«AUEZOV UNIVERSITY» — АКАДЕМИЯЛЫҚ АДАЛДЫҚ ЛИГАСЫНЫҢ МҮШЕСІ

Университетіміздің негізгі мақсаты — академиялық адалдық қағидаттарын алға қою арқылы білім сапасын арттыру. Бұл бағытта елімізде 2018 жылы құрылған «Академиялық адалдық Лигасы» жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының бірлестігі — білім беру саласында адалдық қағидаттарын іске асырудың үлгісін көрсетіп келеді. Лигаға мүше болу – қатаң талаптарды сақтау, ашық және айқын жұмыс үлгісін көрсету, жоғары сапаға ұмтылу.

Мақсатқа жету үшін университетіміз жүйелі  іс-шаралар жоспарын қабылдап, мемлекеттік  және халықаралық стандарттарды енгізу бойынша  жұмыс жасап,  еңбек өз нәтижесін беруде.

Осы орайда, 2022 жылдың 13 сәуірінде өткен «Академиялық  адалдық Лигасы» ЖОО  қауымдастығының Жалпы жиналысының шешімі негізінде М.Әуезов атындағы ОҚУ Лига мүшелігіне қабылданғанын қуана хабарлаймыз!

Бұл атқарылған сапалы жұмысқа берілген баға, ұжымға білдірілген сенім деп түсінеміз. Лиганың қауымдастырылған мүшелері — Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, Білім және ғылым министрлігі, Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясымен бірлесіп, ынтымақтаса жұмыс жасауға ұмтыламыз.

Соңғы жылдары Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі мен Сыбайлас жемқорлықққа қарсы іс-қимыл агенттігі білім беру саласындағы ашықтық пен айқындықты қамтамасыз ету бағытында бірлесіп жұмыс жасап келеді. Жұмыс жүйелі жолға қойылып, 2019 жылы Агенттік пен министрлік арасында 2020-2022 жылдарға арналған ЖЖОКБҰ-ның сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің іс-шаралар жоспары бекітілді.

Білім және ғылым министрлігінің сыбайлас жемқорлық көріністеріне төзбеушілікті қалыптастыру аясындағы ұсынымдары негізінде  ұжымдарда  Әдеп жөніндегі уәкіл, Әдеп жөніндегі кеңес институттары енгізіліп, моральдық-психологиялық климатты жақсарту мен тәртіпті қамтамасыз етудің пәрменді механизміне айналды.

Агенттік қолдауына ие болған «Адалдық алаңы» жобалық кеңселері мен «Sanaly urpaq» жобасы білім алушылардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы білімі мен мәдениетін арттыруға, баға сатып алуды қаламайтын орта қалыптастыруға көмек беруде.

Ашықтық пен айқындықты қамтамасыз етуге бағытталған механизмдер артып, заңнамалық тұрғыда жетілдіріліп келеді. Осындай өзгерістердің бірі 2020 жылғы 6 қазандағы Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл» туралы Заңның 16-бабына енгізілген толықтырулар. Толықтыруға сәйкес, «Квазимемлекеттік сектор субъектілерінде негізгі міндеті тиісті ұйымның және оның жұмыскерлерінің Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамасын сақтауын қамтамасыз ету болып табылатын, сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметтердің функцияларын атқаратын құрылымдық бөлімшелер айқындалады».

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды үйлестірудегі түрлі мәселелер ескеріліп, 2021 жылғы 8 маусымда заңнамаға тағы да толықтырулар енгізілді. Соңғы толықтырулар комплаенс-қызметтің мәртебесін бекітіп, тәуелсіз іс-әрекет етуіне заңды кепілдік берді.

М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті заңнамадағы өзгерістерді жедел басшылыққа алып, «Парасат» басқармасын 2021 жылдың 21 маусымында «Parasat» — сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметі ретінде қайта құрды.

Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі бекіткен «Квазимемлекеттік сектор субьъектілерінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-институтын ұйымдастыру туралы» әдістемелік ұсынымдар негізінде кешенді жоспар бектіліп, орындалуда.

«М.Әуезов атындағы ОҚУ» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Директор кеңесінің 2022 жылғы 27 қаңтардағы шешімімен комплаенс-қызмет Директорлар кеңесіне бағыныстылыққа беріліп, мәртебесі қайта бекітілді.

Өзгерістер сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметтің жауапкершілігі мен міндетін еселей түсті. Негізгі жұмыс бағыттары:

  • сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау:
  • мүдделер қақтығысын жою және алдын алу;
  • сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулердің сақталуын қамтамасыз ету;
  • сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама номаларын түсіндіру;
  • парасаттылық, адалдық құндылықтарын насихаттау;
  • ISO 37001:2016 «Парақорлықпен күрес менеджменті жүйесі» халықаралық стандартын енгізу.

Алға қайылған келесі меже — ISO 37001:2016 «Парақорлықпен күрес менеджменті жүйесі» халықаралық стандартын енгізу. 2021 жылы бастау алған стандартты енгізу бойынша жұмыстар жалғасын табуда. Стандарттың енгізілуі университет қызметінің ашықтық пен айқындыққа ұмтылысын дәлелдейтін механизм болмақ.

Жасалған жұмыстар, жеткен жетістіктер университет профессор-оқытушылары мен қызметкерлерінің, білім алушыларының ортақ мақсатты түсініп, қолдауының, талаптар мен шектеулердің сақтауының дәлелі.

Біз, мұнымен шектелмейміз, жоғары білім саласындағы кез келген өзгеріске дайын бренд — Академиялық адалдық Лигасының мүшесі ретінде кадрларды даярлау сапасы үшін ортақ жауаптылықты сезініп, елдегі білім беру сапасын ілгерілетуге бар күш-жігерімізді салатын боламыз!

«М.Әуезов атындағы ОҚУ» КЕ АҚ

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы

комплаенс-қызметінің  жетекшісі 

Г.С.Дулатова

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.