АУДАН БАСШЫСЫ «ҚАМҚОРЛЫҚ» БАҒДАРЛАМАСЫ АЯСЫНДА ТАҒЫ ЕКІ ОТБАСЫНЫҢ ЖАҒДАЙЫМЕН ТАНЫСТЫ
Тұрмыс жағдайы өте төмен отбасыларды түгел анықтап, оларға жүйелі көмек көрсету мақсатында «Қамқорлық» кешенді бағдарламасы облыс әкімдігі тарапынан бекітілген болатын. Қазіргі таңда аталған бағдарлама аясында Мақтаарал ауданында аса көмекке мұқтаж отбасылардың тізімі жасақталып, аудан әкімі Бақыт Асанов тізім бойынша елді мекендерді аралауда.
Аудан басшысының бастамасымен құрылған жұмысшы топ облыстық және аудандық бюджет есебінен, демеушілер және қайырымдылық қорлар арқылы кедей отбасының әрбір мүшесіне медициналық көмек, жұмысқа орналастыру, азық-түлік пен тұрмыстық заттар әперу, білім алу және өзге де мәселелер бойынша тұрақты көмек көрсетіп, олардың еңсе тіктеулеріне жағдай жасайтын болады.
Бүгін Бақыт Насырханұлы Еңбекші ауылдық округіне қарасты Жантақсай ауылында тұратын Бердішевтер отбасына барды. Аталған отбасының отағасы мен отанасы да жұмыссыз. 2 қызы мектепте оқиды және балабақша тәрбеиеленетін бір ұлы бар. Тұрақты баспанасы, бағатын малы жоқ.
Аудан басшысы Бердішевтердің отбасылық жағдайымен толық танысып, оларды кедейшіліктен құтқару үшін және баспанамен қамтамасыз ету үшін тиісті тапсырмаларды берді. Отағасына жұмыс ұсынып, отанасына кәсіпкерлік бойынша оқып, кәсіп ашуға болатынын айтты. Сондай-ақ, бір айға жететін азық-түлікпен қамтамасыз етті.
Мұнан соң өңір басшысы Иіржар ауылдық округі Наурыз ауылында тұратын Сапархановтар отбасына барды. Отағасы Нұр-Сұлтан қаласында жалдамалы жұмыста істейді екен, ал отанасы жұмыссыз. Көп балалы ана Бағила Әбдіразақова 4 баланы асырап отыр. Аталған отбасыға көп балалы аналарға берілетін жәрдемақыдан басқа табыс кіріп жатқан жоқ.
Сапархановтар отбасына тиесілі 40 сотоктан аса жер бар. Дегенмен, тұрып жатқан үй апатты жағдайда. Көп балалы ана аудан әкімінен үй салуға көмектесуді сұрады. Өз кезегінде аудан басшысы отағасына тұрақты жұмыс тауып беретінін айтып, отанасына отбасылық кәсіп көзін ашуға кеңес берді. Сондай-ақ, Иіржар ауылдық округінің депутаты Бауыржан Абилов үй салуға материалдық көмек беретінін айтып, өзінің байланыс деректерін қалдырды.
Айта кетейік, «Қамқорлық» бағдарламасы бойынша құрылған жұмыс тобы аталған отбасыларды аяққа тұрғызғанша жұмыс жасайтын болады.