БАЙМЕНОВТЫҢ БЫЛЫҒЫНАН ҚҰТЫЛАР КҮН БАР МА?

Жетісай аудандық «Ветеринариялық қызмет» МҚК мекемесінің директоры Ө.Байменовтың басшылық қызметіндегі былыққа төзгісіздік көрсеткен үш қызметкері редакцияға шағымданып келіпті. Олардың ұсынған құжаттарының бірқатарымен таныса отырып, мән-жайға қаныққандай болдық. Әсіресе, мұндағы мемлекетшілдік ұстанымнан жұрдай, іскерлік қабылеті төмен басшының кесірінен мемлекеттен бөлінген бюджет қаржысының негізсіз талан-тараж болатындығы мекеме қызметкерлерінің ұнжырғасын түсіргені анық байқалады.

Өткен жылдың басында Жетісай ауданының әкімі Ж.Бейсенбаевтың өзі қатысып өткізген мекеме жиынында бір жылға 72 миллион теңге қаралғанын айтып және 2018 жылдың екінші жарты жылдығында игерілмей қалған 22 млн. теңге қосып берілетінін көрсетіп өткен. Сонда бұл салаға қарастырылған 94 млн. теңге басиесіздіктен шашылып, берекесіз тірлік ұжымдағы ахуалды шиеленістіріп жібереді.

Ең сорақысы, мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын мекеме қызметкерлеріне жалақы төлеуге қаржы жетпейді деген сылтаумен 2019 жылдың қараша айына 13-14 мың теңгеден ғана жалақы төледі деп күйінеді еңбек адамдары.

Есіткенде көз алдыңызға шашылып жүр деген Ауғанстанның шалғайдағы провинциясының бірін елестеткендей боласыз. Ал, қарап тұрсақ қастарындағы көрші Мақтаарал ауданы қарамағындағы 10 ауылдық округінің халқына әп-әдемі қызмет көрсетіп отырған дәл осындай мекемеге мемлекеттен 48 млн. теңге ғана бөлінген екен. Ал 13 ауылдық округтің халқына қызмет көрсететін Жетісай ауданында 97 млн.теңге басына тартса аяғына жетпей, елге күлкі болып отыр. Басиесіздіктен бақылаусыз қалған, шынжыр балақ, шұбар төстің жекеменшік қорасындай болып тұрған мекемені бетінен жел еспейтін Ө.Байменовтың жеке қалауымен басқаруы осындай күйге түсірген.

Өзімбілермендікке кеткен Ө.Байменов МҚК-ге қарасты ауданның ауыл округіндегі ветеринарлық бекеттердің меңгерушісін «қолбала» етіп жіберген.

Мемлекеттен бөлінген қаржының 60 пайызы мекеме қызметкерлерінің жалақысына бөлінсе, 40 пайызы дәрі-дәрмек, вакцинация, спирт алуға жұмсалуға тиісті. Мал мамандарының қызмет атқарғаны үшін бөлінетін бензин таллондарын, шприцті, спиртті, арнайы киімдерді қызметкерлер алмаса да, алдық дегізіп қол қойдырып алады. Оларға түрлі шығындарды жаптық деп сылтау айтады. Сонда бұл жерде сыбайлас жемқорлықтың иісі шығып тұрған жоқ па? Осынау көз алдында болып жатқан бассыздықтан аудан әкімі Ж.Бейсенбаев бейхабар ма екен?

Көршілес Сарыағаш, Келес аудандарында осы саладағы мамандардың айлық жалақысы 130 мың теңгеден кем болмай тұрса, жетісайлықтардың жалақысы 60-70 мыңды құраса, ол да мұнда «долларға» ұқсап өзгертілгені сонша, жыл соңында 40 долларға төмендеген. Оның есесіне басшы Ө.Байменовтың тамыр-таныстықпен кірген «персоналдары» – отдел кадр, бухгалтер, оператор, хатшы сындылары 100 мыңнан жоғары, 130-ға дейін жалақымен қамтамасыз етілген.

Біреу қойды сүйреп, біреу сиырмен алысып, арқа еті – арша, борбай еті – борша болып сілікпесі шығып жатқанда, біреу «сотка» шұқылап, есінеп отырып-ақ дүние табатынына «күйгінгенде» ел аузындағы «Біреу қалың мал төлеп қатын алады, ал біреу жамбастап жатып қол салады» деген сөз еріксіз еске түседі.

«Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» деп таңырқайтын қазақ Ө.Байменовтың сорақылықтың сорпасын қалай сорғалататынын, қырым безгегіне қарсы күресуді қалай өткізгенін білгенде не дер екен?

2019 жылдың 1-жарты жылдығында экзотияға, қырым безгегіне қарсы күресті ұйымдастыруға бөлінген 7 миллион теңгеден мамандардың қызмет ақысына небәрі 25 мың теңгеден төлеп, қалған миллиондаған қаржыны Ө.Байменов кісі сенгісіз сылтаулар айтып, каналға ағызып жібергендей ете салады.

Ал, 2019 жылдың 2-жарты жылдығына бөлінген 7 миллион теңгені алған Ө.Байменов мал мамандарының тиісті жұмыстардың барлығын атқарғанын көре тұра, олардың еңбекақысына бір тиын да төлеткізбеді. Тек вакцинация құнына ғана ақша жаратқызады. Осы жұмысқа арнайы еңбекақы төленетінін біле  тұра Ө.Байменовтың көзжұмбайлық жасағанына қарап, МҚК басшысы Өсекеңнің «жүрегінде түк емес, 200-дік шеге бар» дегеннен басқаны айту мүмкін емес сияқты.

Бұл мекемедегі кикілжің аудандағы 3 айлық мал төліне (бұзауға) бөлінген 1 жылдық сырғаны 1 айда жоспарлап орындаудан шықты. Жоғарыға мәлімет керек, әкімдік қысып барады. Ал, енді орындамай көр. Ө.Байменов атақ үшін мемлекеттік маңызы бар жауапты жұмысты орындауға көзді жұмып, өмір тәжірибесі жоқ жастарды оператор етіп қабылдайды. Сөйтіп сумка толы сырғаны ауылды аралатып жібереді. Олар сырғадан құтылу үшін малы жоқ адамдарды да тізімге кіргізіп жібереді. Олардың көбісі орталық базаға енгізілмесе де, облысқа жалған мәлімет беріп айды аспанға шығарады.

Бұл сырғаның бір данасының мемлекеттік бағасы 300 теңгеден,     22 000 (жиырма екі мың) дана болып, барлығы 6 000 600 (алты миллион алты жүз) мың теңгені құрайды. Бұл мемлекет қаржысын жалған жолмен желге ұшыру болып шығады. Байменов Өсербайдың жалған мәліметі салдарынан мемлекеттің қыруар қыржысы талан-таражға кетеді. Сырға дауы тексерілгенде, жазықсыз жандар, яғни 40 жыл еңбек еткен білікті мамандар, ветеринария бекетінің тәжірибелі меңгерушілері босқа жазаланды. Жас операторлар бүлдірген іске бекет меңгерушісі босқа “күйіп”, осы мекемеде 40 жыл қызмет жасаған Жұмаханов Қайратты, Зоржанов Асқарды, Нұралиев Түймеханды абыроймен зейнетке шығарып салудың орнына, негізсіз қызметінен төмендетіп жібереді. Ө.Байменовтың түпкі мақсаты – бұл қызметкерлер ветеринарияда болып жатқан заңсыздықтарды ашық айтып, қарсы шыққаны үшін қудалауға сыныққа сылтау тапты.

Ветеринария бөліміне қызметкерлердің жалақысын, ветеринария қызметінің жағдайын көтеру мақсатында әр жылы 10 миллиондап ақша түседі. Ал, Ө.Байменов өзінің жеке мүддесі үшін оны басқа мақсатқа бұрмалап, қажеттігі жоқ болса да қосымша қызметкерлер қабылдаумен айналысады. Ветеринария жұмысын жақсарту үшін емес, жеке мүддесі үшін жасалынып отырған жағдай.

«Қазіргі уақытта мемлекет тарапынан ветеринария бөліміне миллиондаған қаржы келіп түсуде, бірақ біздің басшымыз Ө.Байменовтың жауапсыздығынан және қызметін өз мүддесі үшін пайдалануы салдарынан мемлекет қаржысының талан-тараж ету жағдайлары орын алуда» — деп алаңдайды туған ауылының шын жанашыр азаматтары.

2019 жылы аудандық әкімдіктің кіші мәжіліс залында болған жиналыста мекемеде орын алған мемлекет  қаржысының оңды-солды талан-таражға болу жағдайы аудан әкімі Ж.Бейсенбаевқа ашық айтылады. «Шара көріңіз» деп айтылғанымен, бірақ аудан басшылығы ешқандай шара қолданбайды. Жетісайда жемқорлық әрекеті белең алып, оған тосқауыл болатын ешкім жоқ сияқты.

Редакция ауыл үшін осы бір өзекті мәселеден Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқарма басшысы Н.Бадырақовты хабардар еттік. Оң шешімі шығады деген үміттеміз, күтейік.

Оның келесі күні Жетісай ауданына барғанында жұрттың “Жаңайғайына” қатысты бір ауыз сөз айтпағанын қалай түсінеміз? Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы осындай көзқараста болса, Ө.Байменовтер тағы не істемейді дейсіз? Бұл мәселе алақанмен жаба салуға келе қоймас.

Хатты дайындаған: О.Қалтасов.

 

 

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.