БАҒЫТ – АЙҚЫН, БАҒДАР – ДҰРЫС

Оңтүстік өңірі – өндірісті өлке. Басқа салаларда да өсім жоғары. Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасы аясында бүгінде «Аймақтарды дамыту», «Моноқалаларды көтеру», «Ақбұлақ», «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту, «Қолжетімді баспана – 2020», «Еңбек», т.б. бағдарламаларға басымдық бере отырып, облыстың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін көтеруге жол ашылып отыр. Жаңа нысандар да көптеп салынуда.

Мәселен Созақ ауданындағы №1 техникалық колледждің 200 орынға шақталған құрылысы өткен жылы шілде айында басталып, жаңа нысан жақында ғана ашылды.

Колледж дәнекерлеуші, қырнаушы, механик, темір ұстасы және тігінші т.б мамандарды даярлап келеді. Мұнда 100 орындық асхана, кітапхана және компьютер сыныптары мен спорт залы және 150 гектар жер мен 20 техника бар. Ал Ордабасы ауданы орталығындағы  «Аққу» балабақшасы күрделі жөндеуден өтсе, Бірлік ауылында    ашылған 200 орындық білім нысаны да ел-жұрт игіліне берілді. Сонымен қатар,  ауданда  жаңа спорт алаңшасы ашылды.  Келешекте мұндай нысандар барлық ауылдарда салынбақ.

Жалпы өңірімізде 51 мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр десек, соның 3-уі биыл пайдалануға беріледі. Аталған нысандардағы құрылыс бітсе, өңірдегі мектеп мәселесі біршама шешімін таппақ. Әсіресе үш шақырымдай жолды жаяу жүріп мектепке баратындар саны азаяды.  Сондай қуанышқа ие болған елді мекендер қатарында Түркістан қаласының іргесіндегі Иқан ауылы да бар. Ауылда 300 орындық мектептің құрылысы жүріп жатыр. Биыл жазда басталған, қазір жергілікті елуден астам жұмысшы еңбек етіп жатқан үш корпустан тұратын ғимараттың шатыры жабылып жатыр. Ескі Иқан ауылында мектеп мәселесі бұрыннан бар. Мұндағы 4 білім ордасы 1600 балаға лайық, ал ауылда 4 мыңға жуық оқушы білім алуда.

Ал Қазығұрт ауданындағы Қарабау ауылы сапалы ауыз суға қол жеткізіп, мұндағы 4 елді-мекеннің 243 тұрғыны сапалы ауыз су тұтынып отыр. Бұл жұмысты аудандық мердігер «АҚ ЖОЛ — 2008 LTD» серіктестігі 10 айда аяқтап, бюджеттен бөлінген 127 млн. теңгеге ұзындығы  9 шақырымды алып жатқан су құбырларын тартып берді.

Жалпы өңір халқының 54,9 пайызы табиғи газбен қамтылса, жыл соңына дейін тағы 90206 тұрғын газдың игілігін көрмек. Түркістан қаласында 42 мың тұрғын газбен қамтылған. Келесі жылдың аяғында бұл көрсеткіш 100 пайызға жетеді. Ал облыста ауыз сумен қамту көрсеткіші қалаларда 96,3 пайыз, ауылдарда 75,1 пайызға жетті. 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама бойынша 2015 жылдан бері 2 мыңнан аса жұмыс орны ашылып, 45 жоба жүзеге асты.

Жаңадан ашылған кәсіпорындар да жетерлік. Мәселен үндістандық «СG Foods Central Asia» компаниясы кеспе зауытын іске қосты. Құны 5,7 млрд. теңге тұратын бұл жоба нәтижесінде 300 адам жұмысқа орналаспақ. Жылына 5 мың тонна өнім шығаратын зауыт әзірге кеспенің 10 түрін шығаруда. Барлық өндірістік технология еуропалық сапа стандарттарына сай келеді. Келешекте зауыт жанынан жаңа цех салынып, кеспеге арналған арнайы дәмдеуіштер де шығарылмақшы. Бұл өндіріс орны негізінен Түркістан облысында кеспенің «Wai-wai» брендін шығарады. Өнімді дайындауда 70 пайыз отандық,  30 пайыз шетелдік шикізаттар қолданылады. Ал, дайын өнім Орталық Азия елдеріне өткізілуде.

Сонымен қатар Бәйдібек ауданындағы Ағыбет ауылдық 60 шаруа қожалығы мен 22 өндірістік кооператив құтты мекеннің өсіп-өркендеуіне үлкен үлес қосып келеді.

Мысалы кәсіпкер Е.Мырзабеков 25 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Осындағы Алғабас елді мекенінде жаңа медициналық тірек ғимаратының құрылысы бітсе, ауылдық округте 2 жалпы орта мектеп, бір бастауыш білім ордасы мен 2 балабақша жұмыс істейді. Жаңаталап елді мекенінде  жаңа мектептің құрылысы аяқталып, 100 орынды мектепте барлық жағдай жасалған. Елді мекендердегі түрлі түйткілді мәселелер де мемлекеттік бағдарламалар аясында шешіліп келеді.

Төлеби ауданының инфрақұрылымы жыл санап көтерілу үстінде. Леңгірдегі көше бойына жаңа бағаналар орнатылып, жарықтандырылып жатыр. Қазір аудан орталығының 8 көшесінде  жаңа бағаналар орнатылып та қойды.

Жыл соңына дейін Тасарық және Диқанкөл елдімекендерінің көшелеріне  де бағаналар орнатылып, жарықшамдар қойылса, Мақтааралдағы 69 елдімекеннің 30-ы толықтай көгілдір отынмен қамтылды. Барлық ауыл орталықтандырылған электр жүйесіне қосылды. Аудандағы 24 елдімекен таза ауызсуды тұтынып отыр. Ал Дихан мен Қоңырат ауыз су жүйелерін жаңарту жұмыстары жыл соңына таман аяқталады. Қалған 6 елді мекенге 350 миллион теңге, Есентаев, Береке, Атакент кентінің ауыз су жүйелерін қайта құруға  жобалық сметалық құжаттамаға 7 млн. теңге бөлінді. Одан тыс 3 автокөлік жолдарына күрделі жөндеу жасалуда. 50 ішкі көшеге  орта жөндеу, 71 -іне тас төсеу жұмыстарын жүргізу үшін 1092,2 млн. теңге де қарастырылған.

Шардара ауданында да елді мекендерді газдандыру ісі қарқын алуда. 5 бірдей ауыл жыл соңына дейін көгілдір отынға қосылатын болды. Аудан орталығынан шалғайда жатқан «Достық» елдімекеніне 180 млн. теңгеге газ құбыры тартылып, ішкі монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмысты «Каз Монтаж Ком» ЖШС өз міндетіне алып, Ақ алтын, Достық, Қызылқұм, Егізқұм, Сүткент ауылдарына газдың ішкі жүйелерін кіргізіп жатыр.

Ал Ордабасы ауданында «Балапан» бағдарламасы аясында Мақташы ауылында 200 орынға лайықталған жаңа балабақша пайдалануға берілсе, Шұбарсу ауылы сапалы электр энергиясына қол жеткізді. Ол үшін облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, 32 трансформатор жаңадан қойылған. Мұнда былтыр 600 орындық мектеп салынып, ел игілігіне берілген болатын. 849 млн. теңге жұмсалған мектепте 1269 оқушы білім алуда. Аймақтарды дамытудағы жемісті жетістіктердің бір парасы осындай. Яғни бағыт – айқын, бағдар – дұрыс. Тұрғындардың тұрмыс сапасы да біртіндеп көтеріліп келеді. Мұны халық санының қарқынды өсуінен-ақ аңғаруға болады. Түйіндей айтқанда, мемлекеттік бағдарламалардың тиімді жүзеге асырылуы өңір экономикасы­ның көтерілуіне айрықша ықпал етуде. Яғни аймақты дамытудың айшықты бағдарламасы баяндылық табуда деуге әбден-ақ болады. Ендеше, ел ертеңі үшін жасалып жатқан еселі еңбек жалғаса беруі керек.

Б.КЕМЕЛ.

 

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.