АУЫЛДАН ҚОЛ ҮЗУ ЕМЕС, ҰЛТТЫҚ ТАМЫРДАН ҚОЛ ҮЗУ ҚАУІПТІ
ЖҰМАБАЙ ШАШТАЙҰЛЫ
Бір кездерде балаға тәрбие берудің жолы еркіндік деп ойладық қой. “Жапондар былай тәрбиелейді, Америка былай тәрбиелейді” деген мақсат қойып алдық та, еркіне жібердік. Содан балалар жүгенсіз кетті.
Біз қазір баланың бойына адамгершілікті сіңіруді ысырып қойдық. Тек оның мықты маман болып, бақ-дәулетте өмір сүруін ғана қалаймыз.
«Абай жолындағы» оқиғаны қараңыз. Абай медреседен анасын сағынып, жанұшыра жүгіріп келе жатқанда Ұлжан: «Әуелі әкеңе бар, балам!»- дейді. Ұлттық тәрбиенің көкесі осы емес пе?! Шындығын айту керек, біз әке мен баланың, ана мен баланың арасындағы нәзік тұстарды жоғалтып алдық. Қазіргі қасіреттің барлығы соның кесірінен болып отыр. Әкесін сыйламаған бала өзгені қайтсін? Бұны бір ұлттық ұстаным демей-ақ қоялық, дегенмен бойымыздағы асыл қасиеттен айырылдық. Бұдан соң балаға қалай өкпелейсің?…
Қазіргі жастар дүниеге ашкөздікпен қарайды. Көшеде жігіттер жағы өз жөнімен кетіп бара жатқан қызға тесіле қарап отырады. Осы дұрыс па? Басқа да анайы дүниелер қазір қазақтың бойына жабысқан. Соның бірі – қайыр сұрау. Бұл жалқаулықтың кесірі, әрине. Қазақта қайыр емес, қарыз сұраудың да жөні бар. Бұл шариғатта да көрсетілген. Бүгіндері көріп жүрміз, кісіге жалтақтау сонау жоғарыдан бастау алады. Мынау билікте отырған, ел тұтқасын ұстаған азаматтарды жағалап, сағалайтындар көп. Бастықтың аузынан шыққан сөзді жерге түсірмей, “Ләппай, тақсыр!” деп отырады. Сондайды көргенде жиіркенесің.
Біз идеологияның шылбырын босатып алдық. Жат дүниеге жолатпай, кесапатты кіргізбей ұстап отыру керек-тін, бірақ жүгенді тартар кезінде тартпадық, жас ұрпаққа өз тәрбиемізді сіңіре алмадық. Қазақтың керемет ата дәстүрінен, ұлттық тәрбиесінен түк қалмады. Жастар керісінше батыстың, өзге мұсылман елдерінің тәрбиесіне әуес боп кетті.
* * *
Менi ойландыратын мәселе – ұлттың болашағына деген алаң. Неге десеңiз, қалаға келген қазақтың ұлттық тамыры үзiлiп жатыр. Тарихын да, әдебиетiн де бiлмейтiн ұрпақтың толқын-толқыны лек-легiмен келiп, қазақтың рухани тағдыры бүгiнгiдей тығырыққа тiреле бастады. Мiне, соның көркем бейнесiнiң түп-төркiнiн iздеу – басты мәселе. Байқасаңыз, қалаға елу-алпыс жыл бұрын келген ұрпақ ұлттық ерекшелiгiн мүлдем сақтамайтынды шығарды.
Ауылдан қол үзу емес, ұлттық тамырдан қол үзу қауiптi. Рас, қазiр қалада тұратын, ауылдан қол үзген қазақтардың көбi өзiнiң ұлттық ерекшелiгiн сақтап отырған жоқ. Түрi қазақ болғанымен де, олардың психологиясы, тiлi, пиғылы өзге, ниетi қазаққа бұрмайды. Кей-бiреулер, тiптi, қазақтың ұлттық мәселесi көтерiлсе, ашулана бастайды. Бұл тақырыпта сөз қозғағысы келмейдi.
Ұлт туралы әңгiменi жек көредi. Ал осындай ұлттық дәстүрiн сақтамайтын, тiлiн бiлмейтiндердiң арасында Құдай санасына берiп, қазақтың болашағына бiр адамдай жаны ашитын, өз ұлтын сүйетiн азаматтар да аз емес.
Жалпы, бейiмделу, ортаға бейiмделу – жақсы қасиет. Бiрақ, тамырсыздыққа салынбау керек. Бейiмделем деп, бүкiл өз болмысыңды тәрк етуден сақтану керек. Өзгенiң ыңғайына жығыла беру де жақсы қасиет емес.
* * *
Біз ұлттық құнды-лықтардан айырылып бара жатырмыз. Қадірлі-қасиетті дүниелерімізден қол үзіп қалдық. Мәселен, ата-ана, үлкен үй деген құрылым құрып барады. Осыдан айырылсақ, ұлт ретінде жойылуымыз мүмкін. Еуропа халықтары сияқты ұлттық құндылығымыздан айырылып қалмасақ игі еді. Бізде тағы бір жаман қасиет бар. Шалдарымыз қартайғысы келмейді, кемпірлеріміз жасарғысы келеді. Қарттыққа асығу дейтін көркем мінезден айырылдық-ау, осы. Мәңгі жас болып, өмірдің мәнін – қыз-қырқын, қызыл-жасыл дүние деп түсінетін сияқтымыз. Бұл – ниеттің бұзылуы!
Несін жасырайық, қазір өзіміздің қаракөз қыздар қазақ тарихында болмаған ұятты қадамдарға баратын болған. Мәселен, түнгі клубта 50 мың теңгеге жұрт алдында шешінді. Әлеуметтік желіде «хайп» деген сылтаумен 18 жастағы қыздар лыпасыз видео таратып жатыр. Тойларда анайы ойындар көбейіп кетті. Қызтеке жігіттерден жанымыз түршігеді. Осының бәрі қайдан келген қасірет?
* * *
Ауылда тұрып жатырмын. Қазақтың қаймағы бұзылмаған ауылдағы жастардың сенің кім екеніңде шаруасы жоқ. Ата көрген ұл болмаса, топ-топ болып тұратын жігіттердің қасынан өтсең, ернін жыбырлатып та амандаспайды. Мұның себебі – қазақтың жөргекте сіңетін тәрбиесінен айырылып қалғандығында. Қыздар да солай.
Адамның мінезін дүниеқоңыздық, мансапқұмарлық пен ақша билегенде осындай арсыздықтарға барады. Адам жаны ақшамен арбалып, мінезі ақшаның буымен құбылып кетті. Осы заман осылай кете берсе, жамандық пен жақсылықты, шындық пен әділетсіздікті айыра алмайтын хәлге жетеміз. Торқалы той, топырақты өлімде ғана қазақтың ұйымшылдық, береке-бірлігі көрінеді. Бірақ қазақтың бауырмалдық қасиетіне үлкен нұқсан келіп жатыр. Мұзды мұхиттың мұзы сияқты шетінен еріп, құлап жатыр. Ол ащы суға барып қосылады. Ащы су көп, тұщы су аз. Теңізде жүріп су таба алмай, шөлден өлетін теңізші сияқты хәлдеміз. Яғни қалың қазақтың ішінде жүріп, бауырмалдық, кісілік қасиеттерге зәруміз.
* * *
Қазақтың мінезі өзгерді деп жатырмыз. Бірақ қазақ ақша табудың, есесін жібермеудің жолын жақсы меңгерді. Жомарттық қасиетті құдай береді. Қазақтың осы қасиетіне нұқсан келген жоқ. Құдайы тамағы, ас-тойының дастарханы өзгерген жоқ. Бірақ тыраштану шегіне жетті. Мәселен, тойдың дастарханы мен өлімнің дастарханы бірдей болатын болды. Өлім болып жатқан үйдің дастарханы қайысып тұрады. Қарызданса да, ұятқа қалмауға тырысатын тыраштану бұл. Осының бәрі – мәдениеттің төмендігінен. Обал-сауапты білмеуден шығып отыр.
* * *
Герольд Бельгер сияқты жасқанбай сөйлейтін аға-ақсақал қаламгер қалмады. Ешкім жоқ. Бельгерді біз де түсінбедік. Қазақты сынаған кейбір сөзіне намыстанатынбыз. Кейін ойлап қарасақ, ол шындықты айтыпты. Немістің сараңдылығын да қатты сынады. Асқар Сүлейменов екеуі дос болды. Мінездері де, болмысы да бір-біріне ұқсайтын. Тіпті Герағаң қайтыс боларында «Мені Сүлейменовтің қасына жерлеңдер» деуінің өзі тегін емес. Біздің қазақ халқы осы екі адамның достығына құрметпен қарау керек сияқты. Меніңше, Бельгер пайғамбар текті адам сияқты. Артық айтсам, айып етпессіздер. Бірақ қазақты сынағаны – жақсы көріп отырып, кемшілігін айтқаны екен ғой.