Ата-анаға нұсқаулық
Экстремистер әлеуметтік желілерде күндіз-түні жастарды аңдып, олардың өмірлік көзқарастары мен дүниетанымдарын зерттей келе өз айла-тәсілдерімен саналарын сан түрлі жолмен арбауға тырысып бағады. Дегенмен, әлеуметтік желілердегі жат ағымдардың айласымен таныс болған соң, әрбір ата-ананың ойына келетіні – мұндай келеңсіздіктерге тосқауыл қоюға қамдану.
Баланы қадағалау немесе әлеуметтік желілерге шектеу қою қалай жүзеге асады?
1) Әрбір ата-ана алдымен ғаламтор желілерін өзі пайдаланып, әрдайым баласымен тығыз байланыста болуы керек;
2) Балаңыз 16 жасқа толғанға дейін әлеуметтік желіде парақша аштырмаған абзал;
3) Баласының әлеуметтік желідегі жеке аккаунтының құпия сөзі мен логинін алып, әрдайым кіріп, қадағалап тұрғаны дұрыс;
4) Баланың парақшасына әрдайым кіріп, жазбаларына қарап, рухани дүниетанымын үнемі қадағалап тұрғаны абзал;
5) Парақшасында эктремистік және террористік жазбалар болса, дереу психолог немесе дін маманымен хабарласу қажет;
6) Баланың тіркелген бірлестіктерін қадағалау керек. Әдетте, жат ағымдар бірлестіктерге жастарды тіркеу арқылы идеологияларын таратады;
7) Дін істері комитеті (kaz-islam.kz) және ҚМДБ – (muftyat.kz) қарамағындағы сенімді сайттар мен бірлестіктерге тіркеліп, ресми мекемелермен тығыз байланыс орнатқанның да артықшылықтары мол;
8) Дін мәселесінде сұрақтар туындаса, сенімсіз бірлестіктерден, яки, радикалды бағыттағы арбаушылардан сақтану керек;
9) Отандық ғалымдар, маманджар мен сарапшылармен байланыс орнатқан жөн.
10) Тек сенімді бірлестіктерге тіркелу қажет;
11) Кез келген күдік туғызған сұрақтарды «fatua» «kaz-islam.kz» ресми сайттарына жолдап немесе 114 қауырт желісіне қоңырау шалып, анық жауабына көз жеткізген дұрыс.
Осындай реттілікпен баланы теріс бағыттан сақтандыру шараларын әрбір ата-ананың жүзеге асыруына мүмкіндігі бар. Сонымен қатар, ғаламторда діни уағыз-насихаттарды таратушы ақпараттық деректерге назар аударған дұрыс. Өйткені, отандастарымызға әлеуметтік желілерді пайдалану барысында дұрыс ақпарат алу үшін сенімді порталдардан ақпарат алуға сілтеме негізінде ұсынылады.
Техниканың дамып кеткені сондай, уақытымыздың көбі жанымызға жақын жандардың жанында емес, ғаламтордың алдында мониторға телмірумен өтіп кететін күндеріміз болады. Ой-санасы, жеке пікірі қалыптасқан, ерік-жігері мен таңдау мүмкіндігі бар адам болсақ та, дәл осы ғаламтор алдында дәрменсіздік танытып жатырмыз. Ақиқатымен қоса жалған ақпараты қатар жүретін ғаламтор жақсылыққа да, жамандыққа да итермелеуі мүмкін. Ғаламтор бетінде әдемі өле білуді, ашығу арқылы арықтауды және басқа жаман әдетке үйрететін сайттар қатары қаншама?! Сананы улайтын дұрыс емес ақпараттар денсаулығымызға, жан дүниемізге, дамуымызға кері әсерін тигізеді. Өкінішке орай ақылмен ғылым-білім іздемей, ғаламтор арқылы ілім іздеп, соқыр сенімнің жетегінде кеткен тілазар топтың қазір де өз ортамызда төбе көрсетіп жүргені ешкімге жасырын емес. Діни ілімнің көп жылғы ізденіспен ғана игерілетінін мойындағысы келмей, жай қара таныған бауырларымыз «Аңқау елге – арамза молда» болып, тіпті елді аузына қаратқан ақылгөй болғысы келетіні ащы да болса шындық. Сондықтан да ғаламтор арқылы арам пиғылын жүзеге асырғысы келетін арбаушыларға алданбау үшін сауаттылық керек. Қазақстанның әрбір азаматы өзінің діни сауатын арттыруға мән беріп, рухани және ұлттық құндылықтарды дәріптеуге өз шамасының жеткенінше атсалысатын болса, елдің ішкі тұрақтылығы мен бүтіндігіне ешқандай жат пиғылды ағымдардың сызат түсіре алмасы анық. Дегенмен мұндай халықтың руханияты мен ұлттық құндылықтарына, елдің ішкі тұрақтылығы мен тұтастығына қауіп төндіретін мәселеде тек кәсіби мамандар ғана емес, елін сүйген әрбір азаматтың күш салып, атсалысқаны жөн.
Сондай-ақ, ғаламтор арқылы лаңкестік пен экстремизм идеологиялары және басқа да түрлі жат пиғылды ағымдарға қарсы жастар арасында иммунитет қалыптастыру – маңызды міндет.
Материалдарды дайындаған:
Ф.ТАЙТЕЛИЕВ,
облыстық «Дін мәселелерін зерттеу орталығының» бөлім басшысы.