жазалау күні» болып жарияланған. Бұл күні бірде-бір ата-ана мектепке шақырылмайды. Мектепте, сыныптарда «Жазалау күнін» қалай өткізу – мұғалімдердің жұмысы. Бір дыбыс та жоқ, артық сөз де айтылмай, қажетті деп танылған тәрбиелік істі мұғалімдердің өзі өткізіп жатады.

Оқушылары мектепке бәрі бірдей форма киіп кіріп жатқанда, оның қайсысы министрдің баласы, қайсысы жұмысшының баласы екенін ажыратудың өзі мүмкін де емес. Бұл мектептерде де балаларға тән шуыл естіліп, абыр-сабыр жүрістер де байқалып жатады. Жалпы оқушылардың мектеп ауласында ғана емес, қаланың кез-келген жерінде қоғамдық тәртіпті сақтауға айрықша мән беретіндіктерін айтпай кетуге болмас. Бұл елдің жасөспірімдері біздің елдің мектеп оқушыларының жасаған ауыр қылмыстары жөнінде естігенде ертегі тыңдағандай болатынына дауымыз жоқ. Кешегі өзіміз «ішін кептіретін» кеңестік дәуірде обкомның қызметкерлерінің өзі мектептегі «Ата-аналар жиналысынан» қалмай қатысатын. Мектеп мұғалімдерінің ескертпелеріне сергектікпен қарайтын. Ал қазіргі ата-аналар үшін бұл маңызды мәселе емес сияқты. 25 оқушысы бар сыныптың ата-аналар жиналысына 7-8 әйел, яғни балалардың аналары келсе, соның өзіне қуанатынымыз өтірік емес.

Мектеп оқушысының қатігездік жасап, өзінің қатарласын өлтіруге дейін барған факті бойынша бір ата-ананың жауапкершілікке тартылып, жазаланғанын есітіппіз бе? Қоғамға қанішер өсіріп бергені үшін, сол адам өлтіруші оқушының ата-анасының жазаға тартылуы қажет-ақ.

Оқушы баласының қалтасынан қару шыққанына ата-ана заң алдында жауап беретін болса, жасөспірім қолына «рогатка» да ұстамас еді.

Мектептің оқушы қыздары бетімен кетіп, он гүлінен бір гүлі ашылмаған қыздар екіқабат болып туып жатса, одан өткен масқаралық бола ма? Осының бәрі ата-ананың жауапкершілігі жоқтығынан туып жатқан жоқ па?

Қазір Шымкентте сабақтан соң үйге келмей қалған оқушы қызды іздеу фактісі көбейіп барады. Түнге қарай ата-ананың «Дабылымен» көтерілген мектеп директорлары, оның орынбасарлары мен сынып жетекшілері оқушы қыздарын іздеп, «безіп» жүргенін көруге болады. «Жоқ» іздеген ұстаздары таңға жақындағанда амалсыз тарап жатса, оқушы-ханшайымы таңертең керенау болып мектебіне келеді.

Полиция қызметкерлерін түні бойы көз ілдірмей, қаңғыртып қойғаны қыздардың қаперіне де кірмейді. Сұрағанда айтары: «Подругамның» үйінде болдым». «Жоғалған» қыздардың кейбірі шешелеріне «Подругамның» үйіне барам деген болса, көбісі қайда баратынын айтпай кетеді. Полиция қызметкерлері үйіне қонбаған қыздардың ертегісіне сене қойсын ба, тиянақты жұмыс істей отырып, олардың бәрі дерлік компьютерлік клубтарда, түнгі клубтарда, жеке пәтерлерде қонып шыққанын анықтап жатады.

Ондай сорақылықты анықтағаныңнан не пайда, ата-анаға шара көру түгілі, ескерту айтуға құқың жоқ. бір қыздың ата-анасы мектеп ұжымынан, полиция қызметкерлерінен кешірім сұраудың орнына, желкесін күжірейтіп, паңдана басады.

Сынып жетекшісінің қолында болуға тиісті том-том құжаттарды жинаудың әлегімен, қала берді сыныптағы оқушыларының бетіне қарап жалтақтаумен күн кешетін, өлшеусіз еңбектеріне 5 мың теңге ғана жалақы алатын мұғалімдердің бетіне қарап сөйлеуге ұяласың. Қазір олардың еңбек ақысын көтеруді 17 мыңға дейін жеткіземіз деп көлгірсиміз. Сынып жетекшілерінің қазіргі атқарып жүрген жұмысына 35-40 мың теңгеден төмен ақы төлеуді есіл еңбекті қанау ғой деп қалай айтпассың.

Ата-ана –  «король», оқушы – «ханзада», ал мектепті – «игральная площадка» етуді тоқтатып, әр адамның өз міндетін адал атқаруын қатаң талап ететін уақыт жетті.

Күн қысқарған заманның беталдылыққа кеткен тыныс-тіршілігі де ел-жұртымыздың рухани азғындыққа кетуіне жол ашып, мүмкіндік туғызып қойғанын көріп-біліп отырғанның өзінде де ес жияр емеспіз. Ұлт болашағының тағдыры ұрпақ қолында екенін білгенімізден не пайда, соның жолында шынайы жанашырлығымызды білдіретін адал қызметімізді көрсете алмаған соң.

Мемлекет өзіміздікі, сол елдің болашағы өскелең ұрпақ болса, сол ұрпаққа ұранды қысыр сөзін емес, шынайы жанашырлығын көрсететін қоғамдық ұйымдар қайда? Облыстың өзінде қоғамдық ұйымдардың жұмыстарын қолдауға 700-800 млн. теңгеге жуық бюджет қаржысын жұмсайды екенбіз.

Мектептердегі білім мен тәрбие беруді жетілдіруді күшейтуге осы қомақты қаржыдан тиын-тебен жұмсалып, айтуға тұрарлықтай бірлі-жарым жұмыс атқарылса, қанеки? Кешегі күндері лауазымды қызмет атқарып, қоңданып алған, бүгінде қарап отырғанша ермек болсын деп, қоғамдық ұйымдарды басқаруға қолдарын жеткізіп, әр жылы мемлекеттік тапсырыстың сан миллиондаған ақшасын үріп ішіп, шайқап төгіп отырған «көкелер» сенің мектебіңе, ондағы ұрпағыңа алаңдап, бас ауыртсын ба?

Олар жергілікті атқарушы биліктің «асыранды» «попугайы» болғандықтан, күштілердің көңілінен шығып жатса, сол ғой оларға керегі. Ал, бірлі-жарым қоғамдық ұйымдардың пақыр ойлы «бастық-сымақтары» білім мекемелерін жағалай қалса, оларға қамқорлық қолын созудың орнына, олардың тексеруінен кейін мекеменің басшылары мен мамандарына қатаң шара көрілетінін айтып, «бала текешіктің» кейпін көрсетіп қайтады. Қалың көп құрметпен қарап, қолынан келсе шынайы жанашырлығын жасап, үнемі назарында ұстайтын ұрпағымыздың ордасы – мектептердің қат-қабат тынысы қазірше осылайша күн кешуде.

Ә.МҰРАТБЕКОВ.

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.