Бақытнұр Бүрдесбековтің 60 жылдығына арналған «Бояу поэзиясы» атты жеке көрме ашылды

Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде Бақытнұр Бүрдесбековтің 60 жылдығына арналған  «Бояу поэзиясы» атты жеке көрмесінің ашылу салтанаты өтті.

           Мақсаты – қазақстандық өнерді өз туындыларымен халықаралық алаңдарда танытып жүрген белгілі суретшінің шығармашылығын халыққа таныстыру.

Салтанатты іс-шараны  атақты ақын Мұқағали Мақатаевтың туған жері Алматы облысы, Қарасаз ауылында дүниеге келген  Бақытнұр Бүрдесбековке тарту ретінде  Нұр-Сұлтан қаласындағы М.Мақатаев атындағы №74 мектеп-гимназиясының оқушылары  ақынның әнімен ашып, өлеңдерін оқыды.

Айтулы көрмені құттықтау сөзбен ашқан Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы суретшінің аса жоғары дарын даралығымен жеткен өнердегі биігіне тоқталып, құттықтауын жеткізді.

-«Бүгін біз Ұлы дала өнерінің биік бір шоқтығына куәгер болып отырмыз. Неге десеңіздер, сақ дәуірінен басталатын «Алтын адам», қолөнер бағыты, көркемсурет  өнері болсын мақтанышпен айтамыз.  Ұлы өнер заман көшіне сай түрленіп, өз дәуірінің даңқты туындыларына айналады. Қазіргі кезде бүкіл дүние жүзіне танымал болған қазақ көркемсурет өнерінің негізін қалаушы Әбілхан Қастеевтердің жалғасы ретінде  Бақытнұр бауырымыздың өнерін айтуға болады. Бақытнұр — тек Қазақстанға ғана емес бүкіл дүниежүзіне белгілі өнер шебері. Парижде бірнеше рет көркемсурет көрмесін өткізіп Қазақстанның бейнелеу өнеріндегі орнын паш етті. Өзінің ерекше сезімінің, әрбір суретшіге тән ерекше стилінің арқасында Бақытнұр Байқанұлы дүниежүзін шарлаған көркем көрмені назарларыңызға ұсынып отыр. Көрме жұмысына сәттілік тілеймін. Көрме құтты болсын!»,-деді Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Жиынға қатысқан қоғам және мемлекет қайраткері, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Дархан Қамзабекұлы да суретші өнерінің қайталанбас туындылары мен бояумен жасырылған жұмбақ сырлардың ерекшелігіне тоқталды.

 

— «Картиналардан Бақытнұрдың тәлім алған жері Қарасаздың емін де, демін де, сазын да бәрін көз алдарыңызға елестетуге болады. Мұқағалидай ақынды берген жер Бакытнұрдай өнердегі өз ісінің шеберін тудырып отыр.  Адамның көп дүниетанымы табиғаттан басталады. Табиғатты бойына, қанына сіңіріп өскен адам классикалық өнерге  академиялық білім алып өзін-өзі толықтыра жүріп осындай  деңгейге жетті.  Көпшілікке танымал «Сәуір сазы» деген картинасы да бар. Ұлттық музейді керемет картинаға түсірген де – Бақытнұр. Астанадағы елге елеулі үлкен жобаларға қатысып жүр. Мұның барлығы да өзінің елге деген патриотттық  сезімі, елге деген сүйіспеншілігі және өнерге деген  адалдығы деп ойлаймын. Бақытнұр деген атау қазақ бейнелеу өнерінде өзінің орнын алған, өзіндік қолтаңбасы бар, мойындалған есім»,-деді Дархан Қамзабекұлы.

Жиын аясында Бақытнұр Байқанұлы Нұр-Сұлтан қаласы Суретшілер одағы атынан Көркемөнер академиясының медалімен марапатталды.

«Бояу маэстросы» атанған суретшінің көрмесіне Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты болып Нұртөре Байтілесұлы Жүсіп, ­­­­­­­Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Жанарбек Садықанұлы Әшімжанов, Қазақстан Республикасы Көркемөнер академиясының вице-президенті, Қазақстанның Еңбек сіңірген кайраткері Ерлан Сахипұлы Айтуаров, өзге де қоғам қайраткерлері мен суретшілер, зиялы қауым өкілдері және Қазақстандағы дипломатиялық қоғамдастық өкілдері мен Франциядан келген Корея елінің азаматтары Сонг Джехо және  Лим Джанок қатысты.

«Бояу поэзиясы» көрмесі көрермендерді сурет өнерінің поэтикалық әлеміне жетелейді. Автордың өз туындыларында түс палитраларын ерекше қолдануы шығармашылығын түрлендіре түскенін сезінуге болады. Көрмеге қойылған «Қобыз толқындары», «Ұлттық киімдегі ару», «Ұлттық құндылық — жеті қазына», «Ата-дәстүр салтымыз» сынды ұлттық ерекшелікті сипаттайтын туындылары мен табиғат көрінісін майлы бояумен көркемдеген «Қала көрінісі», «Таңғы қала», «Жаңбыр жауғанға дейін», «Наурыз келді» сияқты көптеген еңбектері көрме қонақтарының ерекше назарын аударды.

Бақытнұр Бүрдесбеков – Нью-Йоркте өткен  халықаралық «Арт-экспо 2011»  байқауында үш аталым бойынша алтын медальды иеленген. Көптеген республикалық және халықаралық көркемсурет көрмелеріне қатысты.  ҚР Дизайнерлер одағының және Еуразия Дизайнерлер одағының мүшесі, сан қырлы суретші пейзаж, портрет, натюрморт, тарихи және тұрмыстық сипаттағы тақырыптық картиналар сынды әртүрлі жанрда жұмыс істеген. Оның туындыларының арасында шығыс әйелдерінің әдептілігі мен нәзіктігін ашып көрсететін әйел портреттері ерекше орын алады. Осы арқылы әйелдер қауымының ішкі әлемінің сыршылдығын, руханилығын көрсетеді.

Айта кетейік, суретшінің жеке көрмесі 2022 жылы Берлинде өткен.

 

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.