Аты аңызға айналған футболшы Кака мансабын аяқтады
Бразилияның футбол құрамасы сапында 2002 жылғы әлем чемпионы атанған жартылай қорғаушы Кака өзінің мансабын аяқтағанын хабарлады, деп жазады Р-спортқа сілтеме жасаған reactor.inform.kz сайты.
«Бұл менің күткенімнен де асып кетті. Мен алдағы оқиғаларға дайынмын», – деп мәлімдеді 35 жасар футболшы.
Globo Esporte хабарлағандай, Как «футболдағы мансабын» жаттықтырушы, спорт директоры немесе басқа да лауазымда жалғастыратындығын айтқан.
Кака Италия мен Испанияның чемпионы, сондай-ақ Чемпиондар лигасының, әлемнің клубтар чемпионатының, УЕФА Суперкубогының, Испания Кубогы мен Италия Суперкубогының жеңімпазы болып табылады.
Ол Бразилия құрамасының сапында 95 матч өткізіп, 31 гол соққан. Футболшы әлем чемпионы және екі мәрте Конфедерация кубогының жеңімпазы атанған.
2007 жылы Кака жылдың ең үздік футболшысы ретінде «Алтын доп» сыйлығын иеленген.
Бразиялық футболшы соңғы жылдары америкалық «Орландо Сити» командасында ойнаған. Сонымен қатар ол бразиялық «Сан-Паулу», итальяндық «Милан» және испандық «Реал» (Мадрид) сапында өнер көрсеткен.